Қиындық көрсек те мұқалмадық
Қазіргі заман бағалаған адамға керемет кезең. Не ішем, не кием демейсің. Тек қол қусырып қарап отырмай, еңбек ет. Мен екі жылдан кейін 80 жасқа келемін. «Біз көрген қиындықты кейінгі ұрпақ көрмесін» деп тілеймін. әкесіз өсіп, жетімдіктің тақсыретін тартқан жанның бірімін.
Мен Жеңісбек Мақсұтұлы 1942 жылдың 20 маусымында Тереңөзек ауданының, «Қызылөзек» деген ауылында дүниеге келіппін. Әкем Мақсұт Әбілсейітұлы соғыс кезінде «броньмен» қалып, шаруашылық төрағасы қызметін атқарып жүрген кезі екен. Бұл кісінің әкесі – Әбілсейіт Башарұлы. Башар атамыз Қоқанның алдындағы Хиуа ханның жергілікті жердегі уәкілі (уәзірі де) болған екен. Біздер мұсылман дінінің негізін қалаушы Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) немере інісі әрі қызы Фатиманы алатын Әзіретәлінің (IV халиф) баласы Мұхаммед-Ханафиядан тарайтын ұрпақтар боламыз. Олар арабтың Кұрайыш тайпасының ұрпақтары екен. Арабтар халифат құрып, мұсылмандықты насихаттап VII ғасырда қазіргі Орта Азия мен Қазақстанның аумағына келген. Демек бұл Шыңғыс ханнан бұрын деген сөз. IX ғасырда Арабиядан Абдрахман, Абдрахим деген бабтар келеді. Осы кісілерден: Абдрахманнан – Ысқақ Баб, Абдрахимнен – Әбдіжәлел Баб тарайды. Біздің әулетіміз Мәді Қожа, лақап аты Дуана (кейбір беймәлім жандар айтып жүргендей – Диуана қожа емес) ұрпақтарымыз. Ол кісі Абылай ханнан бұрын, шамамен 1650-1700 жылдарда өмір сүрген болуы керек. Бұған дәлел Әзіреті Әліден (600-661 ж.ж.) Дуанаға (Мәді Қожа) дейін көп шежірелерде орташа 32 атаға келеді. Одан кейінгі ұрпақтар Дуанадан: Қожжан, Қылыш, Пірзада және Бақмұхамет, баба ұрпақтары да 2020 жылға дейін 10-11-12 атаны құрайды. Менің әңгімем, Мәді Қожа – Жиенқожа – Балта – Ерқожадан тараған Башар атаның баласы Әбілсейіттің ұрпақтары жайлы.
Әбілсейіт Башарұлы – 1872 жылы туған. Бұл деректі мен бала кезімде үлкендердің «Әбілсейіт 1935 жылы Пайғамбар жасы 63-те қайтыс болды» деген сөздерінен өзімше топшыладым. Әбілсейіттің бірінші әйелі Мәриямнан Мақсұт – 1908 жылы және Төребай – 1917 (құжатында 1919) жылы дүниеге келген. Бала үстінен әжеміз қайтыс болып, Төребай атамыз көпке дейін нағашысы Төлеген ақсақалдың тәрбиесінде болады. Бұл Әбілсейіттің 45 жасына тура келеді. Ұзамай атамыз Төре Сейпуловтың қызы, Кетебай, Ыбырай деген азаматтардың апасы Күласыл әжемізге үйленіп, Күлжан, Абылай, Әбілхан атты балалары болады. Күлжан апамыз шамамен 1920 жылғы. Ұрпақтары Тұрсынкүл – қазіргі Нағи Ілиясов ауылында, Бөрібай – Ақжарма ауылында тұрады. Абылай 1923 жылы туылып, Ұлы Отан соғысы басталғанда 18 жасқа толған соң әскер қатарына алынып, содан хабар ошарсыз кетеді. Ал Әбілсейіт атамыз қайтқанда (1935 жыл) іште қалған бала Әбілхан 1936 жылы туылады. Күласыл әжеміз 1971 жылы Ақжарма ауылында шамамен 76 жасында қайтыс болады. Сонымен, Әбілсейіттің үш ұлының екеуі: Төребай Әбілсейітұлы – 1917 жылы туылып жасынан шешесіз жетім, Әбілхан Әбілсейітұлы – 1936 жылы туылып әкесінен іште жатып жетім қалған.
Жетімдік мені де айналып өтпеді. 1929 жылы үйленген әкем Мақсұт пен шешем Шүкірман мені 13 жыл күтіпті. 1942 жылдың 20 маусымында жоғарыда айтылған «Қызылөзек» ауылында дүниеге келіппін. Арада бір жарым жыл өткенде әкем Мақсұт 1943 жылдың күзінде 25 күн ауырып, қайтыс болыпты. Осылайша шешем жесір, мен жастайымнан жетім атаныппын. Соғыс жүріп жатқан уақыт, қазіргідей жолдар, көліктер жоқ. Айнала су мен көлдер. Соған қарамастан қазіргі «Қарақасқа» елді мекеніне жақын «Ушан» деген жерге аталас әкеміз Боранбайдың Таңсықбайы колхоздың өгіз жегетін арбасымен көшіріп әкеледі. Таңсықбай кезінде екінші әжеміз Күласылды алады. Ұрпақ болмай керейт руының Бектұрған, Шектан деген кісілерінің қарындасы Айжамалмен отау құрады. Олардан ұл-қыз тараған. Қыздары ұзатылып кетсе, баласы Жетпісбай Ақжарма ауылында тұрып, 2015 жылы қайтыс болды. Балалары бар.
1956 жылы қазіргі Ақжарма аулының орталығындағы сол кездегі «Шандайкөл» атты 7 жылдық мектепті бітіріп, 8 сыныпты көрші Шағандағы «ВЛКСМ-ның 30 жылдығы» атындағы мектепте жалғастырдым. Келсем анам науқастанып, Тереңөзекке колхоздан ауданға қатынайтын жүк машинасымен емделуге бара жатыр екен. Ол кезде қазіргідей автобус, жедел-жәрдем көлігі деген жоқ. Үйде 7-ге толмаған қарындасым Кенішкүл екеуміз қалдық. Сол кездегі менің анама арнаған алғашқы жазған лебізім:
Анама
Ақ сүт беріп, асыраған анама,
Дидарына ананың, ешкім қана ма?
Бір жасымнан айырылып әкемнен
Әке зарын тартқызбаған панама, – деп анама өлең арнаппын.
Осы жасыма дейін көптеген қиындықтарды көрдім. Ауыл шаруашылығының су шаруашылығы саласында 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп, зейнетке шықтым. Менің бұл мақаланы жазғандағы мақсатым – өткен ғасырдың колхоздасуы, ашаршылығы, халық өз ішінен жау іздеуі, соғыс, тағы басқа қасіреттердің әрбір отбасында, екі қазақтың бірінің, керек десеңіз, бүкіл ұлттың басында болғанын кейінгі ұрпақ білсін деген ой еді. Тарихтан тағылым алғанымыз бәріміз үшін қажет. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында да осы айтылған емес пе?!
Жеңісбек МАҚСҰТҰЛЫ,
зейнеткер