Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Талантты балалар үйірмесі

Талантты балалар үйірмесі

Ауданнан шалғайда жатқан Айдарлы ауылындағы №139 орта мектептің іргетасы 1932 жылы қаланған. Бүгінде білікті басшы Гүлбану Смайлова басқаратын мектепте 348 оқушыға 54 мұғалім білім мен тәрбие береді.
Биылғы оқу жылында білім беру ошақ­тарына енген «Мектеп театры (театр са­бақтары)» жобасы аталған білім ошағында сәтті басталды. Өз жұмысын өткен жылдың қа­зан айынан бастаған «Мектеп театры» жұ­мысына мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ғазиза Айтбаева жетекшілік етеді. Театр жетекшісі мектептен сахнада өнер көрсетуге бейімі бар 15 оқушыны таңдап алған. Алғаш мектеп сахнасына Дулат Исабековтың екі бөлімді «Әпке» драмасын алып шықты. Сах­налық қойылым бірінші рет «Өзін-өзі тану» пәні бойынша аудандық семинарда сыныптан тыс іс-шара ретінде көрсетілсе, «Мектеп театры» жобасы аясында алғаш тұсауы ке­сілді. Қойылымға оқушыларды дайындауға өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Аида Мусаева ерекше үлес қосты. Сахнада оқушылар жақ­сы дайындықтың арқасында өздерін жан-жақты екенін көрсете білді. Басты рөлдегі Қамажайды сомдаған 10-сынып оқушысы Гүлнұр Нұраддинқызы көрермендердің көз­а­йы­мына айналды. Мұнан басқа драмадағы Қабен, Нәзила, Омар, Тимур, көрші әйелді бейнелеген оқушылардың барлығы кәнігі әр­ті­стей сахна ажарын аша түсті.
– Биылғы оқу жылында білім беру ұйым­дарының тәрбие бағытындағы жұмыстарының мазмұнын толықтыру мақсатында аталған жоба басталды. Сонымен қатар «Мектеп театры» жобасын енгізудегі мақсат – Ы.Алтын­сарин атындағы Ұлттық білім академиясы ұсынған «Балалар және мектеп» ағартушылық жобасын қолдау үшін тәрбие жұмысының жос­парына енді. Оқушылардың театр үйірмесіне деген қызығушылықтары жақсы. Олар да­йындық кезінде рөлдерді сомдауға барын салады. Жауапкершілікті біледі, өздерін театр әртістері секілді сезініп кейіпкер образын ашуға тырысады. Театр жұмысының дұ­рыс жүргізілуі үшін театр жетекшісімен жос­пар жасап, әрбір сахналық қойылымның сәтті шығуына барымызды саламыз. Театр үйірмесіндегі балалардың шығармашылығын дамыту, балалардың бойы­на рухани қазынаны сіңіру және елжан­дылыққа, адамгершілікке тәрбиелеуге жоба­ның қосатын үлесі зор. Сахна қойылымын дайындағанда міндетті түрде кәсіби маманның тәжірибесіне сүйенеміз. Ауыл­дағы Ғаффурдин Жанұзақов атындағы клуб үйінің режисері Рахия Әбдікәрімова да­йындығымызға келіп, кеңесін береді. Математика пәнінің мұғалімі Күлбибі Джусипова – сахна суретшісі. Ол қойылымның сәтті шығуына барынша атсалысады, – дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұргүл Аханова.
Мектептегі талантты балалардың басын біріктіретін үйірменің кішкентай мүшелері де ертегілерді сахналауға машықтанып келеді. Олар «Шалқан» ертегісін қойып, көрермен­нің қошеметіне бөленді.
«Балалар жылы» сәтті басталған жоба мек­теп оқушыларының шығармашылық қабі­летін дамытып, жаңа таланттардың ашылуына жол ашары сөзсіз.

Бибісара ЖАНӘЛІ
12 наурыз 2022 ж. 1 757 0