Дүниежүзілік сүт безі қатерлі ісігімен күресу күні

Қызылордалық 85 жастағы Әлимa Жақұбекова бұл дертпен 20 жылға жуық күресіп келеді. Осы уақыт ішінде ол сүт бездеріне екі мәрте ота жасатты, алайда өмірге деген құлшынысын жоғалтқан жоқ. Қазір де ол МӘМС аясында емін жалғастырып жүр: сәулелік терапиядан өтеді, жүйелі түрде тексеруден өтіп, қажетті дәрі-дәрмектерді алады.
- Бұл ауру көбіне күйзелістен туындайды. Адам өз денсаулығы, өмірі үшін күресіп және емді, жақындары мен дәрігерлердің көмегін ризашылықпен қабылдаса, онда бұл сауығуға мүмкіндік береді. Ай сайын дәрі-дәрмек алып, дәрігерлерге қаралып тұрамын. Қамқорлық пен қолдау көрсеткендерге алғысым шексіз, – дейді Әлимa Жақұбекова.
Дәрігерлердің айтуынша, егер дерт ерте анықталса, сүт безі қатерлі ісігі сәтті емделеді.
- Өткен жылы пациенттің сол жақ сүт безінен ісік анықталды. Радикалды мастэктомия жасалды. Бұған дейін оң жақ сүт безіне де ота жасалған. Қазір жағдайы тұрақты, медициналық қызметтер МӘМС аясында көрсетілуде, – деді облыстық онкологиялық орталықтың дәрігері Рамазан Жұмағалиев.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалының ақпараты бойынша, барлық пациенттер МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, онкологиялық скринингтен өте алады. 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдер тұрғылықты жеріндегі емханада екі жылда бір рет сүт безі обырын ерте анықтауға арналған скринингтен тегін өте алады.