Белсенді ардагер
Соғыс кезінде дүние есігін ашқан балалардың еті тірі болып келеді. Біздің кейіпкеріміз жеңісбек аға да сондай балалардың сойынан. Ол 1942 жылдың 20 маусымында тереңөзек ауданында дүниеге келген. Өкінішке орай, небәрі бір жарым жасында әкеден айырылды. Әкесі Мақсұт Әбілсейітұлы ауданға белгілі азамат еді. Ол 1909 жылы туған. Аудандағы алғашқы мұғалімдердің бірі. Ауданда көп жыл басшылық қызмет атқарған сыйлы қарт, ұлы отан соғысының ардагері Ыбырай Сейпулов: «Айналайын Жеңісбек, сенің әкең маған дәріс берген ардақты ұстазым еді. Өте парасатты кісі болатын» деп жиі еске алады екен.
Еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған Мақсұт Әбілсейітұлы соғыс кезінде аудандағы 39 колхоздың бірі болса да бірегейі «Қызылөзек» ұжымшарына төрағалық етіпті. Өкінішке орай, соғыс жарыдан ауғанда, жалындап тұрған жігерлі азамат бейдауа дерттен көз жұмыпты.
Дүниеге келген атұстардың есімінің қойылуында да үлкен мән бар. Сонау 1942 жылдың өзінде «біздің ісіміз әділ, біз жеңеміз» деген ырыммен өмірге жаңа келген нәрестеге әкесі Жеңісбек деп есім берген.
Мақсұттан қалған жалғыз тұяқ Жеңісбекті анасы Шүкірман жоқшылық пен жесірліктің зардабын тартып жүріп жетілдірген. Жеңісбек алғыр, елгезек болып өсті. Мектепті үздік оқыса да, анасына қарайлап, алысқа бармай, облыс орталығындағы педагогикалық институтқа құжат тапсырды. Жоғарғы оқу орнында үш емтиханды жақсы тапсырғанымен төртіншісінен сүрінді. Бір жылы босқа кететінін білген соң ұстаздарының ақыл-кеңесіне жүгінген. Олар институтқа жақын орналасқан Қызылорда гидромелиоративтік техникумға баруға кеңес берген. Техникум директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары, кейін Сыр өңіріне белгілі мұрап болған Сабыр Арыстанбаев болашақ су шаруашылығы маманының жоғары оқу орнына тапсырған сынақ нәтижесін және отбасылық жағдайын ескеріп, арнаулы оқу орнына түсу үшін бір ғана математикадан сынақ тапсыруға рұқсат береді. Бұл емтиханды жақсыға тапсырған Ж.Мақсұтұлы сол жылы студент атанады. Жатақханадан орын алады. Студенттік жылдар жылжып өтіп, Қызылорда гидромелиоративтік техникумын 1962 жылы бітірген жас жігіт жолдамамен бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау қаласына барады. Онда облыстық, Махамбет және Қызылқоға аудандық су шаруашылығы мекемелерінде екі жыл өз мамандығы бойынша еңбек етті. Жолдама мерзімі біткеннен кейін туған жерге оралып, Тереңөзек аудандық ПМК-15 мекемесінде аға инженер, шебер, прораб болып еңбек етті. Кейін Шіркейілі ауылында бас гидротехник, су шаруашылығы маманы болып 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеді. 2005 жылы зейнеткерлікке шықты. Үйде қолқусырып қарап отырған жоқ. Ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласуда.
Көп жыл аудандық газеттің штаттан тыс тілшісі болды. Жергілікті қаламгердің Сыр елінің шежіресі, жер, тарихи атаулар туралы тартымды мақалалары аудандық, облыстық газеттерде тұрақты жарияланды. Бар ғұмырын ауыл шаруашылығына арнағаннан, оның ыстығына күйіп, суығына тоңғаннан кейін осы сала қызметкерлерінің зейнетақысы аздығы жөнінде талай мәрте мәселе көтерді. Қазіргі таңда мұндай мәселе жоқ. Оның кезінде оң шешілуіне Жәкең тәрізді белсенді азаматтардың ықпалы болды деп есептейміз.
Өмірі өнегелі Ж.Мақсұтұлы – туған жерінің, ауданның жанашыры. Қазір денсаулығына байланысты облыс орталығында тұрса да, ауданның жағымды жаңалықтарынан хабардар. Әрдайым редакцияға телефон шалып, аудандағы игі істерге тілеулес болып отырады.
«Бәйтерек – жапырағымен бәйтерек» дейді халық даналығы. Сол айтқандай, Жеңісбек аға мен Гүлжәмила апа бір қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірді. Олардан бүгінде алтын асықтай 13 немере сүйіп отыр. Перзенттері ата-ана сенімін ақтап, өмірден өз орындарын тапқан. Нұргүлі – облыстық туберкулезге қарсы ауруханада бөлім басшысы, Алмас – Шіркейлі ауылында жеке кәсіпкер, Жандос – Қызылорда локомотив депосында машинист. Қариялар осы кенже ұлдың қолында.
Біз де белсенді ардагер азаматқа зор денсаулық, қажымас қайрат тілейміз.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ