Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАЗДЫҚ БИДАЙ ЖИНАЛДЫ

ЖАЗДЫҚ БИДАЙ ЖИНАЛДЫ

«Егінші жылда арманда» дегендей, ала жаздай еңбек етіп келе жатқан ди­қан­дардың астық жинау науқаны да таяп қалды. Қазіргі таңда шаруашылықтар егін жинау кезеңіне дайындық үстінде. Техникаларды сайлап, астықты шашпай-төкпей жинау қамын жасауда. Оған дейін жаздық бидай, сұлы дақылдарын жинау жұмыстарын аяқтап отыр.
Жалпы биыл ауданның ауыл шаруашылығы та­уар өндірушілері 33525 гектарға ауыл шаруашылы­ғы дақылдарын орналастырды. Оның ішінде күріш – 20880, жаздық бидай – 1728, сұлы – 58, мақсары – 300, сүрлемді жүгері – 10, жаңа жоңышқа – 3019, ескі жоңышқа – 6700 және картоп, көкөніс секілді бақша дақылдары 830 гектарды құрайды.
Бүгінгі күнге аудан бойынша жаздық бидай, сұлы дақылдарын жинау толық аяқталды. Егілген 1728 гектар жаздық бидайдан 20612 центнер өнім алынып, орта өнімі 11,9 центнерден келді. Ал 58 гектар сұлыдан 406 центнер өнім алынып, орта өнімі 7 центнерді құрады. Сонымен қатар шаруашылықтарда ескі жоңышқа дақылының І орымы аяқталып, 6064 тонна мал азықтық шөп жиналды. Орта өнім – 13,5 центнер. Қазіргі таңда жоңышқаның ІІ орымын жинау жұмыстары жүргізілуде.
Жыл басында мамандар егінге қатысты су тапшылығы болады деп болжаған. Соған орай егістік көлемін қысқарту керектігін де айтты. Алайда есепті кезеңде өзенде су тапшылығы сезілген жоқ. «Қазсушар» РММК Қызылорда филиалының Сырдария аудандық бөлімшесінен ауыл шаруашылық құрылымдарына жоспарлы суы уақытылы жеткі­зілуде.
Қамбаны қызылға толтырып, күріштен тау тұрғызған аудан мерейі биыл да үстем болады деген үміт басым. Күріштің бітік шығып, астықтың мол болуына диқандар маңдай терін төгуде. Бүгінге дейін 16000 гектар күріш дақылы тыңайтқыштармен үстеп қоректендірілген. Сонымен қатар күріштің вегетация кезеңінде агротехникалық шаралар қатаң сақталып, 17500 гектар күріштікке арамшөптерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліпті.
Күзгі науқан диқандардың мерейлі шағы. Күндіз-түні тыным таппай, жаз бойғы еңбектің нәтижесі шығады. Биылғы егін жинау жұмыстарын жүргізуге ауданға бөлінген 3400 тонна қажетті дизель отынын жеткізіп беруші оператор «Нефть-Транс Қызылорда» ЖШС-гі бекітілді. Еңбектің тайқазаны таситын шақта егінді ысырапсыз жинауға техниканың бұзылмағаны қажет. Айта кету керек, науқан жұмыстарына ауыл шаруашылығы техникаларынан 222 астық комбайны, 117 жатка, 66 тасымал автокөлігі және 208 трактор тіркемелері қатысады.

Е.БЕРКІНБАЕВ

06 тамыз 2019 ж. 1 818 0