Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Санаға сілкініс сыйлаған жоба

Санаға сілкініс сыйлаған жоба

№36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей базасында «Мектеп театры» жобасы аясында аудандық білім бөлімінің ұйым­­дас­тыруымен «Театр – балалар өмірінде» тақырыбында салта­натты іс-шара өткізілді. Тағылымы терең іс-шараға облыстық оқу орталығының тәрбие мен қосымша білім беру бөлімінің мең­герушісі Гүлайым Ақмырзаева, аудандық мәслихат депутаты Анар Қал­дыбаева, аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков, аудандық мәдениет үйінің режиссері Әділ Ерғали, Жалағаш және Қармақшы ауданынан арнайы келген қонақтар, бірнеше мектеп директоры мен сала мамандары қатысты.

Негізінен, аудан көлемінде «Мектеп театры» жобасы жақсы жолға қойылған. Қазіргі уақытта Айдарлы ауылындағы №139 орта мектепте аталған жоба шеңберінде жан-жақты жұмыс жүр­гізілуде. Өз кезегінде №36 Әбділда Тәжібаев атындағы мектеп-лицейде бірегей жоба бас­тау алды. Бірнеше ай бойы сахна өнеріне шы­ныққан №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мек­теп-лицей, №131 Талғат Қозыбаев, №135 Асқар Тоқмағамбетов атындағы орта мектеп оқу­шылары алғашқы кезекте «Көше театрын» ұйымдастырды. Олар қазақы ұлттық нақышта жүзеге асқан қойылым барысында ержүрек батыр, ауыз әдебиетінің кейіпкерлерінен мысал келтіріп, көрініс қойды. Ұлттық аспап домбырамен арнау айтқан жас ақын Нұрахмет Мансұров іс-шараның мазмұнын байыта түсті. Сонымен бірге аудандық өнер мектебінің ұстаздары мен шәкірттері өнер көрсетті. Бұдан кейін №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы орта мектеп оқу­шылары «Тез әрі жылдам театр костюмдерін қалай дайындауға болады?» тақырыбында ше­берлік сыныбын өткізді. Мұнда театр актерінің сахналық киімін тігудегі ескерілетін элементтер жан-жақты қамтылған. Сонымен бірге театр қызметіндегі ең күрделі сала саналатын гриммен жұмыс жасау әдісін №37 мектеп-лицейдің белсенді жастары көпшілікке көрсетті.

– Жалпы, ерекше форматта ұйымдастырыл­ған салтанатты іс-шарада ұстаздар бір-бірімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Өзіндік ше­берлігін байқатқан белсенді оқушылар сахнада рөлдерін еркін орындай білді. Әрбір шығар­маның мән мағынасын аша түсті. Актерлік қа­білетін шыңдай түскен жастарға ізденуге зор мүмкіндік бар. Баланы жан-жақты тәрбиелеу ұстазға байланысты. Бұл тұрғыдан жаңалыққа жаны құмар әрбір педагог жақсы жұмыс істей білгені көзге көрініп тұр. Еңбек ете білген адам ғана үздік нәтижеге қол жеткізе алады. Жо­ғары қарай өрлеу үшін табандылық таныту керек. Біз бүгін алға қарай ұмтылуға ешбір сескенбейтін жастардың өнерін тамашаладық, – деді облыстық оқу орталығының тәрбие мен қо­сымша білім беру бөлімінің меңгерушісі Гүлайым Ақмырзаева.

Жиналған жұртшылықтың көңілінен шыққан іс-шарада №36 Әбділда Тәжібаев атындағы мек­теп-лицей оқушылары «Көлеңкелі театр», «Пантомима театры» қойылымын, «Дюймовочка» ер­тегісін сәтті орындап шықты. Сонымен бірге «Мәншүк туралы жыр» прологы көрерменнің жүрегін тебіренте білді. Осындай жоғары деңгейдегі көріністерді қоюға үлес қосқан шығармашыл ұстаз Майра Есқалиеваның еңбегі зор. Ал №139 орта мектептің білім алушылары жазушы Дулат Исабековтің «Әпке» шығармасын жоғары деңгейде сахналады. Қазақтың біртуар азаматы, даңқты сазгер Шәмші Қалдаяқовтың шығармаларына арнал­ған мюзиклді сахналаған №135 Асқар Тоқма­ғамбетов атындағы орта мектептің білімді жас­тары көрерменді тәнті етті.

– Қазақ мәдениетінде өзіндік орны қалып­тасқан бірегей сала ретінде театр өнерін қа­растырамыз. Ұлт мақтанышы Шәкен Айманов бір сөзінде «Театр – адамның өзін-өзі сахнадан көріп, өзін-өзі түсінетін орын» деп айтқан болатын. Әрине, қоғам өмірінде орын алатын сан түрлі оқиғаны, кез келген жағдайды ерекше етіп көрсете білетін әртістер сахнаның киесін сезеді. Міне, болашақ кәсіби әртіс болуға ұмтылған жас­тар үшін ашылатын айрықша жобаның куәгері атандық. №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей базасында «Мектеп театры» жобасы аясында «Театр – балалар өмірінде» тақырыбында семинарынан біраз дүниеге қанықтық. Қасиетті білім ошағынан талай талантты жандар түлеп ұшып, үлкен өмірге қанат қақты. Ізгілікті бі­лім ордасына айналған мектепте керемет жоба­ның ашылғанына қуаныштымын. Алдағы уақытта «Мектеп театры» жобасы өз жемісін бере­тініне кәміл сенемін. Негізінен, театр саласын меңгеруде ескеретін элементтер көп. Осы жо­баның негізінде сахнаның келешек майталмандары көптеп шығатынына үміт басым. Әркез қолдау көрсетіп, балаларды демеуге барымызды саламыз. Білім ошағының жұмысына сәттілік тілей отырып, әркез бар жақсылықтарыңызға ортақпын дегім келеді, – деді аудандық мәслихат депутаты Анар Қалдыбаева.

Шығармашыл ұстаздардың тәжірибе алма­суында «Мектеп театры» жобасы аясында ал­дағы атқарылатын жұмыстарды, негізгі мақ­сат-міндеттерді аудандық білім бөлімінің әдіскері Ғалия Бақтиярова, №36 Әбділда Тәжібаев атындағы мектеп-лицей директоры Үміт Жұма­баева қонақтарға баяндаған болатын. Ал ау­дандық білім бөлімінің басшысы аталған се­ми­нар жөнінде кеңінен ой бөлісті.

– «Талаптыға нұр жауар» деген тәм­сілдің мән-мағынасын бүгін білімді оқу­шыла­рымыз дәлелдей түскендей. Осы орайда, күні-түні да­йын­дық жүргізген ұстаздардың ең­бегін айрық­ша айта кеткен жөн. Қазіргі таңда ауданға қарасты 17 білім ошағының әлеуетін, мате­риалдық базасын ескере отырып, тың жобаларды жүзеге асыруға бастама көтерген болатынбыз. Бұл ретте, «Мектеп театры» жобасы екі бірдей білім ошағында жандана түспек. Өз кезегінде ерік-жігерін танытқан шығармашыл әрбір ұстазға қолдау көрсетуге дайынбыз. Алдағы уақытта тағылымы мол іс-шаралар көп­теп қолға алынады, – деді бөлім басшысы Берік Жәнібеков.

Айта кетейік, семинар соңында от шашу ұйымдастырылып, өнерпаздар әуелете ән шыр­қады.


Балтабай АЯБЕКҰЛЫ
13 желтоқсан 2022 ж. 450 0