Несие пайызын қалай шектейміз?
Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігін тұрмысы төмен тұрғындардың несие алу мүмкіндігін шектеу емес, несие пайызын шектеу мәселесі ойландыруы тиіс еді. Бірақ бұл жолы да олай болмай шықты. Қаржы секторындағы қос институт ішкі нарықтағы халықты несиелендіру жұмысын жүйелендіруге кірісіп кетті.
Тәбетін тежей алмай отыр
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова қаңтар айының басындағы Үкімет отырысында Қазақстанда тұтынушылық несиелендіруді реттеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты. Бұл жолы да төлем қабілеті төмен азаматтардың несие алу мүмкіндігін шектеуге басымдық берілмек. Бұл бап МҚҰ-ларға да қатысты. Енді екінші деңгейлі банктер мақұлдамаған азаматтарға микроқаржы ұйымдарының да есігі жабық. Сарапшылар бұл мүмкіндікке МҚҰ-лардың тәбетін тежеу арқылы ғана қол жеткенін айтады. Егер жүйелі үйлестірсек, бұл да сәтімен келген шешім болғалы тұр.
Бұл мәселе мемлекеттік деңгейде 2019 жылы көтерілді. Халықтың ЕДБ алдындағы деңгейі «қызыл сызықтан» асып бара жатқан соң мемлекеттік деңгейде несиелік амнистия жарияланды. Бұдан кейін, 2020 жылдан бастап табысы төмен азаматтарға кепілсіз кредит беруге тыйым салынды. Бұл тыйым соңғы 3-12 айдағы отбасы мүшелеріне шаққандағы табысы күнкөріс шегінен төмен азаматтар санатына қатысты болып келді (2021 жылы – 42 500 теңге). Алайда бұл талаптың орындалуы қиын екенін сарапшылардың бәрі айтты. Құзырлы орындар талап қойғанымен көпшілік несиеге деген тәбетін тежей алмады. МҚҰ мен екінші деңгейлі банктер кепілдік тапқандарға несие беруін тоқтатқан жоқ. Бірінші несие бюросының мәліметінше, 2011 жылы жеке тұлғаларға берілген кредит көлемі 2,29 трлн теңгені құрады. Оның 990 млрд теңгесі – кепілсіз тұтынушылық несие. Бұл көрсеткіш тек өсе берген: 2017 жылы – 4,49 трлн, 2018 жылы – 5,18 трлн, 2019 жылы – 6,38 трлн, 2020 жылы – 7,16 трлн теңге. 2021 жылдың 10 айында қазақстандықтардың алған несиесінің жалпы көлемі 9,93 трлн теңгеге жетті. Соның 5,77 трлн теңгесі тұтынушылық мақсатта ресімделген. Бұл статистикадан Қазақстан халқының жартысына жуығы қарызбен өмір сүретінін, бұған Үкімет пен Ұлттық банк те мойынсұнып қалғанын байқауға болады. Себебі 2019 жылдан бергі уақыттағы тұтынушылық бағытта берген несиенің қанша пайызының қайтқаны туралы мәліметті еш жерден таппадық. Сарапшылар мұның себебі қайтпай қалған қарыздың статистика базасына енбегенінде дейді. Себебі оны нақтылап отыратын ортақ жүйе жоқ.
Жеке тұлғаларға берілетін несиенің артуы бағаның өсуіне және өндірістің даму мүмкіндігінің төмендеуіне соқтыратын үдеріс екені белгілі. Қаржы нарығы өкілдері бұл жолы тек ЕДБ ғана емес, МҚҰ-ны назарға алып, тәуекелі жоғары тұтынушылық несиелерге қосымша шектеулер енгізуді жоспарлап отыр. Нәтижесінде, банктердің ғана емес, МҚҰ-ның да төлем қабілеттілігі жеткіліксіз қарыз алушыларға несие беруі шектеледі деген үміт бар. Сарапшылар банк секторы бұл қадамға дайындықпен келгенін айтуда. 2021 жылдың 1 қазанынан бастап азаматтардың кредиттері бойынша мерзімі өткен берешекті реттеудің міндетті ортақ тәртібі заң жүзінде енгізілді. «Енді банктер мен МҚҰ-лар проблемалы борышкерлердің қаржылық жағдайын жеке тәртіппен бағалауға және мерзімі өткен берешекті қайта құрылымдау шарттарын айқындауға міндетті болады», деп хабарлады Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.
Үкімет бұл қадамға өзге амалдың жоқтығынан барып отыр. Ұлттық банк осы мәселеге қатысты шешім қабылдар кезде МҚҰ мәселесін де қаперге алу керектігін жеткізді. Несие алуға үйреніп қалған ағайын бұл проблеманы МҚҰ арқылы шешіп келгені белгілі. 2019-2021 жылдар арасындағы тұтыну несиесіндегі МҚҰ үлесін зерттеу жеке талдауды қажет етеді. Салыстыру үшін айтсақ, ЕДБ-да несие пайызы – 19-25 пайыз болса, МҚҰ-дағы несие 56 пайызға дейін жетеді. Ұлттық банктің соңғы шешімдері МҚҰ мен ЕДБ несиесінің пайызын бір-бірімен деңгейлестіруге бағытталып отыр.
Қаржыгер Әнуар Үшбаев дамыған елдерде экономикалық белсенді халықтың кемі 50 пайызы несиемен өмір сүретінін, бұл шындықты біздің де қабылдауымыз керегін айтады. Сарапшының байламынша, елімізде экономиканы, халықты несиелендірудің қазақстандық үлгісімен алға жүре беру мүмкіндігі уақыт өткен сайын шектеліп келеді.
Банк құрылтайшыларын байытуға қызмет етеді
Қазақстандағы «Агропромбанк» басқармасының төрағасы болған қаржыгер Бейсенбек Зиябеков табысы төмен азаматтарға несие беруді шектеу мәселені шешпейтінін айтты. Яғни елімізде несиенің мөлшерлемесін есептеу амалы өзге елдерден өзгешерек. Нақты айтқанда, халықты емес, банктің құрылтайшыларын байытуға көбірек назар аударылды. Мәселен, дамыған елдерде қарыздың негізгі бөлігі мен қарызын алғашқы жылдан бастап өтейді. Ал елімізде 5 жыл мерзімге несие алған азамат алғашқы 1,5 жылда пайыздық мөлшерлемені, содан кейін барып негізгі қарызды өтеуге көшеді. Бұл жерде банктер өз пайдасына басымдық беріп, заңды өздеріне икемдеп алған. Сәл ғана қаржылық сауаты бар адам несие тарихын зерделесе, банк алдындағы негізгі қарыз алғашқы 1,5 жылда өтелетінін, қалған 3,5 жылдағы несие банк құрылтайшыларының қалтасында қалатынын зерделеуге болады. Мұның жай-жапсарын түсінбеген тұтынушы банктен талап ете алмайды. Қаржылық сауаттылық кемшін, тұрмыстық қажеттілікті несие арқылы қанағаттандыру алды-артын ойлауға мүмкіндік бермейді. Бұл – бізді дамыған елдердің қаржы жүйесі талабынан алшақтатып тұрған фактор. Екінші мәселе, банк құрылтайшыларының жауапкершілігі мен міндеті туралы мәселе бұл жолы да тасада қалды.
«Бізде Ұлттық банк те, Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі де оператор қызметімен шектеліп отыр. Басқаша айтқанда, Ұлттық банктің екінші деңгейлі банктерден айырмашылығы аздау болып тұр. Халықаралық талап бойынша, банк капиталының 10 пайызы акционерлердің қаржысынан, 90 пайызы депозит салымдарынан тұруы тиіс. Бізде бұл талап сақталмайды. Банк капиталында акционерлер үлесінің қандай екені бүгінге дейін құпия. Бұл құпиялылық банктер банкротқа ұшыраса, қайтарылмаған қарызды проблемалы несиелер санатына жіберуге жол ашып тұр», дейді Б.Зиябеков.
Иә, тұтынушылық несиелендіру көлемі өсуінің себебі осы. Банк секторына қатысты заң талаптарын қатайтпай жағдай түзелмейді.
«2000 жылдардың басында банк пен мемлекет бір-бірінен ажырады. Әу баста Үкіметте «банктер жекеменшікке айналса, капиталы құрылтайшыларының жеке қаржысы есебінен көбейеді, Үкіметке қол жаймайды. Бұл несие пайызының төмендеуіне алып келеді», деген үміт болды. Бірақ Үкімет тарапынан қатаң талап болмағандықтан, жағдай керісінше болды. Банк құрылтайшылары үкіметтен демеуқаржыны үстемелете сұрап, табысын офшор арқылы шетелге жіберді. Сол кезде біраз қателіктерге жол беріп алдық. Банктерге иелік еткісі келген құрылтайшыларға жеке қаржысын банк капиталын көбейтуге жұмсауға міндеттеуіміз керек еді. Бірақ біз ол талапты қоя алмадық. Тәуелсіздік тарихында жеке капиталын банктің жұмысын жақсартуына жұмсаған банк жайлы естімеппін», дейді Б.Зиябеков.
Банк жүйесі сенімсіздік синдромының құрбанына айналып келді. Себебі елдегі ірі компаниялар шетелдік банктерге жүгінсе, ШОБ екінші деңгейлі банктердің есігін айналсоқтап келді. Б.Зиябеков осы ретте «Агропромбанкты» ашатын кезде тәжірибе алмасу үшін Германия, Аустрияның ЕДБ-да тәжірибеден өткенін, бұл елдердегі жекеменшік банктердің мемлекеттен тәуелсіз екенін, несие пайызы құрылтайшыларының қаржысы арқылы жүретінін еске түсірді. Жеке құрылтайшылар мен банк арасындағы мұндай байланыс нарықта ашық бәсеке орнауына мүмкіндік береді.
«Елдегі ірі компанияларда шетелдік компаниялардан төмен пайызбен несие алу мүмкіндігі бар. Ал ШОБ, қарапайым халық ЕДБ-ның 25 пайыз несиесіне тәуелді», дейді ол.
«Қазан-табақ» экономикасынан аса алмадық
Қаржыгер елде несие пайызын төмендетуге болатынын жеткізді. Бұл үшін банк құрылтайшыларының жауапкершілігін күшейту керек. Сонымен бір мезгілде Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің азулы болуы біраз мәселені шешуге сеп болары анық. Қазіргі жағдайда, Ұлттық банкті қарапайым халықтың несие алу мүмкіндігін шектеу емес, оны барынша қолжетімді ету мәселесі толғандыруы тиіс. Сарапшы айтып өткендей, банк капиталына жеке құрылтайшылардың қаржысын тарту еліміздің тәжірибесінде жоқ үрдіс. Ұлттық банктің қаржы ұйымдарына беретін мөлшері – шамамен 12 пайыз. Мұны қаржы тілімен айтқанда «Ұлттық банктің маржасы» дейді. Бұл көрсеткіш елдегі инфляция деңгейіне байланысты өзгеріп отырады. Ұлттық банктен 12 пайызбен несие алған ЕДБ 15 пайызбен несие берсе де шығынға батады. Ал Ұлттық банкте инфляция деңгейінен төмен пайызбен несие беруге мүмкіндік жоқ.
Әлемдік тәжірибеде мемлекеттің бас қаржы институты екінші деңгейлі банктерді қаржыландыруға міндетті емес. Ұлттық банк экономиканы қаржыландыруды бір орталықтан үйлестіріп отыру үшін осындай қадамға барып отыр. Осы ретте сарапшы 2008-2009 жылдардағы қаржы дағдарысы кезінде банктерді сауықтыруға 4 млрд доллар бөлінгенін еске салды. Сол кезде тәуелсіз сарапшылар «банктің артында тұрған құрылтайшылар қаржы нарығында ашық бәсекелестікті қалыптастыру үшін қандай құрбандықтарға барды?» деген сауалды ашық қойды. Бірақ оған жауап болмады. 2017 жылы 410 млрд теңге берілді. Бұл қаржы нарығын сауықтыруға жанама әсер ете алмады. 2018 жылдан бергі мезгілде банк пайызының төмендегені байқалды. Бұл төмендеу несие ресімдеген кездегі комиссия шығынын шегеріп тастаумен ғана шектелді.
«Дәл қазіргі 19-25 пайыздың өзі қалтаны қарып өтеді. Дәл қазір халықтың несие алу құқығын шектеудің орнына несие пайызын төмендетудің мүмкіндігін қарастыру керек. Банк қалталы адамдар үшін табысты бизнес болғандықтан, оған қаржы салуға кез келген инвестор мүдделі. Қазақтың өз ішінен шыққан қалталы азаматтардың банктерді жекешелендіріп алуына, жеке қаржысын банк жұмысын жақсартуына жағдай жасайық. Қазіргі жағдайда банктің құрылтайшылары табысын экономикаға салуға ықыласты емес. Олар табысты Қазақстанда тауып, шетелде жұмсауға басымдық береді. Ал ІЖӨ-нің генераторына айналуы тиіс ШОБ-қа пайызы төмен және ұзақ мерзімге берілген несие керек. Дәл қазір банктерге экономиканы несиелендіру емес, 5-6 айлық тұтынушылық несие әлдеқайда тиімді. Бұл бағыт жалғаса берсе, біз нарықтық экономика емес, қазан-табақ экономикасына басымдық берген елге айналамыз», деп сөзін аяқтады Б.Зиябеков.
Тәуелсіз сарапшы Андрей Чеботарев те осы пікірді қолдайды. ДСҰ арқылы банк несиесін төмендетуге болады деген үміт ақталмады. Ішкі нарықтағы жүйесіздік банктік ландшафтың өзгеруіне ықпал ете алмады. Қаржылық капиталы мол банктер елге келуге ықылас танытпады. Елге келгендерінің өзі келген ізі суымай қайтып кетіп жатыр. Бұл құбылыс біздің елге абырой әпермейді.
«Қазақстандық банктердің несие көлемі Ұлттық банк белгілеген базалық мөлшерлемеге тәуелді. Бірде-бір банктің одан төмендеуіне мүмкіндігі жоқ. Содан кейінгі несие пайызына әсер ететін фактор – тәуекел. Қайтарылмай қалған несиенің бір бөлігі банк тәуекелін жабуға жұмсалатын пайыз есебімен жабылады. Содан кейінгі пайыз мөлшері банк депозитінің пайызына, инфақұрылымына, қызметкерлерінің жалақысына жұмсалатын шығынды жабуға бағытталған. Мұның бәрі сайып келгенде банк жүйесіне құрылымдық өзгерістер қажеттігін көрсетіп тұр. Банк саласына қатысты шешімдерді банк құрылтайшыларының пайдасына емес, салымшылардың мүддесіне басымдық беретін кез келді. Сол кезде ғана табысы төмен азаматтардың несие алу мүмкіндігін шектеу мәселесі өзектілігін жояды», деді А.Чеботарев.
Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»,
АЛМАТЫ