Суретшілерге серпіліс сыйлаған байқау
ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай аудан көлемінде көптеген мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соған сәйкес, жасөспірімдерге ел егемендігінің қадірін ұғындыру, олардың шығармашылық қабілетін арттыру мақсатында аудандық сурет салудан онлайн байқау өткізілді. «Мен Тәуелсіз Қазақстанымды бейнелеймін» тақырыбындағы байқауды аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Тереңөзек кенті әкімдігінің қолдауымен Тереңөзек кенті клубы ұйымдастырды.
Онлайн байқауға жас суретшілер қатысып, белсенділік танытты. Олар Тәуелсіздік туралы түсініктерін қағаз бетіне бояулар арқылы түсіріп, азаттықтың арайлы таңын бейнелеген. Суретте бірі егемендік жылдары салынған зәулім ғимараттарды, «Тәуелсіздік» монументі мен «Алтын адамды» бейнелесе, енді бірі егемендік хронологиясын беріп, Қазақстан бейбітшілік, татулық орнаған ел екенін көрсете білген.
– Биыл тұғырлы Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейлі жылын атап өтудеміз. Осыған орай, жыл басынан айшықты іс-шараларды жоспарлап, еліміздегі жағдайға байланысты қашықтан ұйымдастырудамыз. Жасөспірімдер арасындағы суретшілер байқауы да ел егемендігінің мерейтойына арналып өткізілді. Бұл іс-шара жастардың арайлы азаттықтың қадірін біліп-түсінуіне септігін тигізеді, – дейді ұйымдастырушы Ержан Жүнісов.
Қазіргі карантиндік талаптарға сай өткізілген байқау қорытындысында бірінші орынды тереңөзектік Зейнеп Жәкебай иеленді. Ал екінші орынға С.Сейфуллин ауылынан қатысқан Алуа Темірбекова ие болса, үшінші орынды айдарлылық Бегімай Нұралы мен Тереңөзек кенті клубы атынан қатысқан Айжан Қамарбекова өзара бөлісті. Байқау жеңімпаздары дипломмен, талапкерлер «Алғыс хатпен» және естелік сыйлықпен марапатталды.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ