Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Таза сана – жарқын болашақ

Таза сана – жарқын болашақ

Сырдария аудандық прокура­турасының «Нашақорлыққа қарсы бір айлық акциясы» аясында аудан көлемінде түрлі іс-шаралар, спорттық ойындар, кездесулер, байқаулар ұйымдастырылып, акция өз жалғасын табуда. Осыған орай кент әкімдігінің және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, Тереңөзек кенті клубы коммуналдық мемле­кеттік қазыналық кәсіп­орынның ұйымдастыруымен «Таза сана – жарқын болашақ» атты жоғары сынып оқушылары арасында аудандық сурет салу байқауы өткізілді.

Іс-шараға Сырдария ауданы прокурорының орынбасары Ғалымжан Дүйсенбаев, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Жеңісбек Төрәлиев және оқушылар мен жетекшілері қатысты. Сурет байқауына аудандық мәдениет үйінің суретшісі Жәнібек Әбдіреев, «Тіршілік тынысы» газетінің тілшісі Алтынай Жүнісова және кент клубының әдіскері Ержан Жүнісов төрелік етті.

Байқау балалардың зиянды әдет­терден аулақ болып, өзін де өзгені де зиянды әдеттердің қасіретінен қорғай білуге үйрету, саламатты өмір сүру­ге баулу және шығармашылық ізденіске жетелеу мақсатында ұйым­дастырылды.


Байқау басталмас бұрын наша­қорлыққа байланысты видеоролик және драма үйірмесі мүшелерінің дайындаған әсерлі қойылымы қойыл­ды. Сондай-ақ кеш қонақтары наша­қор­лықтың зияны мен салдары және оның алдын алу туралы ақпарат беріп, оқушыларға түсіндіріп өтті.

Сайысқа кент және ауылдық округ­терден жалпы 9 оқушы қатысты. Қаты­су­­шылар өздерінің алдын ала салған суреттерін төрешілерге көр­сетіп, жұмысының қандай техникамен салынғанын және қандай бояу түрін қолданғанын, сонымен қоса мән-мағынасы мен идеясын түсіндіріп, таныстырып өтті. Сайысқа ұсынылған барлық суреттің сапасы да, салу идеясы да өте жоғары деңгейде болды. Әділқазы мүшелері ережені ескере отырып, салыстырмалы түрде өздерінің әділ бағасын берді. Байқау қорытындысы бойынша бәрінен оза шауып, өзгелерден сапалы әрі мән-мағыналы суретімен ерекшеленген жетікөлдік Тахмина Жиенбай бас жүлде иегері атанды. Жүлделі І орын иегері кенттің намысын қорғаған Аяжан Серікбаева атанса, ІІ орынға нағилық Зере Маханбет лайық деп танылды. Ал жүлделі ІІІ орынмен тереңөзек­тік Камила Аманғали марапатталды. Байқау жеңімпаздарына арнайы диплом мен сый-сияпат табыс­талып, барлық қатысқан оқушы­лар алғыс хатпен марапатталды. Осылайша Мемлекет басшысының тап­сыр­масы аясында қолдау тапқан нашақорлыққа қарсы бір айлық акция­сына аудан жасөспірімдері де үлес қосып, белсенді атсалысты.

А.ҚАЙРАТҚЫЗЫ
30 қараша 2024 ж. 42 0