Қазақ киносы: сапалы өнім шығаруға не кедергі?
Елімізде кино өндірісі жыл сайын ерекше қарқынмен дамып келеді. Ең алғаш қазақ киносының тарихы «Аманкелді» туындысынан бастау алатындығы баршаға аян. Тарихи кино халық батыры Аманкелді Имановтың өмір жолына арналып түсірілген еді. Міне, сол кезеңнен бастап ұлт руханиятында кино түсіруге ден қойыла бастады. Бүгінде әлеуеті артқан барлық жағынан жетіле түскен кино өндірісінде елеулі өзгеріс көп. Дегенмен, кино индустриясында кездесетін сан түрлі олқылықты да жоққа шығармаймыз. Инвестиция тартудан басталатын кино саласында сапа тұрғысынан кемшін тұстар жеткілікті.
Қытайдың жарық жұлдызы, кино әртісі Джеки Чан: «Табысты болудың ең жақсы жолы – істейтін нәрсеңе ғашық болу» деген болатын. Иә, кино түсіру оңай дүние емес. Шығармашылықтың бұл түрімен айналысатын адамның идеясы көп болуы шарт. Сапалы, барлық ортаға өтімді кино түсіру үшін едәуір қаражат керек екені жасырын емес. Себебі, нарықтық заманда кино түсіруде өзіндік қиындық кездеседі. Қай кезде де, мықты тегеуріндік танытқан жандар кино саласында зор жетістікке қол жеткізіп жүр. Жалпы, соңғы 30 жылда кино және телехикая түсіруде белгілі себептерге байланысты елеулі өзгеріс орын алған. Тоқырау мен құлдырауға тап болған кезеңде кино жанрының кенжелеп қалуы да мәселе болды. Десе де қоғамды тәрбиелеуші идеологиялық құрал жаңа қоғамда жаңаша сипат ала бастады. Сондықтан да отандық режиссерлар шетелдік киностудиямен бірігіп, тәжірибе алмасып, тамаша туындыларды шығаруға еңбектенуде.
Көптеген туындының көрерменнің жоғары сұранысына ие болуы асқан жауапкершілік пен қажыр-қайратты талап етеді. Шын мәнінде, «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі», «Гауһартас» секілді фильмнің ұлт руханиятының алтын қорында сақталып, сапалы туынды ретінде әлі де бағалануы жоғары шеберлікпен түсірілгенін аңғартады. Осындай туындыларды түсіруде өткен ғасырдың еншісінде үлкен қаражаттың тапшылығы білінетін. Ал бүгінде кино өндірісіндегі мамандар жылына 60-70 кино мен телехикая түсірілетін болған. Бұл ретте, сан алуан жанрдың өзгешелігі басым болары хақ.
Ұлттық идеология мен тарихты баяндайтын кино картинаның өтімділігі 2000 жылдары анық байқалған. Мәселен, «Сардар», «Жау жүрек мың бала», «Көшпенділер» киносы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Миллиондаған қаржыны қажет ететін тағылымды бірнеше туындының шетелде көрсетілуінде үлкен мән-мағына жатыр. Қазақтың құнды жауһарының өзге елде бәсі жоғары болуы – ұлттық кино өндірісінің өркендеуіне өзіндік үлесін қосты.
Комедия, экшн, мелодрама, боевик секілді бірнеше жанрды меңгерген кино саласының маманы туындысы арқылы мол табысқа қол жеткізуді көздейді. Халыққа өтімді сценарий жазу үшін ой ұшқырлығы мен тапқырлық аса қажет. Жалпы, көрерменнің талғам үдесінен шығу үшін біршама ізденіс жасау керектігін барлық киногер жақсы біледі. Жылына мемлекеттік тапсырыс шеңберінде көптеген жанрда кино түсіреледі. Осы күні отандық бірнеше телеарна қазақтың біртуар бірнеше азаматының өмір жолына арналған кино түсіруді қолға алып келеді. Мәселен, қазақтың дара тұлғасы Абай Құнанбайұлы, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұқағали Мақатаев, Мағжан Жұмабайұлы, Жұмабек Тәшенов, Роза Бағлановаға арналған телехикая желісі сәтті құрастырылған. Сонымен бірге аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» амсамблінің әртістері жайында түсірілген кино да сәтті жарыққа шықты.
Қазіргі уақытта кино мен телехикая түсіруге машықтанған жандар көбейген. Өз кезегінде режиссерден бастап, операторға дейін таңдау барысы күрделі жүргізіледі. Ал актерлік құрамның танымалдылығы киноның «хитқа» айналуына себепкер болады. Өкініштісі, қазіргі қазақ киносының көбісінде жасандылық басым. Актерлік шеберлік барысында образды ашу жетіспей жатады. Шынайылықты сезіндіре алмаған әртіске терең білім мен сауаттылық қажеттігі анық байқалады. Киноның түсірілу барысында қос тілді қатар қолдануды қолайлы көретін кәсіби маманның шоғыры көп. Соңғы жылдары жарық көрген туындының көбісіндегі олқылық – сөз арасының былапыт сөзбен былғануы болып отыр. Нас, лас әрекетті бейнелейтін киноның қадірі бір көргеннен қашатындығы анық. Соған қарамастан, пәтуасыз, түсініксіз киноның көптеп шығарылуында – сала маманының көрермен алдындағы жауапкершілікті сезінбейтіндігі білінеді.
Қазақ телевизиясында шетелдік телехикаяның көптеп берілуі мәселе ретінде біраздан бері қозғалып жүр. Кезінде 1000 бөлімнен тұратын туындыны жалықпай көрген жандар арамызда баршылық. Мол қаражат жұмсап, өзге ұлттың телехикаясын көрсету –рейтингке де тікелей әсер етеді. Көгілдір экранның алдына жіпсіз байлаған түрік, үнді, кәріс, өзбек, қырғыз ұлтының киносы біздің аудиторияға өтімді. Десе де олардың орнын отандық фильмдер басатын кез келді. Ол үшін қоғам сұранысын қанағаттандырып, ұлттық менталитетке сай кино туындылар көптеп түсірілу керек.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ