Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Кино әлеміне саяхат

Кино әлеміне саяхат

Биыл қазақ өнерінің кемеңгер тұлғасы, талантты актер әрі режиссер, КСРО Халық әртісі Шәкен Аймановтың туғанына – 105 жыл. Ол ұлттық театр өнері мен кино саласы, ұлттық режиссураның қалыптасып, дамуы үшін бүкіл ғұмырын арнап, өлшеусіз еңбек сіңірді. Осыған орай бұрнағы күні аудандық мәдениет үйінде көрермен көзайымына айналған фильмдер авторының есімін ұлықтау мақсатында, әрі Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында мәдениет саласында еңбек етіп жүрген мамандар атақты фильмдерден үзінді келтіріп, пародия және ән сайысы бойынша бақтарын сынады. Ауданға қарасты он төрт елді мекеннен тоғыз ұжым қатысып, «Алдар көсе», «Тақиялы періште», «Менің атым – Қожа» сияқты қазақ киносының қаймақтарынан қызықты эпизодтарды қалың көрермен назарына ұсынды.
Алғашқы кезеңде Амангелді ауылдық мәдениет үйі «Алдар көседен» заманауи техникаларды пайдаланып қойылым қойса, аудандық мәдениет үйі мен шіркейлілік майталмандар «Менің атым – Қожа» кинофильмінен үзінді келтірді. Ал Қалжан ахун ауылының өнерпазы А.Талғатқызы жалғыз ұлына қалыңдық іздеген «Тақиялы періштедегі» Әмина Өмірзақованың бейнесін үздік сомдап шықты. Осылайша жарыстың алғашқы кезеңі де сәтті өтті.
Екінші айналымда отандық киноларда шырқалған әндерден бақтарын сынады. Аудандық мәдениет үйінің намысын қорғаған Д.Жәкешова «Гауһартас» әнін өз нақышында айтып, көрермен ықыласына бөленді. Ал шағандық мәдениет үйінің қызметкерлері Абайдың «Желсіз түнде жарық айын» ешқандай музыкасыз жанды дауыста орындап шықты.
Қазылар алқасының шешімімен қалжанахундықтар жеңімпаз атанып, І орын иеленсе, ІІ орын аудандық мәдениет үйінің қызметкерлеріне бұйырды. Ал жүлделі ІІІ орынды Амангелді және Бесарықтың мәдениет ошақтары өзара бөлісті. Қатысушыларға Алғыс хат пен арнайы сыйлық табысталды.

Майя ҚОЖАБАЙ
15 қазан 2019 ж. 1 484 0