Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сағым жылдар жаңғырығы

Сағым жылдар жаңғырығы

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мәдина Ералиеваның туғанына 70 жыл толуына орай аудандық мәдениет үйі директорлары арасында ән байқауы өтті. «Сағыныш» деген тақырыпты арқау еткен сайысты аудандық мәдениет және спорт бөлімі мен Бесарық ауылдық округі әкімдігі қолдап ауылдық мәдениет үйі ұжымы ұйымдастырды.

Байқаудың мақсаты – қазақтың күміс көмей әншісі, талай өнерпазға ұстаз бола білген жезтаңдай әнші репертуарындағы әндерді жаңғырту, ескі халық әндерін, сонымен қатар халық композиторларының әндерін насихаттау. Байқауға қатысушы талапкерлер екі кезең бойынша бақ сынады. Бірінші кезең бойынша қатысушы М.Ералиеваның репертуарындағы бір әнді орындаса, екінші кезеңде еркін тақырыптағы ән орындау талабы қойылды. Сондай-ақ екінші кезең бойынша әнші міндетті түрде әніне аспапты арқау етуі қажет.

Байқауға ауданға қарасты жеті мәдениет үйінің директорлары қатысты. Өнерпаздардың әділ бағасын беру үшін Сырдария аудандық өнер мектебінің директоры Марат Сәдуақас, «Жаншуақты» халықтық әжелер ансамблінің мүшесі Нысанкүл Әйтенова және Бесарық ауылдық округ әкімі Дәулет Сәрсенбаев төрағалық етті.

Байқау қорытындысы бойынша Шаған ауылдық мәдениет үйінің директоры Ербол Медет бас жүлдемен, Бесарық ауылдық мәдениет үйінің директоры Абзал Молдашев І орынмен, Қалтай Мұхамеджанов атындағы мәдениет үйінің директоры Мақсұт Абсадықов ІІ орынмен марапатталды. Ал жүлделі ІІІ орынды Ақжарма ауылдық мәдениет үйінің директоры Айтмағанбет Темірханов пен Жетікөл ауылдық клуб үйінің директоры Алмат Өтеуов өзара бөліске салды. Сәкен Сейфуллин ауылдық клуб үйінің директоры Дастан Палмахов пен А.Тоқмағанбетов ауылдық клуб үйінің директоры Әсел Ибраева алғыс хатпен марапатталды.

Айта кетейік кеңестің және қазақ эстрадасының халық әншісі әрі ұстаз Мәдина Ералиева 1954 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келген. Қысқа ғұмырында қазақ өнерінің көгінде жарқ етіп, халық жүрегінен өшпес орын алған. Күміскөмей әншінің репертуарындағы әндер әлі күнге көпшілік арасында әншінің өз дау­сымен танымал. Қайталанбас дауыс иесі Қазақ КСР-нің, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі атақтарын иеленген. 2000 жылы өмірден озған әншінің туғанына биыл 70 жыл толды.


А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
27 ақпан 2024 ж. 159 0