Майталман механизаторлар
Қос шаруашылықтағы жұмыс ауыртпалығы механизаторларға түсетіні рас. Егінді егу, оны жинау жұмыстарында майталман механизаторлар уақытпен санаспай еңбек етеді. Солардың арқасында ауқымды жұмыс бітіп, дала әнге бөленіп, қырман дәнге толады.
Қос шаруашылықтың күріш ору, бастыруға, оны тасуға арналған техникалары жаңа. Бұрынғыдай науқан басталмай жатып бұзыла беретін комбайн жоқ. Оның орнын шетелдік ауыл шаруашылығы техникалары басқан. Атап айтқанда, күріш сабағын табанынан қырқатын алымды агрегат «Магдон» жаткасының 3-і бар. Оны жыл сайын 500 гектардың үстінде астық оратын үздік жаткистер Хасен Нұрманов, Әлібек Мықбаев, Әбсадық Маханов басқарады. Ал Сыр дақылын бастыруда «New Holland» комбайнында Жасұлан Нұрымбетов, «Torum 740» комбайнында Сәбит Ахметов, 4 «Палессе» тізгінінде Әбілда Жаманқыз, Руслан Бисенбай, Жанболат Әубәкіров, Уәлихан Қарсақбаев отыр. Олар да үздіктер. Науқан кезінде 20-25 мың центнер өнім бастырады. Бұлардың ішінде Ж.Нұрымбетов 2016 жылы 27 мыңның үстінде астық бастырып, үздіктер көшін бастаған.
Дестедегі дән түйіріне дейін қалдырмай жиналған соң оны қырманға жеткізу де оңай емес. Ал мұндайда кезегін күтіп тұрған 11 тасымал техникасы бар. ХТЗ, МТЗ-ның кәнігі жүргізушілері Оралбай Балабаев, Руслан Кахметов, Серікбол Бекішов, Ержан Маханбетов, Қайрат Қалиев, Мұрат Махатов, Әскербек Ахметов, Мейірбек Ыдырысов, Айбар Сейітханұлы, Ғалымжан Ибрагимұлы егістік пен қырман арасын шаңдатып, астық тасуда. Науқанда тынбай еңбек етіп, пайда тауып қалудың қамын жасауда.
*****
Егістік басынан соң құрылысы аяқталып қалған қырманның жәй-күйімен де таныстық. Негізі, тасымалшылар жеткізген күріш қырманда қуатты агрегат күшімен тазартылып, ақтауға облыс орталығындағы «Жан-Арай» ЖШС-не жіберіледі. Бұл жұмысты қырманда екі ауысымдағы қыз-жігіттер атқарады. Қырман меңгерушісі Сейфолла Анасов басқаратын ұжымда Батыржан Дүкенбаев, Қонысбек Жақсылықов, Қалтай Әкбаров, Бақыт Әлжаханов, Әсет Анасов, Жадыра Әбдібахитова, аспазшы Кенже Шәкенова жұмыс істейді.
Қазір мұнда құрылыс жұмыстары аяқталып қалыпты. Шаруашылық жұмысын үйлестіруге қоймалар әзірленуде. Атап айтқанда, тыңайтқыш сақтауға, техника бөлшектерін қоюға, жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған база жасақталуда. Одан бөлек, қос шаруашылықтың барлық техникалары сиятын гараждың жұмысы бітіп қалған. Мұнда әкімшілік отыратын орын да, жұмысшыларға асхана да бар. Жалпы, барлық құрылыс келер жылға дейін бітіп, еңбеккерлер жаңа қырманға толықтай көшетін болады.
Ердос БЕРКІНБАЕВ