Эстрада әншілері – ән байқауында
Шіркейлі ауылындағы Қалтай Мұхамеджанов атындағы ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен аудандық ән байқауы өтті. Байқау Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлығының иегері Роза Рымбаеваның 65 жасқа толуына орай ұйымдастырылды. Ауданның эстрада әншілерінің басын қосқан байқау «Ертеңіме сенемін» тақырыбын арқау етті.
Байқау шартына сәйкес әрбір талапкер Р.Рымбаеваның репертуарындағы бір және еркін тақырыпта ән орындады.
Аудан елді мекендерінен келген 10 өнерпазды ауылдық мәдениет үйінің директоры М.Әбсадықов құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Табиғаттың тебіренген, қуанған шағының перзенті әнші десек, сол перзенттің иесі де, іздеушісі де халқы. Шалқыған шаттық пен кәусар сезімді, буырқанған шабыт пен сабырға көнбес сағынышты әннен табасыз. Қазақтың эстрада әншісі, ерекше дауыс иесі Роза Рымбаева Ресей мен ТМД елдерін ғана емес, әлем елдерінде де танымал болды. Өнер жұлдызы «Гүлдер», «Арай» ансамбльдерінде ән шырқап, әйгілі «Әлия» әнімен талайды таңқалдырды. 1977 жылы Болгарияда өткен халықаралық «Золотой арфи» фестивалінде «Гран при» иеленген әншінің даңқы биікке көтерілді. Осы уақытқа дейін әншінің 12 жеке альбомы жарыққа шықты. Өнер иесінің «Әлия», «Куә бол», «Жас қалам», «Бір бала», «Атамекен» т.б әндерін көпшілік сүйіп тыңдайды.
Аудандық байқауға бақ сынағалы келген әншілердің өнеріне аудандық мәдениет үйінің жылжымалы мәдени демалыс кешенінің меңгерушісі Н.Бекшаева, өнер мектебінің мұғалімі Г.Байғараева қазылық етті.
Әрбір өнерпаз өзіндік қырымен, шеберлігімен ән салып, сахна төрінде өнерін көрсетті. Нәтижесінде, байқаудың бас жүлдесін Асқар Тоқмағамбетов ауылынан келген әнші Абылайхан Байділдаев жеңіп алды. Абылайхан ерекше дауысымен өнер жұлдызының «Әлия» әнін орындаса, екінші кезеңде «Отан» әнін нақышына келтіріп шырқады.
Жүлделі бірінші орынға Бесарық ауылынан келген өнерпаз Мөлдір Жүнісбаева «Заман-ай» және «Өмір сұлу» әнімен шықты. Шіркейілі ауылының әншісі Набат Сайлаубек «Күнге табыну» мен «Цвети, земля моя» әндерін шырқап, екінші орын алды. Жүлделі үшінші орынға қос әнші қоғалыкөлдік Ерболат Айдарбек пен аманкелділік Жомарт Ахметов лайық деп танылды. Әншілер «Куә бол», «Сары ала қаз», «Шақырады көктем», «Сені ойлап» әндерін орындады.
Өнер байқауына қатысушы барлық талапкерлерге арнайы диплом, «Алғыс хат» және сый-сияпат табысталды.
Жоғары дәрежеде өткен эстрада әншілері байқауда «Қайдасың», «Шақырады көктем», «Атамекен», «Әдемі-ау» тағы басқа да танымал әндерді орындады. Өнерпаздар тың серпіліс пен жаңа шабыт алып, көрермендерге керемет көңіл-күй сыйлады.
Бибісара ЖАНӘЛІ