Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

Қарт қаламгер

Соғыс жылдары дүниеге келген балалар­дың бақытты балалық шағы болмады деп айтады бұрынғылар. Шын мәнінде қан майданға ат­тан­ған әкелердің балалары қиын қыстаудың не екенін жақсы біледі. Ашқұрсақ жүріп, колхоз жұмысына кеткен аналарын, «бір күні келеді» деген үмітпен әкелерін күтумен өткен өмір шын мәнінде бақытты балалық шақсыз өтсе керек.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз қалам­гер Же­ңісбек Мақ­сұт­ұлы сұрапыл соғыс жылдары 1942 жылы 20 маусымда Қызылөзек ауылында дүниеге келді. Әкесінен небәрі бір жарым жасында айрылған бала Жеңісбек әкесінің мұғалім болғанын жақсы біледі. Елге сыйлы азамат ұстаздық етіп, ауыл балаларын оқытады. Сол кездегі ауданға қарасты «Қызыл­өзек» колхозын бас­қарып, 34 жасында кенеттен келген дерттен көз жұмады.

Жалғыз ұлына Жеңісбек есімін қойған Мақсұт Әбілсейітұлы «Ұлы жеңіс келеді, қайткен күнде де біз жеңеміз» деген ырыммен қойса керек. Әкесінен қалған ізбасарын анасы Шүкірман өсіреді. Ауыл балалары секілді жоқшылықты көрсе де, барын аузына тосып өсірген анасы перзентінің мектепке баруына жағдай жасайды. Анасының көз­қуанышы Жеңісбек те елгезек, әрі білімге құштар болады, сабағын үздік оқиды. Ақжарма ауылындағы жетіжылдық мектептен соң, аудан орталығындағы №35 орта мектепті бітіреді. Мектепті жақсы бітірген соң әкесі секілді мұғалім болғысы келеді. Қызылорда қаласындағы жоғарғы оқу орнына барып, бағын сынайды. Алғашқы үш емтиханнан өтсе де, соңғы емтиханнан сүрінген жас талапкер сағы сынбай гидромелиоративтік техникумға бір сынақ тапсыру арқылы оқуға түседі.

Техникумды бітірген соң болашақ су маманы 20 жасында жолдамамен Атырау қаласына барады. Екі жыл бойы бірнеше су шаруашылығы мекемесінде қызмет етіп, туған жерге оралады. Алғашқы еңбек жолынан кейінгі қызметі аудандағы «ПМК – 15» мекемесінде жалғастырып, аға ин­женер, шебер, прораб қызметін атқарады. Біраз тәжірибе жинаған маман кейін Шіркейлі ауылына бас гидротехник, маман болып ұзақ жыл абыроймен жұмыс істейді.

63 жасында зейнетке шыққан ақсақал қай кезде де қоғам өмірінен ажыраған емес. Белсенді, көпшілік алдында айтар ойы бар азамат­ жас кезіндегі сүйікті ісі қағаз бен қаламды жанына серік етті. Жер­гілікті басылымда басылған тарихи мақалаларға, ауданның жақсы жаңалықтарына үн қосып, танымдық мақала жазып, белсенді автор атанды.

Туған жердің тарихы, ел ше­жіресі, жер-су атаулары туралы үнемі ізденіп, облыстық, аудандық газеттерге мақала жазып, аудандық газеттің штаттан тыс тілшісі атан­ғанына да 50 жылдан асты.

Бүгінде 80 жасқа келген қарт қаламгер облыс орталығына қоныс аударды. Өмірлік қосағы Күлжамила апамен 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді. Өрісін кеңейткен Нұргүл қызы ақ халатты абзал жан. Ұлдың үлкені Алмас жеке кәсіппен айналысады. Жеңісбек ағаның қолындағы кенже ұл Жандос мамандығы теміржолшы.

Төл мереке – баспасөз күні қарсаңында біздің тұрақты авторымыз Жеңісбек Мақсұтұлымен телефон арқылы сөйлестік. Қазір қала тұрғыны болса да аудандық газеттен ажырамаған оқырман әлі күнге дейін газет тігіндісін жасайды екен.

– Әкемнен жалғызбын. Құдай­ға шүкір, үбірлі-шүбірлі болдым. Оқы­дым, қызмет атқардым. Бей­нет­тің зейнетін көрудемін. Елдің жа­ңалы­ғынан осы күнге дейін хабардар болып отырамын. Ауылдағы аға­йын­ның той-құдайысынан қал­май­мын. Облыстық, аудандық га­зеттің жаңа шығарылымын асы­ға күтемін. Газеттің байырғы қа­­лам­герлерінің жолын жас журна­листер жалғап келеді. Азды-көпті жазған мақалаларым арнайы тігін­діге жи­нақталған. Кейін неме­релерім мен шөберелерім де осы жолды жалғаса деймін. Кітапты көп оқимын. Кітап – рухани байлық. Адамның сана сезімі кітап оқумен толығады. Га­зет-журналдарда қанша адамның қолтаңбасы бар. Көз майын тауысып жазған дүниелері ертеңгі тарих. Тарихсыз бүгін жоқ. Қаншама қиын күндер артта қалды. Балалық шағым болмады деп айту қиын. Әкем де, шешем де – анам болды. Анамның тілеуімен өсіп-өндім, шүкір. Ойыма түскен ескі әңгімелерді, шежірені, көнеден келе жатқан аңыздарды еске түсіріп, қағазға жазып қою әде­тім бар. Бұл қаныма сіңген қасиет болса керек, – дейді бізге Жеңісбек Мақ­сұтұлы.

Туған жердің төл перзенті ауыл­дың өсіп-өркендеуіне, ауыл шаруа­шылығының дамуына атсалысып, абыройға кенелді. Жас кезінде жанашыр азамат белсенділігімен ерекше көзге түсіп, ауылда бастауыш комсомол ұйымына хатшы болды. Қоғам қайраткері Жаңабай Аза­матовтың қамқорлығымен жауап­­­ты қызметтің басы-қасында жүрді. Ауыл шаруашылығын дамытуда өзін­дік қолтаңбасын қалдырды.

Қоғамды толғандырған өзекті мәселелердің шешімін іздеп, аудан­ның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосты. Ауыл ша­руашылығына, су мәселесіне қа­тыс­ты өз тәжірибесімен бөлісіп, жас кадр­ларды дайындады.

Өз саласының білікті маманы болуымен қатар қойындәптері үнемі жанында болды. Ел ішінен шық­қан тарихи тұлғалар жайында қызықты мәліметтер жинады, шығармашылықпен айналыс­ты. Қарт қаламгер Же­ңісбек Мақсұтұлының тарихи деректерге сүйеніп жазған «Әл Фараби дінсіз бе?» деген мақаласы облыстық «Сыр бойы» газетінде жарияланды. Бұл мақалаға кезінде белгілі қаламгерлер пікір айтып, ғұламаның өмірінен дәйекті деректер айтылды. Қоғам талқысына түс­кен «Тоғжан қайда жерленген?» атты мақаласы «Жас Алаш» га­зеті жариялады. Бұл да көптің тал­қысына түскен мақала болды. Осындай оқырманды қызықтыратын тартымды жазбаларының арқасында қа­ламгердің танымдық мақалалары көптің көңілінен шықты.

Өнегелі өмір иесі бүгінде сек­сен­нің сеңгіріне шықса да, әлі тың, қи­мылы ширақ. Ұрпақтарының қы­зы­ғы­на кенеліп отырған қарияның әлі де­ айтар ойы мен пікірі түгесілмек емес.





Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ


21 маусым 2022 ж. 265 0