Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » ӨНЕРГЕ ӘРКІМНІҢ-АҚ БАР ТАЛАСЫ

ӨНЕРГЕ ӘРКІМНІҢ-АҚ БАР ТАЛАСЫ

“Өнер дегеніміз – адам бойындағы қабілеттің ең биік көрінісі” деген екен орыстың ұлы жазушысы Л.Н.Толстой.
Сол айтқандай мәдениет пен өнер саласында Әлияның орны бөлек еді. Ол мәдени шараларды қабілетті ұйымдастырушы ғана емес, керемет әнші де болатын. “Мәдениет майталманы” төсбелгісінің иегері Әлия Тұрлығұлованы еске алуға арналған “Сағынышқа толы әндер” атты аудандық ән байқауы биыл екінші рет өткізіліп отыр. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен қолға алынған игі шараға Әлияның әріптестері мәдениет үйлерінің меңгерушілері мен қызметкерлері қатысты. Аудандық байқауда бірыңғай кәсіпқой музыканттар өнер көрсеткеннен кейін сахна шырайлана түсті. Байқауда жеті жұп өнер көрсетті. Олар: Аудандық мәдениет үйінен Әзиз Садықов пен Дархан Разақов, Амангелді ауылдық мәдениет үйінің директоры Жұмағазы Оразов пен Қожан Дайырханов, Шіркейлі ауылдық мәдениет үйінің директоры Мақсұт Әбсадықов пен Ақзираш Сүлейменова, Бесарық ауылдық мәдениет үйінің директоры Абзал Молдашев пен Мөлдір Жүнісбаева, Сәкен ауылдық клубының меңгерушісі Нағипа Алданиязова мен Аруна Ізімбет, Шаған ауылдық мәдениет үйінің директоры Ербол Медет пен Гүлзира Райымбекова және Қалжан ахун ауылдық клубының меңгерушісі Марат Қошық пен Асқар Тоқмағанбетов ауылдық клубының меңгерушісі Әсел Ибраева.
Аудандық байқауды Сырдария ауданының Құрметті азаматы, “ҚР Мәдениет саласының үздігі” Жантемір Айсин ашып, мәдениет қызметкерлерінің әріптесін еске алып, мазмұнды шара өткізіліп жатқандары игі іс екендігін айтты. Байқауға қатысушылар бір-бір ауылдың мәдениет ошағының басшысы ғана емес, керемет әнші екендіктерін де танытты.
Байқауға ҚР Мәдениет саласының үздігі С.Сәдуақасұлы, Әлияның сіңлісі М.Мәметова атындағы педагогикалық колледжінің оқытушысы А.Кенжеғұлова, аудандық газеттің жауапты хатшысы Ш.Нұрсейітов, аудандық мәдениет үйінің әдіскері Г.Сәрсенбаева қазылық етті.
Байқау қорытындысында шағандық Ербол Медет пен Гүлзира Райымбекова жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орын амангелділік Жұмағазы Оразов пен Қожан Дайырхановқа бұйырды. Ал, үшінші орынды бесарықтық Абзал Молдашев пен Мөлдір Жүнісбаева иемденді.
Байқау жоғары дәрежеде ұйымдастырылып, көрермендердің көңілінен шықты.

Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ

21 мамыр 2019 ж. 1 187 0