СОТ ЖҰМЫСЫ ҮШ ТОҚСАНДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ
Елбасы Н.Назарбаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында сот және құқық қорғау жүйелерін институционалды тұрғыдан өзгерту жүзеге асырылып жатқанын, заңнамаға қылмыстық процестегі азаматтардың құқықтарын қорғау ісін күшейтуді, оның әсіре қатаңдығын бәсеңдетуді көздейтін нормалар енгізілгенін, адвокаттардың құқықтары мен сотқа дейінгі сатыдағы сот бақылауының аясы кеңейгенін, құқық қорғау органдарының өкілеттігі мен жауапкершілік шегі айқындалғанын айта келіп, болашақта азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қажеттілігін міндеттеген болатын.
Жақында аудандық сотта ағымдағы жылдың 9 айында қаралған істер мен атқарылған шаралар бойынша баспасөз мәслихаты өтті. Сот жүйесінің имиджін нығайтып, заң үстемдігі мен соттарға деген сенім деңгейін арттыру мақсатында өткен шараға аудан сотының төрағасы А.Абдулла мен сала қызметкерлері қатысты. Шара барысында сот төрағасы атқарылған жұмыстар туралы баяндап, статистикалық мәліметтерге тоқталып өтті. Ағымдағы жылдың 9 айында аудандық сотқа барлығы 89 адам жөнінде 56 қылмыстық іс түскен. Оның ішінде 34 іс бойынша 43 адамға үкім шығарылса, 17 іс бойынша 28 адамға қатысты іс өндірістен қысқартылған. Есепті кезеңде 3 жекеше қаулы қабылданған. Сонымен қатар 353 талап арыз және 18 іс түсіп, есепті кезеңде барлығы 347-і азаматтық іс қаралған. Оның 24 ісі сот бұйрығын шығарумен, 217 іс шешім шығарумен аяқталған. 92 іс өндірістен қысқартылып, 13 іс қараусыз қалдырылған және 1 іс соттылығы бойынша жолданған, қаралған азаматтық істер бойынша 2 жеке ұйғарым қабылданған.
Ал, ағымдағы әкімшілік істерге келер болсақ, 147 адамға қатысты 147 іс қаралған. Онда 122 адам әкімшілік жазаға тартылып, 25 іс қысқартылған болатын. Қаралған әкімшілік істер бойынша 34 жеке қаулы қабылданған. Медиаторлардың қатысуымен 60 азаматтық іс, 17 қылмыстық іс, 15 әкімшілік іс қаралған. Осы уақытқа дейінгі есепті мерзімде «Сот кабинеті» сервисі арқылы 353 талап арыз және 147 әкімшілік іс түскен. Қазіргі таңда барлық іс арнайы аудио-бейне жазба арқылы қаралып отырғанын атап өткен аудан сотының төрағасы А.Абдрахман баспасөз-мәслихатында Қазақстан Республикасындағы сот төрелігі сот өндірісінің ашықтығы мен жариялылығы қағидаларына негізделгендігін атап өтті. – Бұл қағидалар жай ғана мақсат емес, сот жүйесі туралы оң қоғамдық пікір қалыптастыру құралы болып табылады. Біздің елімізде жүргізіліп жатқан сот реформаларының нақты жетістіктері ретінде соттар қызметінің ашықтығын атап өтуге болады. Бұл – құқықтық мемлекеттің негізі болып табылады, – деді.
Шара қорытындысында сұрақтар қойылып, тұщымды жауап алынды.
Айдана МАРАТҚЫЗЫ
Пікір 1