АУДАННЫҢ БАС ҰСТАЗЫ ЗЕЙНЕТ ДЕМАЛЫСЫНА ШЫҚТЫ
Баян Сүюбаева мемлекеттік қызмет саласында, оның ішінде білім саласында өзіндік орны бар ауданның бас ұстазы. Ол соңғы үш жылда ауданның білім саласын облыстың алдыңғы қатарынан көрінуіне тікелей еңбек етті. Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері әр жылдары ауданның өзге де саласында қажырлы да, абыройлы жұмыс атқарды.
Ұстаздардың жаңа оқу жылы қарсаңында өткен тамыз кеңесінде Баян Орынбекқызының зейнет жасына келуіне орай құрметті зейнет демалысына шығарып салу рәсімі жасалды. Ардагер ұстаздар қатарына қосылғалы тұрған ұстазға аудан әкімі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісін тапсырды. Сондай-ақ, облыстың Құрмет грамотасы, облыстық білім басқармасы басшысының құттықтау хаты, аудан әкімінің алғысы салтанатты жағдайда табысталды.
Салтанатты рәсімде білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің төрайымы Райкүл Байназарова ардагер ұстазды құттықтады.
– Бүгін еңбекті бағалау күні болды. Ұзақ жылғы абыройлы еңбектің жемісі ретінде құрметті зейнет демалысына шыққалы тұрған Баян Орынбекқызын Оқушылар үйінің тәлімгері болып еңбек жолын бастаған кезінен білемін. Көптеген салада, соның ішінде білім саласында қажырлы еңбек еткен еңбегі үшін алғысымызды айтамыз, – деді Райкүл Мансұрқызы.
Өз кезегінде Баян Сүюбаева әріптестеріне, аудан басшылығына зор алғысын білдірді.
Бибісара ЖАНӘЛІ