Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » ЖЫРАУЛЫҚ ӨНЕР ЖАНАШЫРЫ

ЖЫРАУЛЫҚ ӨНЕР ЖАНАШЫРЫ

Әдетте, ес білген шағынан еңбек етіп, дала төсінде тыныш таппай маңдай терін сарпыған еңбеккерлер жөнінде мақала жазу көп уақытты алмауы мүмкін. Өйткені, «Еңбек бәрін де жеңбек» деп жүрген жандардың жасаған еңбегін, күнделікті тіршілігін тізбектеп өту әсте қиындық тудырмайды. Ал сөздің майын тамызып, қарымды қаламгер ретінде танылған тұлғалар туралы қалам тербегенде ойланып қалатының рас. Себебі, сүбелі сөзді сүйектен өткізетін олардың ұлттық руханиятқа сіңірген еңбегін судыратып емес, сусындатып жеткізу керек. Мұны айтуымыздың себебі, реті келгенде «Қазақстанның құрметті журналисі», қарымды қаламгер Өтеген Жаппарханға арнайы барып, сұқбат құрған едік. Міне, сол тілдесуден кейін түйген түйін осы болды.
Болмысы бөлек жанды Сыр жұртшылығы жақсы таниды. Тіптен, Өтеген Жаппархан есімі қазақстандықтарға етене таныс. Олай дейтін себебіміз, Сыр топырағында туып-өскен журналистің қарымды қаламгер ретінде елге тигізген пайдасы көп. Осы тұста, алдымен оның өмір жолына, қызметіне тоқталып өтсек.
Биыл сексеннің сеңгіріне шыққан Ө.Жап­пархан 1938 жылы көктемнің соңғы айында Сарысу өзені бойында, яғни бұрынғы Сырдария ауданы «Коммунизм» ұжымшарында қарапайым шаруа отбасында өмірге келген. Халықтың жоғын жоқтап, қуанышын бөліскен журналист бала шақтан алғыр болып өскен. Жастайынан журналистік қызметке қызыққан ол мектеп бітірісімен Алматыдағы ҚазМУ-дың «Журналистика» факультетіне түскен. Жоғары оқу орнын бітірген жас тілші аудандық «Коммунизм таңы» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, кейіннен Қызылорда облыстық радиохабары және телевизия басқармасында редактор, бас редактор қызметтерін атқарған. Сондай-ақ, облыстық «Ленин жолы» («Сыр бойы») газетінде де жұмыс жасап, Сыр жаңалықтарын жеткізген. Ал одан соң «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінің Ақтөбе, Жезқазған, Қызылорда облыстарындағы мен­шікті тілшісі қызметтерін абыроймен атқарыпты.
– 10-сынып оқып жүргенде аудандық газеттің бас редакторы Сыдық Алдабергенов «Оқуыңды кешкілікке ауыстырып, басылымда жұмыс жасасаң қайтеді» деген ұсыныс айтты. «Журналист болсам» деп жүргенде мұндай ұсыныстан қалайша бас тартпақпын, туыстарыммен, ұстаздармен ақылдасып, газетке жұмысқа келдім. Содан бастап қызығы мен қиыншылығы мол журналистік қызметке кірісіп кеттім. Көбіне баспаханада жүрдім. Оқуға түсемін дегенше осы жерде еңбек етіп, партияға кандидат болдым, – деген ардагер-журналист журналистика саласының барлық сатыларынан өткенін айтты.
Қазақ баспасөзі саласында есімі ерекше аталатын аға журналист қызмет жолында жүргенде көптеген мәселелердің шешілуіне түрткі болған. Көпшілік «Өзі тік, сөзі нық» дейтін жан күрмеулі мәселелерде сыни мақалалар жазып, халықтың жоғын жоқтай білген. Сол үшін де «Қазақстанның құрметті журналисі» атанған. Бұл кез келгенге бұйыра беретін атақ емес. Олай дейтін себебіміз, Өтеген Жаппархан қазақ баспасөзінде облыстың бірінші басшысына фельетон жазып, сынаған журналистердің алғашқыларының бірі. Қаламгердің есінен кетпейтін бұл оқиға Жезқазған қаласында меншікті тілші болып жүрген сәтінде болған екен.
– 1986 жылы наурыз айының соңғы күні болар. Редактор Балғабек Қыдырбекұлы ертеңгі сағат 8.30-да пәтеріме телефон соқты да суыт амандасып: «Сонда 21 жылдан бері бітпей тұрған металл құю зауытының құрылысы бар. Сол жөнінде фельетон жаз. Ертең 11-де стенографисткаға беретін бол» деді. Міне, қызық! Ойым сан-саққа жүгірді. Енді аз күнде, яғни 5 ақпанда Қазақстан Компартиясының ХҮІ съезі ашылады. Съезге байланысты берілген тапсырмаларды түгел орындағанмын. Мұндай жауапты уақытта фельетон берілмейді ғой. Бұл мені сынаудың бір әдісі шығар деген күдік биледі, – деген Өтеген аға оқиға жайлы тарқата айтып берді. Абырой болғанда жарты ай бұрын құрылысқа арналған актив жиыны өтіп, сонда обкомның бірінші хатшысы жоғарыдағы мәселе жөнінде ашық айтыпты. «Осыдан 21 жыл бұрын мен қала парткомының бірінші хатшысы кезімде сол зауыттың іргетасын қалауға қатысып едім. Сол тірлік әлі табандап тұр» дегенді және бұдан кейін жұмыс ауыстырып, 17 жылдан соң облысқа бірінші хатшы болғанына 4 жыл өткенін, сақалды құрылыстың бой көтермей тұрғанына 21 жыл болғанын өз аузымен айтқанын меншікті тілші түртіп алған. Бұдан бөлек, қосымша мәліметтерді де сұрап алып, аз уақытта фельетон жазылады. Ол дер кезінде республикалық басылым бетінде жарияланыпты. Газет тараған күннен бас­тап Жезқазғанда дүрбелең болып, журналистке телефон соғушылар қатары көп болған.
– «Обкомның бірінші хатшысы жөнінде фельетон жазатын не деген батырсың, әй!» деп Кеңесхан хабарласып, байқап жүруім керектігі жөнінде жанашырлығын айтып жатыр. Артынша жан баласына жылы сөзін қимайтын Н.Мұфтахов телефон соғып: «Сен бәріміздің қолымыздан келмеген ерлік жасадың» - деп мерейімді өсіріп қойды. Жанат пен Әділ де хабарласып: «Жарайсың, батырым!» деп жатыр. Олар бұл дүниенің редактордың тапсырмасымен жазылғанын білмейді, әрине! Ал мен де жігіттердің «батырым» дегеніне еш түсінгенім жоқ, –дейді ардагер-журналист. Осыдан соң обкомның бірінші хатшысы «мұны құртамын» деп ЦК-ға қоңырау шалған. Десе де, қолдау болмаған. Нәтижесінде, сақа тілші жазған фельетоннан облыстың бірінші басшысы орнынан алыныпты.
Арнайы барғанымызда қарымды қаламгердің ұлттық құндылықтар жанашыры екенін де білдік. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлттық бірегейлікті сақтауда «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деп атап көрсетті. Міне, осылардың ішінде ұлттық рухты бойға дарытатын қазақы музыканың түп-төркіні болған жыраулық өнерді насихаттаушылардың бірі осы кісі.
Толғау, терме түрінде келетін жыраулық өнер – көне дәуірден қалыптасқан қазақы құндылықтардың қаймағы. Бұл арқылы қоғам тағдыры, елдік мүдделер кейінгі ұрпаққа насихатталады. Сүлейлердің мекенінде бұл дәстүр жақсы сақталған. Ө.Жаппархан осы жыраулық өнерді дәріптеушілердің толғауларын жаттап, жинақтап, күнделікті тыңдап отырады екен. Ол жыраулық поэзияға бала шақтан ынтық болған.
– Мен 3-сынып оқып жүргенде ауылға аманкелділік Рахмет жырау Мәзқожаев келді. Жырау алғашқы үйге түсіп, жыр-толғауларды жырлайды. Мен сол үйге барып, іргеде жатып тыңдап, жаттап аламын. Келесі күні басқа үйге қонақ болып, тұрғындарды жырларымен сусындатады. Ол үйге де барамын. Әр күні үйге келіп, жырау айтқан насихат өлеңдерді айтып беретінмін. Бір күні Рахмет жырау Ұлбике мен Күдерінің айтысын айтты. Оны да жаттап алдым. Өзім жыр-толғау тыңдауға құмар болып өстім, – деді сақа тілші.
«Егемен Қазақстан» газетінің 90 жылдығында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, профессор М.Жолдасбековпен қатар отырған сәтте жыраулық өнер жанашыры бала кезінен Ұлбике ақынның айтыстарын жаттап алғанын айтады. Сол кезде филология ғылымдарының докторы айтысты айтып беруін өтінген. Содан Ө.Жаппархан Ұлбике мен Жанкелдің айтысын іркілместен бастайды.
Көктемде Жанкелдің де, Ұлбикенің де елдері қыстаудан жайлауға көшеді. Сонда Жанкелдің көш-жөнекей келіп, Ұлбикеге тиісіп айтқаны:
Көк қамыс құрақ-құрақ сайда болар,
Көп жылқы көк алалы байда болар,
Келіп ем Ұлбикеден сұрағалы
Кешуі Көкөзектің қайда болар, - дейді.
Ұлбике:
Жүрмейсің, Жанкел кедей, аттай жарап,
Келеді әкең, байғұс, алдыңды орап,
Жылқың өтпей бара ма, жазған кедей
Кешуін Көкөзектің менен сұрап, – деп жауап қатқан.
Осылай басталатын айтысты тыңдаған соң Мырзатай Жолдасбеков қарымды қаламгермен бөлек бөлмеге барып, қос ақынның айтысын толық тыңдайды. Одан кейін бұл зерттелмей жүргенін, осыған арнайы зерттеу мақала жазу керектігін тілге тиек еткен. Содан барып Сыр өңірінен шыққан ақын қыз туралы белгілі журналист мақала жазып, аудандық, облыстық, республикалық басылым беттерінде жарияланыпты. Ардагер-журналисте Ұлбике ақынның айтыстары жинақталған «Ұлбике» деген кітап та бар екен.
Әңгіме үстінде қария бала кезінде көрген Рахмет жырауды Алматыда оқып жүрген кезде арнайы іздеп барғанын да айтты.
– 1960 жылы студент кезімде академия тұсынан өтіп бара жатқанымда «Республикалық жыраулардың жиыны болып жатыр. «Көрұғлы» дастанын пленкаға түсіру жұмыстары жүруде» деген хабарламаны оқыдым. Содан жиынға бардым. Сөйтсем, дастанды 64 жырау жырлапты. Олардың көбісі батыс жақтан екен. Аймақтан 7-8 жырау қатысқан. Солардың ішінен дастанды жырлауға Рахмет жырау таңдалыпты, – деген қаламгер оны арнайы іздеп барғанын жеткізді. 92 жасқа келіп өмірден өткен жырау ол кезде 72 жаста екен. Содан бір ай жатып «Көрұғлы» дастанын арнайы пленкаға жаздырған. Еліміз бойынша атақты жырау жырлаған дастанның түпнұсқасы қазіргі таңда «Алтын қорда» сақтаулы болу керек. Ардагер-журналист пленкаға түскен дастанның көшірмесін аймаққа алдыру қажеттілігін айтты.
Өтеген Жаппархан облыстық радиохабары және телевизия басқармасында жүргенде осы жыраулық өнерді кең насихаттауға ерекше еңбек еткен. Оның ішінде, «Жиенбай жыр жүйрігі кетедегі, Шәкірт қып талайларды жетеледі» дегендегі Жиенбай жыраудың немересі Көшеней жырау жырлаған эпостық дастандарды арнайы жаздырып, радиодан беруге мұрындық болған. Осы қызметте жүргенде белгілі журналистке Сырдария аудандық газеттің бас редакторы қызметі ұсынылыпты. Алайда, қарымды қаламгер бұл қызметтен бас тартқан.
Ұлттық құндылықтардың сақтаушысы Ө.Жаппарханның үйіне қазір барсаңыз Сыр сүлейлерінің, қазақ жырауларының жыр-термелері, толғау, дастандары сақтаулы. Бұларды өзі күнделікті тыңдап отырады екен. Біз барғанда да бірнеше термелерді тыңдатты. Ардагер-журналисттің жеке қорында 57 сағат бойы 25-ке тарта жырау орындайтын атақты «Шахнама» дастаны, 10 сағаттық «Сыр сүлейлерін сұрасаң» атты музыкалық антологиясы, аманкелділік «Халық ақыны» Қуаныш Баймағанбетовтың жыр-термелері жинағы, Қазақ дәстүрлі музыкасының антологиясы, «Әлеумет сөзіме құлақ сал», «Елім деп өткен ер бабам» секілді және басқа да жыршы-термешілердің жинақ дискілері бар.
Қазіргі қазақ жастарына жетпей жүрген осы жыраулық өнер. Осы құндылыққа кейінгі буын аға журналист секілді жастайынан құмар, ынтық болып, тәрбиелік мәні зор насихат өлеңдерді жаттап алса, әдет-ғұрпымыз, салт-дәстүріміздің сақталуына септігі тиер еді. Оның үстіне, жыр-терме тыңдап өскен жан жамандыққа бармасы да анық. Қайта қарымды қаламгер секілді елге тигізер пайдасы көп болатыны сөзсіз. Сол себепті, белгілі журналист Өтеген Жаппарханның кейінгіге көрсетер үлгі-өнегесі мол және онымен біз мақтануымыз қажет.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
09 қаңтар 2018 ж. 1 717 0