Мәслихаттар сайлауы
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагерлер облыстық байқауда бақ сынады

Ардагерлер облыстық байқауда бақ сынады

Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Қызылорда қаласындағы А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» жобасы аясында «Бата беру – баба салты» атты облыстық байқау өтті.

Тағылымды іс-шараның басты мақсаты – ұлттық мүдде мен халық рухын жаңғырту, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан бата беру дәстүрін дәріптеу, жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды насихаттау және ұрпақтар сабақтастығын нығайту.

IMG-20261121-WA0006.jpg

Байқауға жасы 65-тен асқан ардагерлер қатысты. Қатысушылар аудандық және қалалық ардагерлер кеңесінің ұсынысымен іріктелді. Атап айтқанда, облыс аудандарынан 3 ардагерден, Байқоңыр қаласынан 3, Қызылорда қаласынан 6 ардагер бақ сынады.

Байқау үш кезең бойынша ұйымдастырылды. Бірінші кезеңде қатысушылар ел есінде қалған тарихи тұлғалардың баталарын нақышына келтіріп орындады.

Екінші кезеңде ұлттық салт-дәстүрлер бойынша өз баталарын ұсынды. Ал үшінші кезеңде халқымыздың салт-дәстүрлеріне қатысты викториналық сұрақтарға жауап берді.

IMG-20261121-WA0007.jpg

Байқау барысында ақсақалдар халқымыздың асыл мұрасы саналатын бата беру дәстүрінің тәрбиелік мәнін танытып, кейінгі ұрпаққа өнегелі сөздері мен ақ тілектерін арнады. 

Іс-шара аға буынның өмірлік тәжірибесі мен тағылымын дәріптеп, ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңірудің маңыздылығын тағы бір мәрте айқындады.

IMG-20261121-WA0009.jpg

Байқау қорытындысы бойынша 3 орынды Арал ауданынан Шүкірбай Абдуалиев, Сырдария ауданынан Джамаладдин Жанахметов, Жаңақорған ауданынан Абуталип Сүйіндіков иеленсе, 2 орынды Қызылорда қаласынан Мұхит Ешмұрат, Байқоңыр қаласынан Дәріқұл Махамбетов иеленді. Ал жүлделі 1 орынмен Қызылорда қаласынан Серікбай Құлбатыров марапатталып, бас жүлдені Шиелі ауданынан Көшербай Боранов қанжығасына байлады.

Жүлделі орын иегерлері арнайы дипломдармен марапатталды. Сондай-ақ, барлық қатысушыларға Алғыс хат пен естелік сыйлықтар табысталды.

Аталған байқау ұлттық дәстүрді ұлықтап, ақ батаның қадір-қасиетін дәріптеген, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған тағылымды іс-шара ретінде қорытындыланды.
22 қараша 2026 ж. 32 0