Еңбек ер атандырады
«Еңбек ер атандырады» демекші, ауданда қажырлы еңбек етіп, мерейі үстем болған ерлер көп. Олардың жанашырлықпен елге жасаған тіршілігі халық аузында аңыз болып айтылып та жүр. Сондай еңбекпен мұратқа жеткен жандардың бірі – Алданберген Құлбаев. Ырыс пен дәулет, бақ пен берекеге адал еңбекпен жеткен ауданның Құрметті азаматы ауыл шаруашылығы саласында қажырлы жұмыс істеп, абырой биігінен көрініп келеді. Оның жер-анамен тамырлас тұлға екенін бүгінде аудан жұртшылығы ғана емес, облыс халқы жақсы біледі. Іскер басшы, білікті ұйымдастырушы ауданның ауыл шаруашылығы саласын дамытуда ерекше құрметке ие.
Әркімге де туған жері ыстық болса, А.Құлбаевтың ата қонысы саналатын Қармақшы аумағы оған қымбат. Ол 1949 жылдың 5 қазанында өмір есігін Қармақшы ауданындағы 102 бекетте ашқан. Мұнда жалғыз ғана Бодыбай үйі болыпты. Алданбергеннің әкесі теміржол бақылаушысы болып жұмыс істеп, күнделікті пойыз жолдың дұрыстығын қадағалаған. Ал анасы Күнім үй шаруасында еңбек етіпті.
Теміржол бойында өскен бала Қорқыт ауылында төрт жылдық білім алып, одан кейін Жосалы кентіндегі теміржолшылар балалары жататын интернатта жатып оқиды. Ол №105 Калинин атындағы орта мектептің 5 класында оқып жүргенде әкесі 57 жасында мәңгілік сапарға аттанған. Шиеттей бала-шағаны бауырына басып, аңырап қалған анасының көз жасы Алданбергенді ерте есейтеді. Үйдің асыраушысы болған ол буыны бекіп, бұғанасы қатпай жатып-ақ еңбекке ерте араласады.
Он жылдық мектепті тәмамдап, орта білім алған жас жігіт әке жолын қуып, теміржол бойына қара жұмысқа құлшына кіріседі. Таңның атысы, кештің батысы еңбекке жегіліп, тілерсегі майыса жүріп ауыр жұмысты атқарған. Ондағысы анасы мен бауырларына қамқор болу. Осы жұмысты бір жыл істегеннен кейін ол жоғары білім алуды мақсат етеді. Анасы Күнім:
– Балам-ау, Алматыда бір дөкей оқу орнын басқарып отырған Толыбаев Серәлі есімді ағаң бар, соған бар. Ол сені оқуға қабылдайды, – дейді. Алайда Сыр елінің асыраушы дәні – күріш өсіруді арман еткен Алданберген анасына:
– Апа, ол кісі мұғалімдер даярлайтын Қазақ Мемлекеттік институтында екен, менің онда барғым жоқ. Агроном, яғни егінші болғым келеді, – деп өзі қалаған мамандық бойынша Алматыдағы жоғары оқу орнына түседі.
Ол кезеңдерде жоғары білім алған мамандар тапшы болатын. Алматыдан агрономдықты оқып келген жас маман жолдамамен жұмысқа жіберіледі. Арнайы жолдамамен келген жас агрономның еңбек жолы Шаған ауылында басталады.
Ол кезде шаруашылық «Күріш фабрикасы» атанып, қазақ еліне ғана емес, одаққа танымал болған. Бір емес, екі рет Отан қоймасына 164000 центнерден Сыр салысын құйып, облыста тұңғыш рет «1 миллион пұт күріш жинаған шаруашылық» атанған. Мұнда келгенде жоғары білімді маман білікті ұйымдастырушы Зинадин Лекеровтың қарамағында жұмыс істейді. Жұмыс десе ішер асын жерге қоятын, тек қана еңбек үшін жаратылған тұлғалы азаматтан А.Құлбаев көп нәрсені үйренеді. Бес жыл қызметтес болып, өмір сабағын алып, мол тәжірибе жинақтайды. Ата кәсіп күрішті күтіп-баптаудың қыр-сырын меңгереді. Мамандығы агроном болған соң өнім сырын кәнігі диқандардай білетін дәрежеге жетеді. Сондықтан да егіншілер онымен қатты санасатын.
1974 жылдың ақпан айында совхоздағы бастауыш комсомол ұйымының жалпы жиналысы болып, ауыл жастары ерекше бастама көтерді. Ақ күріштің атасы – Ыбырай Жақаевтың ізбасары ретінде жолын жалғастырып, ауыл жастарынан механикаландырылған – күріш звеносын жасақтауға үндеу жариялайды. Сол жиында «Күріштен астық тауларын тұрғызу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайық. Жастық жалынымызды, күш-жігерімізді, біліміміз бен қабілетімізді аямайық» деген жас агроном тоғыз азаматтан жасақталған механикаландырылған күріш звеносының жетекшісі болып тағайындалды. Жастар бригадасының жетекшісі ретінде жұмысты ұйымдастырып, уақытпен санаспай еңбек етті. Бірі жаткаға, бірі комбайнға отырса, енді бірі иығына кетпен мен күрек асынып, егістік алқабы мен аяқ су арығын жағалап, тынымсыз тіршілік істеді. Осындай жанкешті еңбектің арқасында 1974 жылы жастар звеносы 210 гектар жерге егілген күріштің әр гектарынан 50 центнерден өнім жинап, көш басындағылардың қатарына қосылды. Олардың еңбектері еленіп, А.Құлбаев пен А.Тәуекеловке Ленинград қаласын тамашалауға жолдама берілген. Жастар бригадасына жетекшілік еткен жылдары кейіпкеріміз «Құрмет белгісі» орденімен марапатталып, Мәскеу қаласына да жолдамамен барып келген. «Тереңөзек» күріш совхозында ол бөлімше агрономы қызметін де абыроймен атқарған.
Кәнігі мамандардан күріш шығымын арттыруға машықтанған ғалым-агроном Шағаннан кейін қазіргі А.Тоқмағамбетов ауылына бас агроном болып барады. Ол кезде «ХҮІІІ партсъезд» атындағы совхоздың жағдайы мәз емес. Күріш күтімінің нашарлығынан шығымы төмен. Содан да аудан басшылығы тәжірибелі мамандарды сарапқа салып, А.Құлбаевқа тоқтам жасаған көрінеді. Осы шаруашылықта сегіз жыл бас агроном болған Алданбергеннің күріштік егісінің жолға қойылуына қосқан үлесі қомақты. Жылына 1750 гектар жерге Сыр салысы егіліп, орташа есеппен гектар басына 60-65 центнерден өнім алына бастаған. Шаруашылық жағдайы жақсарғанда елдің әл-ауқаты жақсарып, ауыл көркейе түскен. Бас агрономның астық түсімін ұлғайтқан орасан еңбегі еленіп, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Қос шаруашылықта жұмысты үйлестіре білген бас агроном 1885 жылдың маусым айында Партияның ХХІ съезі атындағы совхозға директор болып тағайындалған. Мұнда да шаруа шатқаяқтаған. Шаруашылық орталығы бұрынғы орталықтан 7 шақырым қашықтықтағы Қалжан ахун ауылына көшіріліпті. Автогараж, қызметкерлер отырып, жұмыс істейтін кеңсе жоқ. Ауылда клуб болмаған, мектеп ғимаратының шаңырағы шайқалып, құлау қаупінде тұр. Ауыл тұрғындары жұмыссыз. Жайлауға сәуір айында көшуі тиіс малшылар маусым айының соңы болса да көшпеген. Талан-таражға түскен ауыл шаруашылығы техникалары да тізбектеліп қойылған. Осындай қиуы кеткен тіршілікті бастандыру жаңа басшыға оңай болмағаны сөзсіз. Елді мекендегі ақсақалдар мен жастардың басын қосқан А.Құлбаев күрмеуі қиын мәселелерді бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара жүріп шешеді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына барып азын-аулақ техника алуға қол жеткізеді. Ауылды асыраушы басты сала – күріш егісінің жұмысын қалпына түсіруді бірінші кезекке қояды. Алғашқы жылы егілген күріштің гектар басына 44 центнерден өнім жиналады. Жұмыс бірден арнаға түсіп кетпейтіні анық. Бірақ біртіндеп қарқын ала бастайды. Келер жылы ауыспалы егіс өндіріске кеңінен енгізіледі. Содан болар күріш өнімі де молайып, шаруашылық жұмысы қалыпқа келеді. 1986 жылы күріштің әр гектарынан 52, 1987 жылы 54, 1988 жылы 56, ал 1989 жылы 58,2 центнерден Сыр салысы қамбаға құйылып, төрт жыл бойы егін жинауда аудан шаруашылықтарының көш басына шыққан.
Шаруашылық жұмысы жанданған соң ауыл әлеуеті де арта түсті. 1986 жылдан бастап іскер азамат құрылыс жұмысын қолға алады. Құрылысшылардың 10 бригадасы жасақталып, 102 адам жұмысқа тартылған. Шаруашылықта кірпіш зауытын ашып, жылына 3 млн қызыл кірпіш шығарыла бастады. Алданберген Құлбаевтың бастамасымен сол жылы 33 тұрғын үй пайдалануға беріліп, қоныс тойы тойланды. Бұдан бөлек, Қалжан ахун ауылы орталығындағы орта мектеп ғимараты, клуб үйі, балабақша, монша, еңбек тынығу лагері, тағы басқа нысандар салынып, жаңарды. Облыс аумағындағы елді мекендерде ең алғашқы болып салынған амбулаторияның ашылу салтанатына сол кездегі облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысы Ернияз Омаров қатысып, ақ батасын берген. 1988 жылы шаруашылық есебінен аудан орталығынан мұражай ғимараты салынып беріліпті. Ауылды абаттандыру үшін Ресейдің Краснояр аймағы Иркутск облысынан ағаш әкелініп, елді мекен көркейген. Осының бәрі ауыл халқының ынтымағының арқасында жүзеге асса, сол жұмыстың басы-қасында білікті ұйымдастырушы жүрді.
Ырысы кеткен ауылдың берекесін келтірген басшының еңбегі ескерусіз қалмай, 1989 жылдың қорытындысымен А.Құлбаев «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Облыстық ауыл шаруашылық басқармасы «Жигули» темір тұлпарын сыйға тартса, ауданның басшылығы Қалжан ахун ауылынан тұрғын үй кілтін табыстаған.
Қалжан ахун ауылындағы шаруашылықты бес жыл басқарған білікті басшыны аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ж.Ердешбаев ауыл шаруашылығы бөлімі басшылығына тағайындайды. Бірнеше шаруашылықтың жұмысын жандандырған білікті кадрға сенім артылады. Енді бір ғана емес, бүкіл аудан шаруашылықтарының тіршілігін түзеу жұмысы жүктеледі.
Салаға басшы болып келгенде егін егу жұмысы жолға қойылғанымен, малшылар үшін шешімін күтер шикілікті мәселелер жетерлік еді. Олар үшін мал өрісінің аумағы жыл санап тартылып бара жатқаны сезіле бастаған. Бұған мойынсұнып отыра беру Бодыбай баласының жаратылысына жат. Содан ол «Іңкәрдария» қой совхозына қарай тартып кеткен. Жол-жөнекей жер білетін адамдарды қасына ілестіреді. Қызылға қарай барып, суы бар жерде от жоқ, оты бар жерде су тапшы, бірақ қаншама жылдар бойы төрт-түлік мал тұяғы тимеген тың жер барын байқайды. Сөйтіп, игерілмей жатқан «Қарақасқа» деген жерге мал азығындық дақылдар егуге тоқтам жасайды. Ол үшін Жаңадария сағасын қаздырып, аяқ суды «Қарақасқа» жеріне жіберу қажет. Осыған байлам жасалып, 12 эксковатормен 53 шақырымдық канал қазылған. Сөйтіп, «Қарақасқа» жерінің 690 гектар аумағы суландырылып, жоңышқа, тағы басқа мал азығындық дақылдар егіледі.
Бұл ауылда тағы бір шешімін таппаған мәселе болған. Ол Іңкәрдарияның Қызылқұмға қараған бетін суландыру болатын. Осы беткейдегі 2000 гектар алқапқа аяқ су жеткізуге де білікті азамат бел шеше кіріседі. Жұмысқа қажетті техникалар мен күшті ауданның басқа да шаруашылықтарынан алдыртып, көп уақыт өтпей-ақ тоспа салып, канал қазылады. Соның нәтижесінде ондаған жылдар бойы игерілмей жатқан жер кәдеге жарап, малды ауылдың тұрғындары бұрын-соңды егіп көрмеген көкөніс-бақша дақылдарын егіп, егіншілік саласына да бетбұрыс жасайды. Соның игілігін іңкәрдариялықтар бүгінге дейін көріп отыр. Алданбергеннің осы бір игілікті ісіне риза болған ауыл тұрғындары алғыс ретінде әлгі тоспаға «Құлбай шлюзі» деп ат қойған.
– Алданберген Құлбаев аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына басшылық жасаған жылдары өзіндік ерекшелігімен оқшау тұратын басшының бірі болатын. Аудан диқандарының ыстық-суығын бірге бөлісіп, оларға ғалым-агроном ретінде күріш егудің қыр-сырын мейлінше үйрететін. Қоғамдық жұмыс жолында ішер асын жерге қоятын, әрі талапшыл, соған қарамастан қайтымы тез және ішке дық сақтамайтын қасиеті бар. Реті келген жерінде өзін де, өзгені де аямайтын қатал әкені елестетіп, жасап жатқан жұмысының нәтижесіне қарай жан дүниесі тез құбылатын. Аудан шаруашылықтарында егілген күрішті пісем дегенше кемі екі-үш мәрте аралап шығатыны бар-ды. Мұндайда күннің ыстығы, болмаса тәуліктің мерзімімен санаспайтын. Егістік аралағанда өз жоспары бар, біз соңына еріп отыратынбыз. Ал өзі көш бастаушы секілді үнемі алда жүреді. Қай-қайдағы сушының аяғы тимеген қамыстықты жапыра жүретін де, күріш көгінің нашар шыққан немесе алаңғат жерін дөп басатын, – дейді қызметтес болған замандастары.
Салада екі жыл қалтқысыз қызмет еткен А.Құлбаев 1992 жылы аудандық партия комитеті бюросының шешімімен «Шіркейлі» совхозына директор болып барған. Облысқа ғана емес, республикаға танылған шаруашылықта да ұйымдастырушылық қабілетін көрсетіп, үш жыл ішінде егін мен мал шаруашылығы саласындағы шаш етектен келер шаруаларды бір арнаға салған. Ауылды абаттандыру, тұрғындардың тұрмыс-тіршіліктерін түзеуде де қолынан келер істерді аяқсыз қалдырмаған. Бір сөзбен айтқанда, Шіркейлі ауылында да А.Құлбаевтың қолтаңбасы бар.
Өзінің еңбек жолында іскер азамат облыстық орман шаруашылығы басқармасын басқарған. Десе де егіншіліктен қол үзбеген жанға бір кабинет ішінде отыру – қиынның қиыны. Сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың «Алдеке, мына жұмысың сен сияқты жалындап тұрған жастың емес, зейнеткерлердің жұмысы ғой» дегені бар. Содан кейін білікті ұйымдастырушы Қалжан ахун ауылының шаруашылық басшылығына қайта барады.
Өзі басқарған жылдары шаруашылық жұмысы жанданып, ауыл гүлденген. Бірақ кейіннен елді мекеннің құты қаша бастапты. О.Мәлібаев ауылының шаруашылығы бөлініп, өз алдына кеткен. Ауылдағы шаруашылық техникалары талан-таражға түсіпті. Мұны қалыпқа келтіруге бұрынғыша қайта кірісу қажет. Қандай жұмыстан да қашпайтын А.Құлбаев айналасы бір жылдың ішінде қиуы кеткен шаруашылықты аяқтан тұрғызып, аймақтың көш басына шығаруы – оның күріш дақылы өнімін арттырудағы күрескер екенін дәлелдейді. Осы еңбегі үшін ол Қазақстан «Құрмет» орденімен наградталды.
Іскер басшы ауданға қарасты С.Сейфуллин ауылының жақсаруына да бір адамдай еңбек етті. 2002-2004 жылдар аралығында «Шапағат-Лимитед» ЖШС директорының орынбасары болып жүргенде С.Сейфуллин шаруашылығы басшылығын қоса атқарып, ауыл тіршілігін қайта түзеген. Алғаш барғанда жалғыз «Беларусь» тракторы ғана болса, басшылық жылдарында жаңа техникалар алынған. Егін егу жолға қойылған. Ал 2004-2008 жылдары «Шапағат-Лимитед» ЖШС директоры қызметін атқарғанда тек С.Сейфуллин шаруашылығы емес, аймақтағы ірі шаруашылықтардың жұмысына етене араласқан. Оның қатарында мал шаруашылығымен айналысатын Ақжарманы да іргелі шаруашылықтар қатарына қосқан.
Жалпы, қай шаруашылықтың жұмысы құрдымға кетіп бара жатса, соған А.Құлбаев жіберілетін болған сыңайлы. Тәжірибесі мол, талапшыл, өз ісіне нық. Сондай шаруашылықтардың кезегінде «Қызылдихан» тұрды. 2008 жылы аталған шаруашылыққа басшы болып келді. Егістікте сілтідей тыныштық орнаған. Күріш егілмеген. Техника атаулы жоқтың қасы. Облысқа белгілі азамат үшін бұл үйреншікті жағдай болған. Дегенмен қай кезде де жұмысты үйлестіріп, қиуын келістіру оңай емес. Әйтеуір, әупірімдеп жүріп бар техниканы жөндеп, жан-жақтағы шаруашылықтарға жібереді. Сол арқылы азын-аулақ қаржы жинап, келер жылы егін егіледі. 850 гектар жер игеріліп, әр гектардан 48 центнерден өнім алынады. Мұның өзі осы шаруашылық еңбеккерлерінің жанкешті тіршілігі, білікті басшының ерлігі десек артық болмас. Одан кейінгі жылдары 54, 66, 78 центнерден өнім жиналып, шаруашылық жағдайы түзеледі. Тіпті, жекелеген диқандар 96, 104, 111 центнерден қамбаға астық құйғаны аудан жұртына мәлім.
2014 жылы Алданберген Құлбаев облыс әкімі Қ.Көшербаевтың тапсырмасымен Қалжан ахун ауылындағы «БАҚ» шаруа қожалығын қоса басқарады. Шаруашылық жұмысы тоқтаған соң ауыл халқы тағы сенім білдіреді. Сөйтіп, сол жылдан қос шаруашылық жұмысын игеріп, жыл сайын аймақ қамбасына мол өнім құйып келеді. Бүгінде жұмысы жанданған «БАҚ» ШҚ өз алдына бөлек егін егуде. Десе де тәжірибелі агроном, білікті басшы өз ақыл-кеңесін беріп отырады.
Тағы бір айта кететін жайт, А.Құлбаев «Қызылдихан» ШҚ-на қырман салуға бастама көтерді. Бұл шаруашылықта 50 жылдан бері қырман болмаған. Соны ескеріп, «Жан-Арай» ЖШС-мен келісім жасасып, заманауи талаптарға сай қырман салынды. Бүгінде шаруашылық соған толық көшті. Мұнда сыйымдылығы 2000 тоннаны құрайтын қойма және техникаларға арналған гараж бар. Сондай-ақ элеватор мен автокөлікке арналған таразы орнатылған. 60 адамға арналған асхана мен техника жөндейтін шеберхана жұмысы мерейлі шақта шаруашылық қызметкерлеріне қызмет көрсетіп тұр.
«Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атанған Алданберген Құлбаев осы қызметтерде жүріп көпшілікке қамқорлық жасауды еш ұмытпайды. Қарияларға сый-құрметін жасайды. Мектеп оқушыларына да жақсылық жасап, қайырымдылық акцияларына үлес қосуда. Барлығын тізбектемей, жақында шаруашылық қырманға көшкенде бұрынғы гараждағы жаңадан салынған кеңсені шаруашылықтың жас еңбеккеріне тұрғын үй етіп бергенінің өзі оның қандай азамат екенін аңғартады.
Адамды көркейтетін – істеген ісі, халыққа атқарған қызмет деңгейі, елге болсын деген талпынысы, жанашырлығы, нәтижелі жұмысы. Міне осы үдеден шығып келе жатқан Алданберген Құлбаев 70 жасқа толса да аудан, облыс экономикасын дамытуға еңбек сіңіруде. Білікті басшы, іскер азамат қажырлы еңбек етудің арқасында бүгінде абырой биігінде келеді. Еңбек оны ер атандырды. Ол бақытын еңбектен тапқан жан. Сондықтан халық жағдайын ойлайтын осындай азаматтардың арқасында елде ырыс пен ынтымақ салтанат құра бермек.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ