Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 84 газет

04 қараша 2025 ж.

№83 газет

01 қараша 2025 ж.

№82 газет

29 қазан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
» » Ісі – өнер, қолы – шебер

Ісі – өнер, қолы – шебер

Қолөнер – қазақтың болмысын айқындайтын, тамыры тереңде жатқан тарихи шежіре іспеттес. Қазіргі таңда ұлттық болмысты түрлі бұйымдар мен аспаптар арқылы дәріптеп жүрген шеберлер көп емес. Жалпы зергерлік өнер мен ағаштан жасалған бұйымдарды жасау өнері мәдениеттің ажырамас бөлігі. Осы құндылықты жоғалтпай, шәкірт тәрбиелеп, бар білгенін үйреткісі келетін Тереңөзек кентінің тұрғыны Бауыржан Ахметовпен сұхбат құрған едік. Оның жасаған әр бұйымы қазақтың ою-өрнегімен көмкеріліп, ерекше әсер қалдырады.

– Бауыржан Серікбайұлы, сіздің шебер қолөнерші екен­іңізді бірі білсе, бірі білмес. Қолөнер саласына қалай келдіңіз?

– 1999 жылы Алматы қаласына отба­­сымызбен қоныс аудардық. Негізгі мамандығым спорт саласы болған­дықтан ол жақтан бірден тұрақты жұмыс табу қиындық туғызды. Алма­­тыға қарасты тау баурайында орна­ласқан Көкшоқы деген жер бар. Ол жер­де тек зергерлер мен ұсталар тұра­ды екен. Сол жерде ауданның бір-екі баласы еңбек етіп жүр екен, мені де қастарына шақырды. Өзімнің де қызығу­шылығым артып, шеберлерден үйреніп, сол жақта ұсталығымды шыңдадым.

– Алғашқы жасаған бұйы­мы­­ңыз есіңізде ме? Қанша жыл ұсталық еттіңіз?

– Қандай нәрсе болсын ең оңайынан бастау алады ғой. Сол арқылы тәжіри­бе жинайсың. Мен жалпы бір жағынан ебім болғандықтан тез алып кеттім. Алғаш рет қамшы жасадым. Одан кейін домбыра жасап үйрендім. Әрқайсының өзіне арналған құрал-жабдықтары мен заттары болады. Тек орнымен қолдана білу керек. Бұл салада 10 жылдай еңбек еттім. 2008 жылы туған жері­ме қайта оралып, отау құрдым.

– Домбырадан бөлек тағы қан­­дай аспап жасадыңыз? Одан бөлек тағы да қолыңыздан қандай бұйымдар шықты?

– Домбырадан бөлек қобыз істедік. Ең сұранысқа ие осы екі аспап. Қобызды қатты қарағай ағашынан жасап, күміс арқылы ою-өрнекпен әсемдейміз. Ал домбыраның жасалу жолы мүлдем бөлек. Әсіресе бет тақтайы өте маңызды. Өйткені дыбыс шығару үшін арнайы Тянь-Шань шыршасынан жасалады. Ал астыңғы жағын қатты ағаштардан істейді. Тіпті алма ағашынан да істеуге болады. Аспаптардан бөлек тарихи фильм­дерге арнап қылыш жасаған кез­деріміз болды. Одан бөлек садақ, қан­жар, найза, ер-тоқым және қалқан жасадық. Бұрындары ата-бабаларымыз ірі денелі, бойы ұзын, алып болған ғой. Соған сай етіп садақ жасадық. Ол кезде тапсырысты жеке жалғыз өзіміз емес, ұсталар болып қабылдап, уақытында бітіріп беретінбіз. Тағы бір ұсталықтан бөлек айналысатын бағы­тым зергерлік болды. Күміс, алтыннан түрлі бұйымдар жасайтынмын. Сон­дай-ақ оларға жөндеу жұмыстарын жүр­гізетінмін.

– Сөзіңіздің арасында тарихи фильм деп айтып өттіңіз, сол жайлы толығырақ айтып берсеңіз.

– 2005 жылы «Көшпенділер» тарихи фильмі жарық көрді. Біздің ең үлкен тапсырысымыздың бірі осы фильмге қажетті құрал-саймандар әзірлеу болатын. Көбіне қылышты дайындадық. Оның жасалу жолы да ұзақ әрі жауап­кершілікті талап етеді. Арнайы металлды балқытып, жұқалап соғып, үстінен қабаттап құя береміз. Солай қайта-қайта қыздырылып, соғылғаннан кейін мықты қылыш шығады. Сосын ұстай­тын жерін жасап, қылыштың бас жағына қазақы ою-өрнекті ойып саламыз. Дайын болған қылышқа қылыш сауыт жасау үшін арнайы материал мен малдың сүйектерін пайдаланамыз. Дайын болуға жақын қылыш сауытқа сүйектен оюды ойып түсіреміз. Ал садақ жасауда арқардың мүйізін пайдаланамыз. Ол одан әрі мықты болу үшін кей жерлерін темірмен берік етіп, сыртын терімен қаптаймыз. Садақтың ұзындығы 1.70-1.80 метрді құрайды. Салмағы 4-5 келіге жуықтайды.

– Құпия болмаса, бір қылыш немесе домбыра қаншаға баға­ланды?

– Сол фильмге дайындаған бір қылыштың ең төменгі бағаланған баға­сы 2000 долларды құрады. Жалпы бұрын да, қазіргі таңда да қолдан жасалған кез келген бұйым жоғары бағаланады ғой. Өйткені оны істеу жолын­дағы еңбек пен жауапкершілік соған тұрарлық. Ал домбыраға келсек, оның да жасалған материалына байланысты бағасы да әртүрлі болады. Мысалы сапасы өте жоғары ағаштардан жасалған домбыра бір миллион теңге­ден басталады. Түріне байланыс­ты кей­бірі 250 мыңнан әрі қарай кете береді.

– Сол кездегі қолөнер шебері қазіргі таңда неге спорт саласында?

– 2008 жылы ауылға қайта қоныс аударғанда ұсталықпен айналыса алмадым. Бұрынғы салама қайта бет бұрып, соған ден қоя бастадым. Ал ұсталық, зергерлік тұсым тек хоббиіме айналды. Бастапқы қоныс аударған жылдары арнайы шеберханам болмағандықтан біршама қол үзіп қалған кезім болды. Қазіргі таңда арасында бос уақытымда айналысуға тырысамын.



– Алдағы уақытта қайта қолға алып, шәкірт тәрбиелеуге қалай қарайсыз?

– Әрине ойда бар. Жалпы бұндай ұсталықтан бөлек зергерлікпен айналысатын адам облыс бойынша жоқ екен. «Шәкірт тәрбиелеп, бар білгеніңді үйретсең» деген жандар да аз болмады. Тіпті «маған кішігірім болсын қанжар жасап берші, балама мұраға қалдырайын деп едім» деген тап­сырыстар да түскен болатын. Қазіргі таңда осыны қолға алып, мемлекеттік бағ­дарламаларға қатысуға ниеттімін. Бұл қолөнер саласына жан-жақтан қолдау болса әрі қарай жаңғыртып, шағын шеберхана ашуға болады.

– Сұхбатыңызға рақмет, Бауыржан Серікбайұлы. Алда­ғы уақытта бұл қолөнер саласы ауданымызда өркендеп, дами­тынына сенеміз. Қазақтың мәде­ниетін айқындайтын ұсталық пен зергерлік өнер кез келген адам­­ның бойына дари бермейтін қасиет. Сабырлылық пен дәлдікті талап ететін жауапкершілігі мол саланы жанына серік еткен аза­маттар қатары көбейе берсін!


Сұхбаттасқан
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ
04 қараша 2025 ж. 184 0