Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№75 газет

03 қазан 2026 ж.

№74 газет

29 қыркүйек 2026 ж.

№73 газет

26 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Ұстаз салған дара жол

Ұстаз салған дара жол

Аудан орталығындағы ең үлкен білім ошағы – №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейі. Білім шаңырағында әрбір ұлағатты ұстаз шәкіртке саналы білім мен тәрбие беруде. Мектеп-лицейінің алдыңғы қатарлы ұстаздарының бірі – Лиза Ауминова. Әріптестері мен шәкірттері құрметтеп, мақтан тұтатын Лиза Абатқызы саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған жан. Ұлағатты ұстаз ұзақ жылғы еңбек жолында, адал еңбегінің арқасында көптеген жетістікке жетті.

Әлі есімде, біз аудандағы осы мектептің ескі ғимаратында білім алған шәкіртпіз. Тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарында он­бірінші сыныпта оқып жүргенімізде жас ұстаз сыныпқа келіп, өзін таныстырды. Аты-жөні – Лиза Абатқызы Ауминова. Сол мезетте сыныбымызда тыныштық орнап, алдымызда тұр­ған жас мұғалімнің әрбір қимылын қалт жібермей, «әрі қарай не болады?» деген сұрақпен жанарына қадала қарадық. Өзіне се­німді, еркін сезінген ұстаздың батылдығы, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері ерекше еді. Өз пәнін сондай сүйіспеншілікпен меңгерген, шәкірттің жүрегіне алғашқы күннен-ақ жол таба білген ұстазымыз Лиза Абатқызы осы күнге дейін мейірімді, әділ қалпымен көз алдымызда қалды.

Алғашқы өткізген сабағы, алғашқы тәрбиелік іс-шарасын өзгеге ұқсатпай, керемет жаңашылдықпен өткізген жас маманға мектебіміздің ұстаздары да риза болды. Сы­ныбымыздың мерейін, ұстаздың абыройын көтерген керемет тәрбие сағаты арада 35 жылға жуық уақыт өтсе де көз алдымызда. Міне, нағыз ұстаздың ізденісі, жаңашылдығы деген осы болса керек.

Ұстаз алдында шәкірт мәңгі қарыздар. Жаңа өмірге жолдама беріп, шәкірттерін қа­наттандырған ұстаздарымыздың қа­тарында болған Лиза Абатқызы қазір алдыңғы аға буын, өзі де ұстаздарға ұстаз болған қадірлі жан.

– Негізінен Арал қаласында дүниеге келгенмін. Сондағы мектепке барғаныммен, әкеміздің қызмет бабымен осы Тереңөзекке көшіп келіп, қазір өзім еңбек ететін мектептің түлегімін. Мектеп бітірген соң Қызылордадағы іргелі жоғарғы оқу орны Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология факультетіне оқуға түстім. Институттан орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алып, өзім білім алған мектепке жұмысқа орналас­тым. Алғашқы жылдар жас ұстаз үшін өте есте қалатындай еді. Ол кездің оқушылары да басқаша болатын. Жанымнан бір елі шықпайтын, білімге құштар оқушылар көп еді. Бірігіп түрлі іс-шараларды өткіземіз. Жаңашылдық әкелуге тырысамыз. Мектеп басшылығы сол кезде мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлықты се­ніп тапсырды. Міне, қазір ұстаздық жолым әлі күнге дейін жалғасып келеді. 35 жылғы еңбек жолымның осы мектепте өтіп жатқаны мен үшін үлкен қуаныш, – дейді ұлағатты ұстаз.

Ұстаз үшін шығармашылық ізденіс, жаңа­шылдық, білім берудің жаңа тәсілі аса маңызды. Екінші жоғарғы білім алу немесе магистратураны тәмамдау мамандықтың қыр-сырын тереңнен меңгеруге берілетін үлкен мүмкіндік. Бұл жолда да табандылық танытқан ұлағатты ұстаз 2024 жылы Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының «Педагогика және Психология» бойынша магистратурасын бітірді.

Қазір тәжірибелі ұстаздың өмірбаяндық құжатында: «Теориялық білімі жоғары, сабақ беретін сынып оқушыларын өз пәніне қызықтыра білетін, білім берудің жаңаша әдіс-тәсілдерін, ақпарат құралдары мен интерактивті тақтаны, электронды оқулықтарды жүйелі түрде пайдаланатын жаңашыл ұстаз. Мектеп бойынша сабақ зерттеу /Lesson Stadu/ жаңа жобаны енгізіп жұмыс жасауда. Аудандық және облыстық семинарларда өз жетістіктерімен әрдайым әріптестерімен бөліседі. Өз қызметіне аса жауапкершілікпен қарайды. Нәтижесінде, оқушылары жыл сайын пәндік олимпиадада, ғылыми жобаларда, сайыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр» деген жазба бар. Өмірін ұстаздыққа арнаған жан үшін бұдан асқан мадақтың да қажеті жоқ.

Ізденіс пен тәжірибе жетістікке жетелейді. Ауданның білім саласында өзіндік орны бар ұстаздың білім бәйгесінде топ жарып, ұстаз мерейін асырған оқушылардың да қатары қалың. Жыл сайын оқушылары білім байқауларында жүлделі орын алып, ұстаз мерейін асқақтатуда.

Өткен оқу жылының өзінде оқушысы Даяна Болатбек ауыл мектептерінің оқушылары арасындағы пәндік олимпиадасында облыстық кезеңінде екінші орын, сондай-ақ жалпы білім беру ұйымдарының 9-11 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде де Даяна жүлделі орын алды. 11-сынып оқушысы Ақбаян Болатова жалпы білім беру ұйымдарының 9-11 сынып оқушыларына арналған рес­публикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде бі­рінші орын алса, жүлделі екінші орынды 8 сынып оқушысы Айару Ахан алды. Бұл шәкірттерінің өткен оқу жылындағы жетістіктері. Жалпы, ұстаздың осы уақытқа дейінгі оқушыларының жүлделі орындарын санап тауысу мүмкін емес. Мұның барлығы – ұстаз еңбегінің нәтижесі.

Лиза Абатқызы – педагог-зерттеуші. 2025 жылдан бастап «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша пе­дагогикалық қыз­меткерлердің бі­­­лік­тілігін арттыру институтының сырттан ша­қыр­­­тылатын лекторы. «Өрлеу» білік­тілік арттыру институтының базасында ұйымдастырылатын дәстүрлі «Педагогикалық идеялары» педагогтарға арналған сайыстың сараптама тобының мүшесі.

Ұлағатты ұстаз ұзақ жылғы еңбегінің жемісі ретінде көптеген марапаттарға ие болды. Атап айтқанда ҚР Білім және ғылым министірілігінің Құрмет грамотасы, Қызылорда облыс әкімінің «Алғыс хаты», Қызылорда облысының білім басқармасы тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығының «Құрмет грамотасы» ұстаздың жоғары марапаттары. Сонымен қатар ҚР Оқу-ағарту министірлігі «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы» басшысының «Құрмет грамотасы», ҚР Оқу-ағарту министірлігі «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы» «Алғыс хаты», аудандық білім бөлімінің «Үздік авторлық бағдарлама» үшін бірінші орын, әр жылдары халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығының Құрмет грамотасы мен Қызылорда облыстық білім басқармасы басшысының марапаты ұстаз еңбегіне берілген лайықты баға.

Кезекті кәсіби мерекесін атап өткелі отырған ұлағатты ұстазды төл мерекесімен құттықтаймыз.


Бибісара ЖАНӘЛІ
03 қазан 2026 ж. 42 0