ҒАЛАМНЫҢ ШЫРАҚШЫСЫ – АДАМЗАТ АҚЫЛШЫСЫ
Осы күні тоқсан жылдық мерейлі мерекесін дүбірлетіп тойлап жатқан аудан тарихында талай елеулі оқиғалар болғаны белгілі. Яғни, ауданның өсіп-өркендеуі күннен-күнге қарқын алып, серпінге толы белестерді бағындырып келеді. Жарқын болашақ бастауы саналатын әлеуметтік-экономикалық дамуында айтарлықтай қозғалыс бар аудан үшін торқалы тойдың орны ерекше. Осыған дейін түрлі салада табанды еңбек етіп, тоқырау жылдарды бастан өткерген азаматтар елдің өсіп, өркендеуіне еңбек сіңіргені де жасырын емес. Оның ішінде өткен ғасырдың бел ортасында қиындықты еңсеріп, әр он жылдықта халық баласын сауаттандарған педагог мамандардың үлес салмағы зор. Әр ауылдағы білім ордаларында ауыл қаракөздеріне хат танытқан мұғалімдер келешек ел тұтқасын ұстайтын жас ұрпақты тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етті.
Бұрнағы күні №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей базасында талай жыл білім саласында қажырлы еңбек еткен ардагерлер мен сала мамандары «Жері киелі, тарихы шежірелі Сырдария» атты мерекелік кеште бас қосты. Шараны аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Сүюбаева ашып, барша жиналғандарды мерекемен құттықтады. Бүгінде аудан бойынша білім саласының жеткен жетістіктерін тізбектеп, алдағы мақсат-міндетті айтты. Сонымен қатар аудан шәкірттерінің білім шыңына шығуында бұрынғы аға буынның сара жолын жалғастырған білікті ұстаздардың еңбектері зор екенін жеткізді. Бұдан кейін бар ғұмырын білім көкжиегін кеңейтуге, ағартушылық саланы ілгері жылжытуға, қаншама баланы сауаттандыруға күш жұмсаған ардагер ұстаздар сөз алып, өз заманындағы қиындықты, тың бастамаларды, ағарту ісінің сүбелі жаңалықтарын тілге тиек етті. Бұл ретте «Сырдария ауданының 90 жылдық мерейтойына орай, ауданның әлеуметтік - экономикалық дамуына елеулі үлес қосқаны үшін» мерекелік медалімен сала мамандары мен ардагерлер, мектеп директорлары, кәсіпорын басшылары марапатталды.
Мерекелік көңіл-күй үстінде отырған байырғы ұстаз жандардың жанарында қуаныш лебі есіп тұрды. Сонау жылдар шеңберінде күні-түні білгенін балаға үйретуден жалықпаған мұғалім бүгінде қадірлі қария, ел анасы атанған. Марапат төрінен көрінген ұстаздар қауымы ыстық лебіздерін айтты. Сондай-ақ, кеш барысында аудан өнерпаздары өнер көрсетіп, әннен шашу шашты.
Б.ОРДАБЕКОВ