Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Уытты әзілдің салмағы ауыр

Уытты әзілдің салмағы ауыр

Күнделікті жұмыс ауанымен, яғни газетке мақала дайындап отырғанымда, ұялы телефоныма қоңырау келіп түсті. Хабарласқан Тереңөзек кенті клубының әдіскері Ержан Жүнісов екен. Телефонның ар жағындағы Ерекең:
– Біздің мәдениет ошағында байқау болатын еді. Әділқазы болуға шақырып жатырмыз.
– Жазба ақындар мүшәйрасы ма? Әлде...
– Жо-жоқ, сатиралық көріністер байқауы.

Осылайша ортақ диалогтан кейін форматы ерекше байқауға баруға байлам жасадық. Көбіне көркем сөз, ән, би, өлең шығару байқауларына бара­тын біз үшін сатиралық шығарма орындаушыларының бәсекесі таңсық көрінді. Дегенмен аудан көлемінде көптен бері қолға алынбаған іс-шараның мән-мағынасы тереңде жатқанын ұғына білдік.

Аудандық байқауға 10 елді мекен­нің мәдениет ошағының мамандары қатысып, жарыс көрігін қыздыра түсті. Мәдениет саласының майталмандары байқау ережесіне сәйкес мо­нолог, интермедия, пародия сынды түрлі сатиралық жанрларды толықтай қамтыды. Өз кезегінде Тереңөзек кенті клубының директоры Еркін Әбдіреев аудандық байқаудың өту барысы мен маңыздылығына тоқталды.

– Сатира – әдебиеттің сыншыл бағыты. Оның басты мақсаты – күлдіре отырып, ойландыру. Қазақ әдебиетінде сатираның бастауын ауыз әдебиетінен, халық арасындағы әзіл-сықақтан, мы­салдар мен шешендік сөздерден көруге болады. Бұл дәстүр кейін жазба әдебиетте жалғасып, кәсіби деңгейге көтерілді. Сыр өңірі – қазақ руханиятының ежелден қалыптасқан ірі орталығы. Бұл өңірден шыққан ақын-жазушылар сөз өнерін жоғары деңгейге көтеріп, ұлттық әдебиеттің дамуына зор үлес қосқан. Оның ішінде сатира жанрында қалам тербеген ақиық Асқар Тоқмағанбетов есімін ерекше атауға болады. Бүгінгі іс-шараның мақсаты – әртістік шеберлікті шыңдау, тапқырлық пен шешендік өнерді дамыту, қатысушылардың мәдени деңгейін көтеру және сахна мәдениетін қалып­тастыру. Қазақ халқына тән астарлы әзіл мен ұлттық юмор арқылы адам бойындағы адалдық, ізеттілік секілді асыл қасиеттерді дәріптеу көзделді. Күлкі терапиясы арқылы көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, сатирашылар арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасалды, – деді Еркін Әбдіреев.

Уытты әзіл мен шымшыма сөзден құралған сатиралық көріністерге әділ бағасын берген қазылар алқасының құрамында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ақбота Асанова, мәдениет үйі директорының орынбасары Әзиз Садықов, «Тіршілік тынысы» газеті бас редакторының орынбасары Балтабай Ордабеков болды.

– Сыр өңірінің сатирасы — қазақ әдебиетіндегі халықтық юмор мен шынайы өмір көріністеріне негізделген ерекше құбылыс. Бұл өңір ежелден жыраулар мен ақындардың, сөзге шешен, ойға жүйрік адамдардың ме­кені болғандықтан, мұнда әзіл мен мысқыл, тапқырлық пен астарлы ой қатар дамыған. Сатира да осы рухани дәстүрдің жалғасы ретінде қалыптасып, қоғамдағы кемшіліктерді күлкі арқылы жеткізудің тиімді тәсіліне айналды. Бүгінгі іс-шарадан терең мағынаға негізделген көптеген шығармалардың мазмұнына қанықтық. Өнер ұжымдары пародия жанрын ерекше алып шықты. Сатиралық монологтың өміршеңдігіне көз жеткіздік. Тың дүниелердің жер­гілікті халықтың көңілінен шық­қанын аңғардық, – деді қазылар алқа­сының төрайымы Ақбота Асанова.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені сәкендік өнерпаздар иеленді. Ал І орынды шағандықтар, ІІ орынды шіркейліліктер, ІІІ орынды Нағи Ілиясов және Айдарлы ауылының өнерпаздары еншіледі. Өз кезегінде бесарықтық Сабыр Сүлейменов пен ақжармалық Айтмағанбет Темірханов­қа сатиралық монологты нақы­шына келтіріп орындағаны үшін арнайы жүлде тағайындалды. Барлық жеңімпаз бен жүлдегерге дип­лом мен қаржылай сыйлық табысталды.

Б. АЯБЕКҰЛЫ

25 сәуір 2026 ж. 95 0