Берекелі іс бірлікпен бітеді
Егістік танапта еңбектің қызған шағы. Науқандық жұмыс басталғалы бері таңның атысы кештің батысы диқандар күрішті төкпей-шашпай жинап алу қамына кірісіп кеткен. Атыздықта күрішшілер жаткалар орып кеткен дестені бір қарап өтіп, Сыр дақылы бастырылғаннан кейін де комбайн ізін шолып жүр. Ондағысы маңдай термен егілген егіннің ысырапсыз жиналып, несібесінің мол болып, қырманды қызылға толтырудың қамы. Енді бір әупірім десе, егін жинау науқанының датөбесі көрініп қалар.
Күн ұясынан көтеріліп, сәскелік уақыт жақындағанда егістікке қарай жол тарттық. Жол талғамайтын «Уаз» автокөлігінде төртеуміз. Шопырмен қатарлас алдыңғы орында осы өңірдегі қос шаруашылықтың басшысы Алдаберген Құлбаев, артқы орында білікті бригадир, тәжірибелі маман Тахир Ерғалиев. Бағытымыз – «Қызылдихан» шаруа қожалығының егістігі. Мақсатымыз – еңбектің тайқазанын тасытып жатқан еңбеккерлер жұмысын дәріптеу.
Науқан кезінде диқан қауымы егін жинау ісінен басқаға бет бұра бермейді. Десе де, нағыз еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген олар арнайы барғанда мерейлі шақтағы берекелі шаруаларын ширатып айтады. Сондай сәтте сөздің емес, істің адамы болған күрішшілер жер тырмалап, жаздай күн астында жүріп, маңдайын күн, табанын жер сүйген дала баласының жасаған тынымсыз тірліктерінің еленіп жатқанына дән ризашылықтарын жеткізіп жатады. Біздегі мүдде де сол еңбеккерлердің елеулі ісін үлгі ету болатын.
Аудан орталығынан шығып, пойыз жол бекетінен өткеннен кейін Құндыздыға қарай беттедік. Талай ауыр техникалар қатынап, күнделікті жарыса күріш тасып жүрген тасымал көліктері жүргеннен кейін бе «Уазға» ой-шұқырлар білінбейді. Оның үстіне, іскер басшы А.Құлбаев шаруашылық жәйін, еңбеккерлер жұмысын айтып келе жатқанда жолдың қиыр-шиыры мен ұзақтығы ұмыт та болған. Жоғары білімді ғалым-агроном алдымен жұмысшылардың жағдайына қырын қарамайтынын жеткізді.
– Қазір науқан жұмыстары қызу жүріп жатыр, – деп сөзін бастаған білікті басшы: – Мұндай шақта жұмысшыларға талап жоғары. Себепсіз жұмыстан қалмай, қылтың-сылтыңға жол бермеуі керек. Осымен күн көріп, бала-шағасына нәпақа тауып отыр. Сол себепті, егін жинау кезінде тынбай еңбек етсе, жасаған жұмысына сай қосымша ақы алады, мерейі үстем болады. Осыны білетін шаруашылық жұмысшыларының бәрі тыраштанып еңбек етіп жүр, – деді.
Иә, айтса айтқандай, мерейлі кезеңде шаруашылық адамының бос жүрген біреуін көрмейсің. Ағайынның той-томалағын, басқа да шаруаларды ысырып қойып, күн ашықта науқан жұмыстарын бітіруге асық. Комбайн тізгіндегендер алтын дәнді жиып, тасымалшыларға толтырып берумен әлек. Ал тасымалдағылар егістік пен қырман арасында жүйткіп жүр. Бірі-бірінен қалғысы жоқ. Маусымдық жұмысқа сақадай сайлап алған техникаларына тыным бермейді. Әр бригада диқандарының да «маған орақ қашан түседі» деп күтіп жатқанын көрмейсің. Комбайн кімнің жерінде жүр, жұмыла келіп, ауызбірлікпен жұмыс жасауға топтасқан. Әркім өз шаруасын білсе де берекелі істің бірлікпен бітерін ұғынған олар.
Әне-міне дегенше, шаруашылықтың егістік жеріне кіріп, атыз бойымен жүріп келеміз. Жастайынан осы саланың қыр-сырына қанық болып, көп жылдан бері егінмен айналысатын кәнігі диқан күрішке бір қарап өтіп, өнімділігін бағамдап келеді.
– Мынау Ерланның жері. Алғашқыда бұл жердің өнімі аз болды. Алайда, өз ісіне мығым күрішші жерді барынша мәпелеп, аротехникалық талаптардың сақталуына зор мән берді. Кейінгі кездері мол өнім алып жүр. Баптай білгенге жер жомарт қой, – деді Алдаберген аға Құлбаев. Кей атыздарда астықтың тапталып жатқанын байқап, ел ырысына қараусыз жайылған малдың да іске кедергі болатынын тілге тиек етті. Мұндай тек бірен-саран болмаса, жол бойы көрген күріш біртегіс шыққан. Соған қарап білікті басшы биыл да мол өнімнен үмітті екенін білдірді.
Ердос БЕРКІНБАЕВ