Театр – мәдениет пен тәрбиенің ошағы
«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы негізінде театрдың нағыз тәлім-тәрбие мен тағылымның ортасы екендігін насихаттау мақсатында Сәкен Сейфуллин ауылдық клубында №137 орта мектептің ұйымдастыруымен «Театр – мәдениет пен тәрбиенің ошағы» атты аудандық фестиваль өтті. Тағылымы мол ерекше фестивальға аудандық білім бөлімінің әдіскері Салтанат Сақтағанова, білім ошақтарының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, ұстаздар қауымы мен «Мектеп театры» жобасы аясындағы театр жетекшілері қатысты.Фестиваль барысында «Мектеп театры» жобасының мүшелері «Атасы мен немересі» тақырыбында пролог, А.Шамшадиннің «Кешір ана» атты жанұялық тәрбиелік қойылымы, М.Мақатаевтың өмірі туралы «Бұл ғасырдан емеспін» фильмінің желісінде жазылған «Мұзбалақ» қойылымы мен «Бақыт деген» мюзиклы, С.Жүнісовтің «Аманай мен Заманай» повесінің желісінде үзінді қойылымы көпшіліктің көңілінен шығып, ерекше әсер қалдырды. Тіпті кейбір әсерлі тұстарында көзге еріксіз жас келді. Талантты өнерпаздар ауыр жанрдағы қойылымдарды асқан шеберлікпен сомдап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.Өз кезегінде ардагер ұстаздар өнерпаздарға шығармашылық табыс пен таусылмас шабыт тілеп, өз алғыстарын айтты.
– Бұл фестивальді ұйымдастырудағы мақсатымыз – «Мектеп театры» жобасы аясында балалардың ішкі жан дүниесінің ең жақсы жақтарын аша білу. Өнерге тәрбиелеу арқылы оқушылардың дарындылық қасиеттері мен шығармашылық қабілетін ашып, одан әрі шыңдау. Театр – рухани тәрбие орталығы, тәрбиенің көзі. Сондықтан өскелең ұрпақтың арасында өнердің осы бір түрін дамыту аса маңызды. Талантты балалардың басын біріктіретін үйірменің берері мол. «Мектеп театры» жобасының мүшелері де сахнада өздерін еркін ұстауға, кейіпкер бейнесін ашуға, шығарманың мазмұнын толық түсініп, сахналап шығуға машықтанып келеді. Бұның барлығы – ұстаздар мен жетекшілердің еңбегінің арқасы. Бес минуттық көрініс дайындаудың өзіне шамамен 5 күндей уақыт кетеді. Сондықтан ұстаздар қауымы әрқашан құрмет пен марапатқа лайықты. Бүгінгі іс-шарамызға алтын уақыттарыңызды бөліп келгендіріңізге алғысымды білдіре отыра, шығармашылық табыс тілеймін, – деді мектеп директоры.
А.ЖҮНІСОВА











