Министрдің марапаты
Біз бұған дейін де аудандық газетке білім беру саласының ардагері Қынаш Әуелбекова туралы жазғанбыз. Ұлағатты ұстаз атанған ақжармалық ардагердің еңбегін жас мамандарға үлгі-өнеге етіп, тәжірибесін бөліскенбіз. Осы ретте тағы да бір сүйінші жаңалықты жеткізіп, оқырмандарға хабарлағанды жөн көрдік.
Көктем мерекесінде ардагер ұстаз ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бисембаевтың марапатына ие болды. Министрдің мерейлі марапаты сала ардагеріне өзі ұзақ жылдар еңбек еткен ауылдағы №130 Абай атындағы орта мектебінде табысталды. Бұл – саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаздың ғана емес, педагогикалық ұжымның ортақ қуанышы болды.
– Қынаш апай Ақжарма ауылындағы мектепте мықты тарихшы мұғалім болды. Ол кісінің мақтан тұтатын шәкірттері өте көп. Ардагер ұстаз облыстық, аудандық деңгейдегі білім байқауларында, ғылыми жобалар сайыстарында білімді маман екенін бірнеше рет дәлелдеген. Әлі күнге апайдың еңбегін айтып, ол кісіні үлгі тұтамыз. Ұлағатты ұстаздың тағы бір ерекше қыры, ол кісінің жүрегі өте кең. Шәкірттері үшін жанын беруге даяр мерейлі мұғалімнің тыным таппай ұзақ жыл білім беру саласында жемісті, жеңісті еңбек еткенін ауданымыздың педагогтары жақсы біледі. Ардагерлік кезеңге абыроймен жеткен абыройлы ұстазға зор денсаулық тілейміз. «Ұстаз шәкіртімен мың жасайды» деген қағиданы негізге алар болсақ, Қынаш Әуелбекова адал еңбегімен, іргелі ізденісімен мың жасайтын тұлға. Министрдің марапаты қажырлы еңбекке берілген лайықты баға деп білеміз, – деді орта мектеп директоры Ж.Ашықбаев.
Ұстаздың өзі де марапатқа ризашылығын білдіріп, шынайы алғысын айтты.
– Нағыз ұстаз үшін оқушыға сапалы білім беріп, шәкірт жүрегіне жол тапқаннан асқан бақыт жоқ шығар. Ал сол еңбек еленіп, министрдің өзі мән беріп жатса, зор қуаныш емес пе! Сондықтан баршаңызға рақметімді айтамын. Мені марапатқа ұсынған орта мектеп ұжымы мен аудандық білім бөліміне ризашылығым шексіз. Бүгінде ардагер болсам да мектебімнің жақсы жаңалықтарына тілектеспін. Ауылымыз дами берсін, – дейді Қынаш Әуелбекова.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ