Мерейді тасытқан мемлекеттік марапат
Республика күні – елдігімізді айшықтап, тәуелсіздігімізді ұлықтайтын, Отанға деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершілікті терең сезіндіретін ұлық мереке. Осындай ұлық мереке аясында ел игілігі жолында адал еңбек етіп, түрлі салада табысты қызмет атқарып жүрген азаматтардың еңбегі бағаланып, мемлекеттік наградалармен марапатталуы – зор қуаныш әрі үлкен мәртебе.Ұлық мерекеде жерлестеріміздің мерейі үстем болды. Мәселен, ҚР Қаржы министрлігінің «Есептілік және мемлекеттік қаржы-қаражат статистикасы» департаментінің директоры Гүлнәз Айсина «Құрмет» орденімен марапатталды. Жоғарғы марапат – оның мемлекеттік қызметтегі кәсібилігі мен жауапкершілігіне, ел экономикасы мен қаржы саласының дамуына қосқан үлесіне берілген жоғары баға. Өз саласында білімі мен тәжірибесін ұштастыра отырып, ел игілігіне қызмет етіп жүрген азаматтардың еңбегінің осылайша еленуі – өскелең ұрпақ үшін де өнегелі үлгі.
Сондай-ақ Сырдария ауданының тумасы, өнер саласында өзіндік қолтаңбасымен танылған Константин Луца да «Құрмет» орденіне ие болды. Өнер жолындағы табандылығы мен шығармашылық ізденісі, Қазақстан мәдениетінің өркендеуіне қосқан үлесі осындай құрметке лайық. Туған жердің атын асқақтатып, ел мәдениетінің дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың жетістігі – барша Сыр жұрты үшін мақтаныш.Осы қатарда талай жыл білім, мәдениет, мемлекеттік салада қызмет ете білген ардақты ана, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Ұлмекен Жаналиева «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталуы ерекше қуаныш әкелді. Мерейлі марапат ел анасының көп жылғы еңбегіне, кәсіби қызметіне және қоғам алдындағы жауапкершілігіне көрсетілген құрмет екенін жақсы білеміз. Адал қызметімен ел ықыласына бөленген жандардың жетістігі әрдайым көпке үлгі.
Ұлмекен Шанайқызының айтуынша, мұндай марапат адамның өзінен бөлек, бірге еңбек еткен әріптестеріне, отбасы мен туған жеріне де ортақ қуаныш сыйлайды.– Республика күні қарсаңында мемлекеттік марапатқа ие болу – мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Мерейді тасытқан марапатты көп жылғы еңбегіме берілген баға деп қабылдаймын. Әрине, қандай да бір жетістікке жалғыз адамның еңбегімен жету мүмкін емес. Сондықтан осы қуанышқа ортақ болған әріптестеріме, маған қолдау білдірген жандарға шын жүректен алғыс айтамын! Мен үшін ең бастысы – елге адал қызмет ету, өз міндетіңді жауапкершілікпен атқару және қоғамның дамуына аз да болса үлес қосу. Адамның еңбегі бағаланып, төккен терінің нәтижесін көруі оған жаңа күш-жігер береді. Мерейлі марапат алдағы уақытта да абыроймен еңбек етіп, сенім үдесінен шығуға ынталандырады, – дейді ардақты ана.
Ел құрметіне бөлену – үлкен абырой. Республика күні аясында мемлекеттік марапатқа ие болған жетістіктер туған жерге деген мақтаныш сезімін арттырып, адал еңбек пен жауапкершіліктің әрдайым бағаланатынын көрсетеді.
Б.ОРДАБЕКОВ










