Баба рухына ас берілді

Құлболды ишан ХVІІІ ғасырда өмір сүрген. Ол – әйгілі Қожа Ахмет хазірет сұлтан негізін салған софылық діни ілімнің Тұран өңіріндегі ең соңғы өкілі саналатын Қажы Мәді Қожаның үлкен ұлы Қожаның бесінші ұрпағы саналады. Қасиетімен дараланған тұлғаның қорымына барған көпшілік рухына Құран бағыштады. Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев сөз сөйлеп, есімі елге белгілі қайраткердің өмір жолына кеңінен тоқталды.
– Бүгінгі ізгілікті іс-шараның рухани құндылығы ерекше. Өмірінің соңына дейін ілім іздеп, ислам дінін уағыздаған Құлболды ишан Ысмайыл Әздүр молдадан арабша оқып үйренген зерек бозбала болған. Бұқарадағы «Мір Араб» және «Көкілташ» медреселерін бітіріп, одан соң Сыр бойындағы Айтқожа, Марал ишандармен бірге Ауғанстан еліндегі ислам шейхынан дәріс алғандығын жақсы білеміз. Расында, қасиетті баба тек дін саласын емес, жалпы елдің орташа сауаттылығын қалыптастыруға, сонымен қатар, ел арасында ынтымақ пен бірліктің тұрақтануына үлкен үлесін қосады. Айта кетейік, Құлболды ишан кесенесі қайтадан жаңғыртудан осыдан 23 жыл бұрын өткен болатын. Игілікті іске ауыл-аймақ түгел атсалысты. Күні бүгінге дейін дін ғұламасының тапқырлығы, бойындағы қасиеті, дарындылығы, білімділігі ел аузында айтылып келеді. Тың бастама көтеріп, қайраткердің есімін ұлықтап жатқан елдегі ағайынға алғыс айтамын, – дейді Димаш Серікбайұлы.
Келелі істің қасынан игі жақсылар табылып, рухани тұрғыдан баба еңбегін дәріптеу жүзеге асты. Бұл ретте Мемлекет және қоғам қайраткері Ибрагим Әбибуллаев, мемлекеттік қызмет саласында еңбек еткен Қамар Рүстемов ел-жұртқа ақжарма тілегін жеткізді. Сонымен қатар жиналған қауым күздің басты нышаны – тал егу іс-шарасына белсене қатысты.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ