Ұлыбритания сарапшылары конституциялық реформаға қатысты пікір білдірді
Ұлыбританияда Конституция деп толыққанды аталатын бірыңғай құжат жоқ. Еуропадағы басқа мемлекеттерге қарағанда мұндағы сот төрелігі англосаксон жүйесіне негізделген, деп хабарлайды «Хабар 24».
Үкім шығарарда сот прецедентіне сүйенеді – бұрын қаралған істерді үлгі ретінде алып, төрелігін айтады. Жиынға қатысушы британиялық заңгерлердің барлығы осы салада тәжірибесі мол мамандар. Олардың пікірінше, Қазақстандағы конституциялық реформалар елдегі құқық қорғау институттарын күшейтеді.
Фелисити Каллен, Ұлыбритания адвокаттары және заңгерлері қауымдастығының төрайымы:
– Конституциялық реформалар жүзеге асайын деп жатқанын біліп, жылы қабылдап жатырмыз. Жуық арада референдумның нәтижелерін естиміз деген үміттеміз. Алқабилердің қатысуымен сот қарайтын істердің санаттарын кеңейту бастамасын қолдаймыз. Ұлыбританияда бұл жағы жақсы жолға қойылған және нәтижелі жұмыс істеп келеді. Басқосуға Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьяларымен қатар Қаржы министрлігі және Қазақстан салық төлеушілері қауымдастығының өкілдері де қатысты. 13 адамнан тұратын делегация мүшелері бұдан бөлек Ұлыбритания Жоғарғы сотының, Корольдік салық салу институтының, Салықтық және кедендік алымдар жөніндегі басқармасының басшыларымен кездесіп, пікір алмасты. Судьялар британиялық сот істерінің прецеденті жүйесі елімізде толық болмаса да ішінара енгізіліп жатқанын алға тартты.
Нұржан Қайыпжан, ҚР Жоғарғы сот судьясы:
– Мысалы Жоғарғы сот немесе облыстық сот бірнеше даулардың ішінен бір істі сұратып, істі негізінен қарап шығады да сол сияқты дауларды қараған кезде судьялар сол үлгілі сот шешімін негізге алу керек, басшылыққа алу керек. Осы мәселелерді біз қазір енгізіп жатырмыз.
Марат Сұлтанғазиев, ҚР бірінші Қаржы вице-министрі:
– Салық жағынан сұрақтар болды. Әр күні жаңа мекемемен, жаңа мемлекеттік органдармен кездесулер болды. Жалпы бұлардың системасы бұрыннан бері дамып келе жатыр. Салық кеңесшілері системасы, бүгін салық өкілдері деп айтылады. Солармен таныстық. Өйткені Қазақстанда бұл мәселелер де өте өзекті. Қазақстандық тарап сапар барысында алған ақпараты мен жинаған тәжірибесін өз салаларында пайдаланбақ. Атап айтқанда Қазақстан Республикасы ұлттық заңнамасын және салықтық әкімшілендіру практикасын жетілдіруде басты назарға алмақ.