Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қазақ киносының келбеті

Қазақ киносының келбеті

Біздегі кино саласы – барлық өнердің ішіндегі ең жасы. Дамудың даңғыл жолына түсіп, қарыштаған шет елдерде өнердің бұл түрі ХІХ ғасырдан басталса, Қазақстанда ХХ ғасырдан бастап жолға қойылған. Ең алғашқы қазақ киносы дегенде көпшілік «Аманкелді» фильмін атайтыны рас. Бірақ оған дейін кино өнері мүлде болмады деген сөз емес. Қысқа метражды фильмдер үзік-үзік түсіріліп те жүрген. Ал «Аманкелді» – қазақ та­рихындағы ең алғашқы толыққанды көр­кем фильм.

«Ел болам десең, экраныңды түзе» дейтін заманда өмір сүріп жатырмыз. Кино адам психологиясына мықты әсер ете алады. Сол себепті де кейбір кинолар арнайы тапсырыспен түсіріледі. Ал әлемдік рейтингте жоғары бағаланып, көптің көңілінен шығып жүрген фильмдердің сыры – шебер түсірілуінде. Осындай тарихи және деректі фильм түсірумен басталған кино өнері бүгінде біршама қарқынды дамып келеді.

Әр киноның астарында бір ой, негізгі идея жатады. Оны жеткізе білу кино саласының майталман мамандары мен әртістерге тікелей байланысты. Әр адамның пікірі және көзқарасы, талғамы бөлек десек, біреу жан-дүниесімен беріле көрген фильм екінші біреуге ұнамауы мүмкін. Көгілдір экранға шыққан әр фильм киносүйер қауымның талқылауына түсері анық. Бірақ әр талғам әртүрлі көзқараста. Сондықтан топ фильмдер тізімін жариялап, бірін мақтап, бірінің кемшілігін тізуді мақсат етпейміз. Жалпы қазақ киносының жай-күйі туралы аз-кем ой қозғауды жөн санадық.

Тәуелсіздіктен бергі жылдары кино саласы біршама жетістікке жетті. Үлкен жаңалықтар орын алып, талай фильм көрерменге жол тартты. Оның ішінде кө­рермен көзайымына айналып, өз бағасын алғандары да жетерлік. Сондай-ақ жеңіл әзілге құрылған кинолар да көптеп түсіріліп жатқанын айта кету де орынды болар. Оның да өзіндік мақсаты, себебі бар. Десек те, көк жәшік көпті тәрбиелеп отырған қазіргі кезеңде экраннан не ұсынылып, жасөпірімнің не көріп жүргенін бағамдау да маңызды.

Бүгінде әлемдік киноиндустрияда тарихи фильмдерге сұраныс жоғары. Шет елдік кино саласында да өз елінің тарихынан көрініс беретін фильмдер көп. Қазақ киносы да соңғы жылдары осы бағытты дамытып келе жатқанын аңғаруға болады. «Алмас қылыш», «Жау жүрек мың бала», «Томирис», «Кейкі батыр», «Тар заман» сияқты тарихи фильмдердің көрерменнің жылы лебізіне ие болуы – сөзімізге дәлел. Сонымен қоса кейінгі кездерде түсіріліп, назарға ұсынылып жатқан тарихи тұлғалар, Алаш ардақтылары туралы фильмдер мен сериалдар да халықтың ыстық ықыласына бөленіп жатқаны сала жұмысының жанданғанын көрсетеді.

Әрине, бұл салада да қаржы мәселесі басты назарда. Десек те, Мемлекет басшысы өз сөзінде айтып өткендей, аз қаржымен де жақсы фильм түсіруге болады. Қырғыздардың «Құрманжан датқа» фильмін алып қарасақ, аз қаржыға жап-жақсы кино түсіруге болатынын дәлелдеуге болады. Ал 2019 жылы жарыққа шығып, көрерменге ұсынылған «Томирис» тарихи фильмін түсіру үшін он миллион долларға жуық қаржы жұмсалған. Теңгеге шақсақ, 2 жарым миллиардқа жуықтайды. Өз кезегінде фильм кинотеатрларға шыға бастағанда дәл осы фильмге билет сатып алушылар көп болды. Тіпті талай сеансқа үлгермей қалып, киноны көру бақытына көпшіліктен кейінірек ие болғанымыз бар еді. Қарап отырсақ, Ақан Сатаевтың режиссерлігімен түсірілген кино өте жоғары деңгейде шыққан. Ал «Көшпенділер» – «Қазақфильм» бюджетіндегі ең қымбат кино. Себебі түсірілімге шетелдік әртістер тартылған.

Баланы көгілдір экран «тәрбиелеп» отырған бүгін­гідей заманда көк жәшіктен көңілге қонымды туындылар ұсынылуы ләзім. Бұл тұста тәрбиелік мәні зор, тарихты таңбалайтын, бала психологиясын дұрыс қалыптастыратын мультфильмдердің де қажеттігі маңызды. Осы ретте жақында «Қазақанимация» шығар­машылық бірлестігі конкурстық негізде респуб­ликаның ірі қалаларынан ұсынылған сценарийлер ішінен ең үздіктерін таңдап, 5 минуттық картиналардан тұратын 20 мультфильм түсірген. Айта кетейік, аталған конкурсқа 167 адамның жұмысы келіп түскен.

Ойдан құрастырылған фильмге қарағанда шынайы оқиғаға негізделген кинолар кинематографта өзіндік орынға ие және көрермен тарапынан да үлкен сұранысқа ие болары сөзсіз. Десек те, шынайы оқиғалар да өңделіп немесе режиссердің қиялымен өзгеріске ұшырауы да бек мүмкін.

Киноны көріп отырған адам ерекше бір күйге бө­леніп, түрлі ойда қалады. Көрерменге әсер сыйлай алар­лық туындыны жасап шығару оңай жұмыс емес. Көп қаржының талап етілуі де түсінікті. Кино тарихына көз жүгіртсек, бір киноның түсірілімі үшін қыруар ақша жұмсалады. Жасалып жатқан жұмыс та аз емес. Атап айтар болсақ, қазіргі таңда түсірілімі жүріп жатқан режиссер Т.Теменовтің «Қара қыз» әскери драмасы үшін тұтас бір ауыл салынған. Киноның түсірілімі әлі де жалғасуда. Сол кездің атмосферасын түгел жеткізіп, көрерменге жеткізу үшін кескіндемеші суретшілер тұтас ауылды қайта жасап шыққан. Теміржол вокзалы, клуб, мектеп, пошта, диірмен, тұрғын үйлер – жалпы он бес ғимарат архивтік құжаттар негізінде жасалған. Ұлы Отан соғысы кезіндегі адамдардың өмірін баяндайтын әскери драманың тұсаукесері осы жылдың көктем айларына жоспарланған.

Пандемия кезіндегі шектеу шаралары отандық кинотеатрларды да тығырыққа тіреген еді. 2019 жылы 42 млрд доллар пайда тапқан әлем кинотеатрлары тышқан жылында өз табысының 70 пайызынан қағылыпты. Қазір жағдай тұрақты, кинотеатрлар есігі көрерменге айқара ашық болғанымен, локдаун кезінде есігіне біржола қара құлып салынғандары да аз емес. Пандемия кезінде ай сайын бес миллиард теңге табыстан қағылып, бес мыңдай адамның жұмыссыз қалғанын ескерсек, кинотеатр­лар жүйесін жандандыра түсу керек-ақ. Ал кино саласын дамыту қаш
ан да өзекті. Себебі кино мәдениеті, кино өнері қай елде де маңызды әрі тәрбие құралы деуге негіз бар.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
28 қаңтар 2023 ж. 2 330 0