Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 75 газет

04 қазан 2025 ж.

№ 74 газет

30 қыркүйек 2025 ж.

№ 73 газет

27 қыркүйек 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға

Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға

«Ұстаз – ұлттың шамшырағы» деген дана сөз бар. Расында, өмірдің мәнін ұғындырып, білімнің кілтін ашып, шәкіртін жақсылыққа жетелейтін де ұстаз. Солардың бірі – жүрегін шәкіртке арнаған, адамдық пен адалдықтың үлгісін көрсетіп жүрген ұлағатты ұстаз – Маржан Абдуалиқызы.

Маржан Алтынғазиева – Қызылорда қаласы Қосшыңырау ауылдық әкімдігіне қарасты Абай ауылында 1970 жылы дүниеге келген. Білімін 1989-1994 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда педагогикалық институтында «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған. Дип­ломын алған жас ұстаз алғашқы еңбек жолын 1994 жылы Абай ауылындағы №138 мектепте ұстаздық қызметтен бастады. 2000 жылдан бастап осы уақытқа дейін Қ.Баймағанбетов атындағы №42 мектеп-лицейде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп келеді.


Маржан Абдуалиқызының ұстаз­дық жолы – табандылық пен төзімнің, мейірім мен ізгіліктің айғағы. Әр бала – жеке тұлға, әр шәкірт – ертеңгі елдің азаматы. Шәкірттеріне білім нәрін дарытып қана қоймай, олардың бойына отансүйгіштік сезімін, ізеттілік пен еңбекқорлық қасиеттерін сіңіру – ұстаздың басты қағидасы. Сабақ үстінде талапшылдығы мен әділдігін қатар ұстай отырып, әрбір оқушыны қолдай білуі – ұстаздық шеберлігінің айқын көрінісі.


Ұлағатты ұстаздың еңбегі лайықты бағаланып, түрлі марапат алды. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі және Қызылорда облысы білім басқармасының «Алғыс хаты», Қызылорда облыстық білім басқармасы және Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитетінің «Құрмет грамотасы» – ұзақ жылғы еңбегінің нәтижесі.

Білімнің шамшырағы болып, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие берген ұстаз еңбегі әрқашанда нәтижесін берері анық. Соның айқын дәлелі – ұстаздың шәкірттері түрлі байқау мен жарыста жүлделі орынға ие болып, мектеп абыройын асқақтатып жүр. Айта кететін болсақ, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясындағы «Туған елің – Қазақстанды білесің бе?» балалар оқуының аудандық кезеңінде І орынды Айару Жеңісбек иеленді. «Жауқазын жүрек» облыстық әдеби алаңында топ жарған 11 сы­нып оқушысы Құралай Кәкен – «Жас тілші» номинациясы бойынша дипломмен марапатталды. Биыл Сырдария ауданы әкімдігі мен аудандық білім бөлімі, ұйымдастырған «Кітап оқы да кемелден» аудандық байқауында Айару Иса – ІІ дәрежелі дипломды, ал Алина Ерланқызы – ІІІ дәрежелі «Дипломды» қанжығасына байлап, мектеп пен ұстаз абыройына үлкен үлес қосты. Сондай-ақ Айсәуле Жамбыл, Айлан Тыныштықбай, Зере Серікбай аудандық және облыстық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып, бойларына сіңірген білімдерін шыңдады.


– Әріптесім Маржан Абдуалиқызын ұстаздар мерекесімен құттықтаймын! Жұмысы алға баса берсін, абыройлы болсын. Ұстаздық – ең биік әрі жауапты мамандық. Маржандай жауапты, ізденімпаз әріптесіміз барда білім саласының абыройы арта беретініне сенім мол, – дейді әріптесі Құрманғали Құлымбетов.


Маржан Абдуалиқызы ұстаздық жолда үлкен жетістікке жетіп қана қоймай, отбасылық өмірде де өнегелі ғұмыр кешіп жүрген жан. Жолдасы Асылбек Бекеевпен бірге өмірлік серік болып, биыл міне, отбасылық одақтарына 27 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде бір-біріне сүйеу болып, шаңырақтарының шаттығын арттырып, 4 ұл тәрбиелеп, үлгілі отбасының иесі атанып келеді.
Ұстаздың еңбегі – мәңгі өлмес мұра. Маржан апайдың шәкіртке деген шексіз мейірімі, білімге деген адалдығы жас ұрпақ үшін үлкен өнеге. Өйткені ұлағатты ұстаз – ұлт болашағының кепілі.

Ақтоты ӨТЕПБЕРГЕНОВА

04 қазан 2025 ж. 103 0