«Сәт» атты жастар сериалы көрермендерге ұсынылды
«Аслан» балалар кино студиясы түсірген «Сәт» атты жастар сериалының тұсауы кесілді. Сериалда спортты жанына серік еткен балалардың хикаясы көрсетіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Аслан» балалар кино студиясының директоры және продюссері Жасұлан Алдабергенов айтты.
-«Сәт» жастар сериалы ақпан айында түсірілді. Сериалға өнерлі әрі спортқа жақын 15 жас актер қамтылды. Киноның негізгі идеясы – жеңіске жетер жолда қиындықтан тайынбайтын шынайы өмірдегі көріністер көрсетілген. Бала махаббат, үлкеннің кішіге қамқорлығы, ер баланың қыз балаға сыйластығы сынды дүниелер де бейнеленген. Осы уақытқа дейін бес бөлімі түсірілді. Жақын арада көрермен назарына ұсынылады. Сонымен қатар Алматы қаласында балалар жылына орай бейнебаян түсірдік. Тұсаукесері «Тойдуман» және «Гәкку» арналарынан көрсетіледі, - деді Жасұлан Алдабергенов.
-Өнерге кішкентай кезімнен қызыға бастадым. Үш жыл оқушылар сарайындағы хор үйірмесіне қатысып, сабақ алдым. Түрлі конкурстардан жүлделі орындарды иелендім. Ұстазым әрі демеушім Жасұлан Алдабергеновтың қолдауымен екі бейнебаян түсірдік. Бүгінде қоржынымда жеті бейнебаян бар. Алдағы уақытта жаңа әндер шығару жоспарлануда, - деді «Аслан» балалар кино студиясының оқушысы Ақылбек Нұрланұлы.
- Өңірімізде кино саласы енді дамып келеді. Сыр жастарының кино әлеміне қызығушылығы арқылы жақсы дүниелер шығаруға тырысудамыз. Қоғамдағы өзекті проблемаларды және жастар арасындағы оқиғаларды түсіріп, көрермендерге ұсындық, - деді режиссер Наурызбай Егізбай.