Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Диқандармен жүздескен журналист

Диқандармен жүздескен журналист


ҚАЗІР ЕГІН ЖИНАУ НАУҚАНЫНЫҢ ҚЫЗҒАН ШАҒЫ. ЕҢБЕККЕРЛЕРДІ АУЫЛ ІШІНЕН ІЗДЕУДІҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ. ОЛАР ТАҢНЫҢ АТЫСЫ, КЕШТІҢ БАТЫСЫ ЕГІСТІК ПЕН ҚЫРМАН БАСЫНДА. ІЗДЕСЕҢ СОЛ ЖАҚТАН ТАБАСЫҢ. Н.ІЛИЯСОВ АУЫЛЫ ДИҚАНДАРЫН СОЛ ҚЫРМАНДА КЕЗДЕСТІРДІК.
ЖАҢАРҒАН ҚЫРМАН
Егінжайдың «жүрегі» – қырман. Біздің Н.Ілиясов ауылындағы «Мағжан және К» ЖШС-не сапарымыз орталық қырманнан басталды. Аумағы атшаптырым астық қабылдайтын орынның табаны толық асфальтталған. Оның жалпы көлемі 17 мың шаршы метрді құрайды. Сондай-ақ бұл аумақтың бұрынғы ескі бетон қоршаулары алынып тасталып, оның орнын әдемі дуалдар басқан. Бұл құрылыс келешекте толық аяқталады деп күтілуде. Биылға дейін қырманда бір ғана электронды таразы болса, күріш тасымалдайтын көліктер кезек күтіп қалмау үшін екінші электронды таразы орнатылған. Бұрынғы кезде егінжайда және қырманда жүздеген студент, жұмысшылар шаңға көміліп, қол жұмысын атқаратын. Қазір оның бірі де жоқ. Бәрі де механикаландырылған. Бүгінде астық қабылдау орнында екі ауысымда 40 адам еңбек етеді. Қоршаулары, табаны жаңарған аумақта көздің жауын алатын әдемі кірпіштен бірнеше жаңа ғимарат салынған. Олар ауысымда еңбек ететін жұмысшылар мен қырманның әкімшілік бөліміне арналып тұрғызылған. – Бұл қырманда кезінде шаруашылық басқарған ардақты ағаларымыз науқандық жұмыстарға жетекшілік еткен. Оның негізін Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясов қаласа, Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисеновтың штабы осында орналасатын еді. Сондай даңқты ағалардың ізімен келе жатқан біздер аға ұрпақтың ісіне адал болуды мұрат тұттық, – дейді шаруашылық директоры Дархан Ерәлиев.
КҮЛӘНДАНЫҢ АЛҚАБЫ
«Мағжан және К» ЖШС ауданда күріш өсіретін ең ірі шаруашылық. Мұнда 11 бригада орналасқан. 5200 гектар күріш алқабы бар. Науқан алдында егінжайға баратын барлық жолдар тегістеліпті. Шаруашылық басшысы, іскер азамат Дархан Жұмашұлымен әңгіме барысында Нағи ауы лынан (бұрынғы Карл Маркс) шыққан даңқты күрішші, Социалистік Еңбек Ері Күләнда Әбдіраманова туралы сөз қозғалды. Осы жолдардың авторы бұдан 47 жыл бұрын 8-сынып оқып жүргенде сыныптастарымен бірге атақты күрішшінің алқабында жатып қалған Сыр салысын орып, масақ терген болатын. Арада жарты ғасырдай уақыт өткен соң сол араны барып көруге қызығушылық оянды. – Аймақ басшысының егісті әртараптандырып, жаңа жерлерді жыл сайын айналымға қосу туралы тапсырмасына сәйкес, өткен жылы шаруашылық бойынша 230 гектар жерді ашып, дайындаған болатынбыз. Ол жер Күләнда апамыз кезінде күріш еккен алқап аумағында, – деген шаруашылық басшысы жол таңдамайтын жеңіл көлігін от алдырып, бізді ескі Карл Маркске қарай алып жүрді. – Даңғайыр диқан Күләнда Әбдіраманованың күріштігі сол социалистік қоғам көсемінің атындағы ауылдың ескі жұртына жақын болатын. Егін жинауға көмекке келген оқушылар (біздер) егінжайға 20-30 минут жаяу жүріп баратын едік. Иығынан орағы түспейтін апамыз ұстазымызбен бірге бізге бас-көз болып, күріш ору, масақ жинау тұрғысында ақыл-кеңесін беретін. Мауқан Достанов деген ағамыз осы бригаданың егіс бригадирі еді. Мен де осы ескі жұртта дүниеге келіп, 10 жасқа дейін жергілікті мектепте оқыдым. 1972 жылы ауыл қазіргі орталыққа көшті. Күләнда апамыз еңбекқор жан еді. Ал сіз еске алып жатқан Мауқан ата соғыс ардагері болатын. Қазір оның немересі менің орынбасарым, – дейді Дәкең. Күләнда апа күріштігі ізінен жаңа жер аршылғанын жоғарыда айттық. Бұл жер көп жыл егін егілмегендіктен, ит тұмсығы батпайтын тоғайға айналған екен. Биыл жаңа жердің №1 алқабына («Күләнда алқабы» аталады) егін орналастырылған. Ол бітік шыққандықтан Сыр салысының басы дәнін көтере алмай майысып тұр. №2 алқап инженерлік жүйеге келтіріліп, арамшөптер дәріленген. Келесі жылдың егісіне дайын. Шаруашылық басшысы келесі жылы егін орағын осы алқаптан бастайтынын айтты. Оған дейін «Күләнданың алқабы» деген тақтайша қойылмақ. Тағы бір айта кететін жәйт, осы алқаптарды суландыру үшін биыл ұзындығы 2,5 шақырымды құрайтын 2 канал қазылған. Алдағы жылы шаруашылықтың негізін қалаған Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясовтың 100 жылдық мерейтойы. Осы атаулы күнге дайындық шаралары қазірден басталып кетті. Социалистік Еңбек Ері Күләнда Әбдіраманованың алқабындағы тың жер биылдан бастап түлеп жатыр. Еңбек ерлерін ұлықтау жас ұрпаққа өнегелі үрдіс болатыны анық.
«АЙ-КЕРІМ» МЕН «СЫР СҰЛУЫ»
Егіншілікті ғылыммен ұштастырғанда жақсы нәтижеге қол жеткізіледі. Оның жарқын мысалдары «Мағжан және К» ЖШС-де бұрыннан бар. Мағжандықтар Ресейдің күрішті өлкесі – Краснодармен және Қызылорда күріш ғылыми-зерттеу институтымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап келеді. Соның нәтижесінде Сыр салысынан жоғары өнімге қол жеткізілуде. Аймақ басшысы экологиялық таза, жергілікті табиғатқа үйлесімді жаңа сорттарды өндіріске енгізуді жергілікті ғалымдарға тапсырды. Осы мақсатқа орай көктемгі егіс алдында шаруашылық еңбеккерлерімен семинар-кеңес өткізілген. Биыл мағжандықтар жергілікті ғалымдармен бірге бірнеше жаңа сортты тәжірибеден өткізді. Бірінші «Ай – Керім» деп аталатын күріш сұрпы 6 гектарға орналастырылып, одан 30 тонна өнім алынған. Сондай-ақ екінші жергілікті сорт – «Сыр сұлуы» 5 гектар алқапқа егіліп, алынған өнім 25 тоннаны құрады. Жергілікті сорттардың өнімділігі көңілден шығатын болғандықтан, олардың көлемін келесі жылы 100 гектарға ұлғайту көзделіп отыр. Жергілікті сорттың аты қашанда жергілікті сорт. Сырттан тасымалданатын тұқым қымбатқа түседі. Мамандардың айтуынша, шаруашылықта жергілікті сорттарға біртіндеп бетбұрыс жасалуда. ЕГІН ОРАҒЫНДА ҚАРҚЫН ЖОҒАРЫ Шаруашылықта егін орағы қарқын алып келеді. Осы уақытқа дейін 2,5 мың гектарға жуық Сыр салысы орылып, оның 1,5 гектары бастырылған. Өндірілген өнім әрбір гектардан орташа 60 центнерден жоғары болып отыр. Серіктестікте 370 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, науқан кезінде қосымша 50 адам еңбекке тартылады. Еңбек адамын ынталандыру шаралары да жақсы жолға қойылған. Маусымда 20 мың центнер астық бастырған комбайыншы жыл аяғында берілетін қосымшасынан бөлек 1,5 миллион теңге жалақы алады. Бұл бір айға шаққанда аз қаржы емес. Сондай-ақ алған өніміне байланысты күрішші 1 млн теңге, бригадир 3 млн теңгеге дейін қосымша ақы алады. Серіктестікке біз барғанда алғашқы озат күрішшінің есімі анықталыпты. Ол №2 бригаданың тәжірибелі диқаны Мадияр Әлайдаров екен. Мадияр өзіне бекітілген 35 гектар алқаптың әр гектарынан 74 центнерден өнім жинапты. «Егінші – мәрт, жер – жомарт» дегендей, мағжандықтар жылдағы дәстүр бойынша биыл да бітік егін өсіріпті. Сондықтан осы жылы бұл шаруашылықта озаттардың қатары мол болатыны қазірдің өзінде айқын аңғарылып отыр.
ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУ – МІНДЕТІМІЗ
«Еңбек ет те, міндет ет» дегендей, егінжай ерлерін тұрмыстық жағдайларына да шаруашылық тарапынан көмек көрсетілуде. Күрішші Болат Досманбетовке құрылыс материалдарына қаржы бөлініп, ол жаңа үйдің құрылысын бастап кетті. Егін жинау аяқталғаннан кейін қоныс тойын тойламақ. Сондай-ақ Ғабит Қайрақбаевтың үйін күрделі жөндеуден өткізуге 2 млн теңге қаржы бөлінген. Күрішші Әділхан Әлібаевтың үйіне қосымша 2 бөлме салуға құрылыс материалдарынан көмек берілген. «Мағжан және К» ЖШС – қашаннан ауыл жастарын жақын шетелде оқытуға айрықша назар аударатын ұжым. – Ресейдің Брянск қаласында шаруашылық есебінен үш студент оқиды, – дейді бізбен әңгімесінде төраға Дархан Жұмашұлы. – Олардың екеуі – болашақ агроном болса, біреуі – зоотехник. Биыл мектеп бітірген Бақтияр Кішаев шаруашылық есебінен Брянск қаласындағы Ауыл шаруашылығы институтының ауыл шаруашылығы инженері факультетіне оқуға түсті.
ОПЕРАТОРДЫҢ ЖҰМЫСЫ КӨҢІЛДЕН ШЫҒАДЫ Егін орағы кезінде қосалқы бөлшектен, жанар-жағар майдан ешқандай мәселе болмауы керек. Бұл жағдай мағжандықтарда жан-жақты шешілген. Ауылшаруашылық техникаларының көпшілігі жаңа. Қазіргі кезде шаруашылықтың техникалық паркі 75 процент жаңарған. Техника болған соң кейде бұзылады. Ондайда «Абзал және К» ТС шеберлері жылдам жетіп, «Ватсап» желісі арқылы кескіні жіберілген қосалқы бөлшекті өздерімен бірге ала келіп, тез арада техникаға «жан» бітіреді. Ал жанар-жағар майдан сыралғы оператордың арқасында ешқандай тоқтау жоқ. Диқандар жылда жанар-жағар маймен қамтамасыз ететін «Нефтьтранс Қызылорда» ЖШС-не (басшысы Нұрымжан Сопбеков) алғыстарын жаудыруда.
САПАЛЫ ЖҰМЫС – САПАЛЫ ӨНІМ «Астық – ел байлығы» дейді халық даналығы. Тұралаған, кезінде азып-тозып, шаруасы шатқаяқтаған шаруашылықты өз қолымен қайта құрған Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ерәлиевтен бастап, шаруашылық басшысы, бригада агрономдары астық сапасына қатты мән береді. Дәннің пісуі, егіннің ылғалдылығы күн сайын тексеріліп отырылады. Әрбір бригада да қолына су құятын шағын ыдыс секілді құрылғыны ұстап жүрген маманды біз осы шаруашылықтан кездестірдік. Ол ылғалдылықты
өлшейтін аспап екен. Егер атызда ылғалдылық жоғары болса, комбайн келесісіне көшеді. Ел ырысына деген осындай көзқарас – қамбаға сапалы астық құйылатынының кепілі.
МӘДЕНИ-РУХАНИ ДАМУҒА АТСАЛЫСАДЫ
Іскер басшы, аудандық мәслихат депутаты Дархан Ерәлиев басқаратын «Мағжан және К» ЖШС ауылдың мәдени-рухани дамуына, салауатты өмір салтын ұстануға дем беріп отырады десек артық айтқандық емес. Осы кәсіпорынның демеушілігімен салынған спорт кешенінде «Мағжан және К» ЖШС жүлдесі үшін дзюдодан жыл сайын жарыс өткізу дәстүрге айналған. Биыл бұл турнир тоғызыншы рет ұйымдастырылды. Сондай-ақ үстел теннисінен облыстық турнир биыл екінші мәрте өткізілді. Ауылдың спорт кешеніне 8 теннис үстелін барлық жабдығымен сыйға тартыпты. Шаруашылық тарапынан ауылдың рухани орталығы – мектепке тұрақты көмек көрсетіліп отырылады. Биыл 8 млн теңге қаржы бөлініп, мектептің сыртын сырлау жұмыстары жүрді. Шаруашылық ұжымы «Мектепке жол» акциясына да белсене қатысады. Қазіргі таңда ауылдың, шаруашылықтың негізін салған қайраткер, Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясовтың 100 жылдық мерейтойына ауылдық мәдениет үйімен бірлескен дайындық жұмыстары жүргізілуде. 300 адамдық ауылдық мешіттің штаты, Алла үйінің жылуы, суы, электр қуатының пайдалануы шаруашылықтың мойнында. Қазіргі таңда ескі мешітті қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, онда мұражай жасақталып жатыр. Осы мұражай ғимараты мен жаңа мешіттің жылу жүйелеріне шаруашылық қызмет көрсетеді. Мұражайды жасақтауды тарихшы, белсенді ардагер Қуандық Нұрмағанбетов қолға алған. Келешекте республика бойынша көрікті, экономикасы мен әлеуеті дамыған ауылда тарихи-танымдық жақсы мұражай қалыптасады деген сенім зор.
ТҰҚЫМ ШАРУАШЫЛЫҒЫ
Сапалы тұқым – мол өнім негізі. Серіктестіктің тұқым шаруашылығы мәртебесін алғанына да 6-7 жылдың жүзі болды. Шаруашылық егіннен жыл сайын 30 мың тоннадай астық жинайтын болса, оның 10 мың тоннасы тұқымға қалдырылады. Көктемгі егіс алдында жоғары кондициялы тұқыммен облыс шаруашылықтарын қамтамасыз етеді. Аймақтан тыс жерлерден келіп тұқым алатындар да бар. Шаруашылық жанында тұқым өңдейтін зауыт жұмыс істейді. Астық сақтайтын орында 18 қойма бар. Қазіргі кезде осы қоймаларда 300 тонна жоңышқа, 1 мың тонна бидай тұқымы сақталған. Бұл келер жылдың егісіне қазірден негіз қаланып отырғанын көрсетеді.
ТҮЙІН: Бүгінде озат шаруашылық бас ты науқан – егін жинаумен айналысуда. Маңызды жұмыс қарқынды жүруде. Оған ауылдың қысқа дайындық қамқаракеті ұштастырылуда. Ауылда тұрған соң төрт-түлік ұстау қажет. Ол тұрғынның күнделікті ішіп-жемін айырады. Бұл орайда шаруашылық ауыл ардагерлеріне, көп балалы отбасыларға және әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандарға жем-шөпті тегін түсіріп беріп отыр. Қазіргі таңда осындай 200 отбасына шөп түсірілді. Серіктестік өз жұмысшыларына қолдау білдіріп, жем-шөпті жеңілдетілген бағамен түсіріп береді. Сайып келгенде, шаруашылық егін орағын ұтымды ұйымдастырып, алтын дәнді төкпейшашпай жинап алуға бекем бел буған.
Сапарда болған Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі



21 қыркүйек 2019 ж. 751 0