Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қалжан ахун құндылықтары

Қалжан ахун құндылықтары

Қалжан ахун мешітінің құрылысы 1902 жылы өзінің басшылығымен бастап, 1921 жылы толық аяқталыпты. Елде Кеңес өкіметі орнауы­­на байланыс­ты мешіт «Ақжол» мектеп-интернаты (детдом) үйі болып, кейіннен 7 жылдық мектеп болады. Осылайша, мешіт халыққа 26 жылдай қызмет етеді.
Кейіннен белсенділер мешітті колхоздың астық қоймасы, қой қорасы секілді шаруашылық нысанына айналдырды. Соңынан ол қараусыз қалып, есік-терезе тіпті, төбесіне салған өрлік ағаштарына дейін қолды болды. Сонымен әбден азып-тозған, қараусыз қалған мешіт әлі осылай тұра берсе, құлап, жойылар ма еді, кім білсін?..
Еліміз тәуелсіздік алып, оңымыз бен солымызға қарап, жоғымызды іздей бастаған жылдары Қалжан ахунан қалған тарихи-мәдени мұраны қалпына келтіруге ауыл ақсақалдары Тыным, Орынтай Маханбетов атсалысып, осы үлкен істі атқаруға басшылық еткен Ишанхан Нұртазаевтың еңбегі ерекше болыпты. Әсіресе, Ишанхан ақсақал алдымен мешіт шырақшысын тауып, одан әрі мешітті қорғауға алу үшін жоғарғы тұрған мекемелердің есігін қағып, аудан, облыс әкімдеріне дейін жеткізуші болыпты. Осындай тынымсыз еңбегінің нәтижесі болар, ұзақ жылдар Іңкәрдария ауылында жемісті жұмыс жасап, туған ауы­­лына көшіп келіп жатқан Төлеубай Тілеубергенов ақсақалды шырақшылыққа көндіріп, оның өзгелерден діни сауатының жоғары екенін байқап, ауыл имамы жұмысын қоса атқаруына сенім білдіріпті.
Төлеубай Тілеубергенов 1941 жылы осы ауылда дүниеге келген. 1957 жылы «Чапаев» атындағы жетіжылдық мектепті бітіріп, 1961-1964 жылдары әскери борышын өтеп келіп, 1966 жылдан ата кәсіп қой шаруашылығымен айналысып, еңбекте өзін көрсете біледі. Сол жылы атақты Кіребай қажының немересі Несібелі Мұхамедиярқызы екеуі шаңырақ көтеріп, бүгінгі күні 10 бала өсірген берекелі шаңырақ иесі.
Шаруашылықтағы еңбегі жоғары бағаланып, ол «Еңбек даңқы» орденімен, ҚазССР-дің «Құрмет» грамотасымен және басқа да мақтау грамотасымен марапатталады. Осындай еліне адал азаматқа ауылдастары сенім білдіреді.
Халық даналығы «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, Төлеубай ата мешітіне адал қызметін атқара білген жан. Ол:
– Алғашқы келгенімде мешітті толық аралап, оның мүшкіл халін көріп, түңіліп кеттім. Ахун жатқан сағанаға кіріп, дұға оқып, алдыңғы беттегі бастырма астына барып, тізе бүгіп, ой үстінде отырғанымда, көзім ілініп кетіпті, – деп, кесенеге бірінші келген кезін есіне алады. – Түсімде дін абызы астында ақ боз ат, басында шоршақ бөріктің жиегін ақ орамалмен көмкере ораған. Әппақ шоқша сақалы, оң қолында қамшы, сол қолында ат тізгіні, атын сыдырта ша­уып, шығысқа қарай бет алып барады екен. Содан оянып кеттім. Әулиенің түсімде берген аянын жақсыға жорып, Несібелі екеуміз қызметімізді атқарып жүре бердік.
– 1999 жылдың наурыз айында Жалағаштан ата ұрпағымыз деп екі жігіт келді, – деп өткен күнді еске алады Төкең. – Әңгімелесе келе, маған берілген аян бұл жігіттерге де беріліпті. Сонымен осында келіп, ата мешітін жағалап, қолдан келгенінше жөндеу жұмыстарын қолға алатын болып кетті. Көп кешікпей жандарында біршама жастарды ертіп, жөндеу жұмыстарын бастады. Олар Манас, Марал Нұрмағанбетов, Қайрат, Марат, Шамсия, Ғабит, Серік Қойшығараев, Рита есімді жастар еді. Олар терезе жақтауына дейін жеткен қой қиын ойып, төбедегі өрлік ағаш үстіндегі қамыс, топан, топырақты бөлме ортасына түсіріп, үйінді болып қалғандарын сыртқа тасып, ортадағы алаңқайды тазартып, ішкі, сыртқы қабырғалардың түскен сылақтарын сылап, ретке келтірді. Әрі қарай артқы бөліктің сыртқы қабырғасын бірнеше метрі құлап қалған жерге кесекті шырақшы үйінен әкеліп, оны да толық өріп, сылап, бітіріп береді.
Ауылдағы ағайындары да қолдан келген көмектерін беріп, олардың ас-ауқатынан жәрдемдеседі. Осылайша мешіттің алғашқы жөндеу жұмысы басталған болатын. Осы жұмыстар жүріп жатқанда Ишанхан Нұртазаев ақсақал Жалағаш, Тереңөзек ауданының әкімдеріне барып, мешіт құрылысына көпшіліктің атсалысуына мүмкіндік жасауын сұрауының нәтижесінде 2000 жылы бұрынғы Жалағаш ауданының әкімі Қожахмет Баймаханов өзі тікелей басшылық етіп, мешіт алдын жолға дейін аршып, тазартқызады. Жалағаш ауданының әкімі Қ.Баймаханов, Тереңөзек ауданының әкімі А.Божанованың ықпалымен 2000-2001 жылдары облыстық мәдениет басқармасы тарапынан 400 мың теңге бөлініп, мешітке қақпа, үш терезе, есік орнатылады. Және мешітке кіреберіс жолға Қалжан ахун тақтасы орналастырылып, айналасы толық қоршалып, мешітке барар жол салынады.
Жалағаш ауданы Ақсу ауылының сол кездегі басшысы Б.Маншарипов, Қалжан ахун шаруашылығының басшысы А.Құлбаев, ауыл әкімі М.Омаров, Сәкен Сейфуллин, Оспан Мәлібаев, Шаған, Ақжарма ауылдарынан арнайы бригадалар жасақталып, техникаларымен келіп, үлкен көмек көрсетеді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2004 жылғы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қалжан ахун мешітін жөндеп, қалпына келтіру үшін республикалық бюджеттен 2007 жылы 19 миллион теңге, 2008 жылы 20 миллион теңге қаржы бөлініп, бұл жұмыстарды Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қазреставрация» құрылыс мекемесі жүргізіп, барлық 32 бөлмені алғашқы қалпына келтіреді.
Қызылорда қаласындағы ас-құдайыда дастархан басында бір кейуана әңгіме арасында әкесі Нау­рызбай Қалжан ахун мешітін салған шебер екенін айтады. Кезінде Қалжан ахунға бала да болыпты. Осы теміржол вокзалы құрылысында тас қалаушы шебер болып жүргенде, Қалжан ахунмен жақсы сыйластықта болып, ахун ұсынысымен көмекке келген екен. Мешіттің жол жақ бетінде кезінде осы құрылыс үшін қыш зауыты жұмыс істепті. Әкесімен бірге рулас Таңатар (руы «Телеу») екеуі мешіттің алдыңғы бөлігін 6 ай ішінде өріп шығыпты.
Кейуана өзі Қызылорда қаласы Бірқұланов (Степная) көшесі №32 үйде тұратын Күлпан Наурызбайқызы екен. Бұл әңгімені менімен бірге марқұм Алмат Пірімбетов те естіген еді дейді Төлеубай ақсақал. Қалжан ахун сағанасының батыс бетіндегі арқашқа орналасқан ұзындығы 13 метр, ені 10 метр, төрт бөлмелі. Жоғарғы жағы құлаған үй қақпасын көріп жүрген боларсыздар. Бұл үй шырақшының айтуы бойынша Қалжан ахунның тұрған үйі екен. Осы үйдің алдынан оңтүстікке қарай ұзындығы 70 метр, ені 50 метр қам кесектен өріліп, орындалған дуал қабырға орны байқалады. Өзі қаздырған арықтан бастау алатын шағын арықпен осы дуалмен қоршалған қораға бау-бақша үшін аяқ су келген. Қораның сыртқы батыс жағымен жүрген арық бойына кіші хауыз, яғни өзінің отбасы үшін төменірек үлкен хауыз арқылы көпшілік үшін су келіп тұрған дейді.
1936 жылдары ахун мешітінің артқы жағы, бүгінгі қорым тұрған жерге жер аударылып келген корей ұлтының өкілдері түзу көше бойына жол салып, бірнеше жылдар бойы қоныстаныпты. Ал 1940 жылдары мешіт маңындағы «Аманкелді» колхозына Қармақшыдан «алтын» руынан бірнеше отбасы көшіп келіп, қоныстанады. Осы көшіп келгендердің ішінде Қыстаубай ақсақал шашылып жатқан бірнеше кітап парақшаларын жинап алыпты. Сірә, өзі оқи білгенге ұқсайды. Сандық түбіне жақсылап сақтап, ұрпақтарына жақсы күйде жеткізіпті. Бұл парақшаларды Қыстаубай келіні Сәнімкүл музей қорына өткізген еді. Мазмұнын оқи алмай, Қызылорда қаласында тұратын немересі Хасонатулла мырзаға оқытқанымызда, мазмұны поэзиялық көркем әдебиет екен.
1963 жылдың 23 сәуір күні өкіметтің қаулысына сәйкес «Сталин», «Бостандық», «Чапаев», «Аманкел­ді» шағын колхоздары біріктірілген жылы «Қараойда» шаруашылығы бидай егіп, сол астығын жинау науқанына көмекке келген. Киелі Қалжан ахунның 2012 жылы 150 жылдық мерейтойы облыстық дәрежеде аталып өтіп, оның кесенесі жаңғыртылып, айналасы абаттандырылып, дін абызына құрмет көрсетілді. Қазіргі кезеңде де бұл жұмыстар лайықты жалғасып келеді.

Жәнібек МАХАНБЕТ,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері
17 қыркүйек 2019 ж. 698 0