Өнеге көзі – тәрбие, ошағы – театр
Сырдария ауданы бойынша білім бөлімі әдістемелік кабинет жоспарына сәйкес. 2024 жылдың 16 ақпан күні Қалжан ахун ауылындағы №126 орта мектебінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында тәрбие жұмысын тиімді ұйымдастыру және өзара іс тәжірибемен бөлісу мақсатында «Өнеге көзі – тәрбие, ошағы - театр» тақырыбында аудандық семинар өткізілді.
Семинарда бастауыш сыныпта өткізілген «Ұлттық дәстүр – тәрбие қайнары» сынып сағатында оқушылар ұлттық киімдер, ұлттық тағамдар, зергерлік бұйымдар жайлы білім сайысына түсіп, «Мөңке би мен Сырым» шешендік сөзі, «Ақындар айтысы» өнері, «Ханталапай» ұлттық ойыны көріністері қойылды.
«Отбасы құндылығы - сарқылмас қазына» атты ата-аналарды педагогикалық қолдау сабағында «Отбасындағы тәрбие бастаулары» бейнеролигі көрсетіліп, бала тәрбиесіндегі қиындықтар туралы пікірталас өрбіді. Белсенді оқыту әдістері қолданылып, отбасындағы бала тәрбиесіне қатысты түрлі ситуациялық жағдайлар талқыланды.
«Тәрбиені тиімді ұйымдастыру» коучинг - сабағында персоналды басқару, әріптестермен қарым-қатынас стильдері жайлы айтылып, проблемалық мәселелер GROW әдісі арқылы талқыланды.
Одан әрі семинар жұмысы бастауыш сыныптар бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен қуыршақ театры қойылымымен жалғасты. Қолдан тігілген қуыршақтар мен декорациялар арқылы «Қоянның достығы» ертегісі қойылымы ерекше сипатта қабылданды. Балалар да өз кейіпкерлерінің бейнесін аса қызығушылықпен, шеберлікпен ойнады.
«Сахна сыртындағы сыр» тақырыбындағы аудандық халық театры ұжымымен кездесу сыр-сұқбатына Сырдария аудандық мәдениет үйінің әдіскерлері Гаухар Сәрсенбаева, Ақбота Талғатқызы, театр режжисері Дәулет Асанов қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Шара соңында «Талант» мектеп театры өнерпаздарының сахналық қойылымы тамашаланды. Оқушылар кейіпкерлерді шебер сомдап, көрерменнің ықыласына бөленді.
Мектеп директоры Б.Бақбергенова шара қонақтарына алғысын білдіріп, семинардың өз дәрежесінде өтуіне атсалысқан мұғалімдерге аудандық білім бөлімі басшысының "Алғыс хаттары" табысталды.