Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл мектебінің негізін қалаған

Ауыл мектебінің негізін қалаған

Дүниеден қанша жақсы мен жайсаңдар өтсе де, атқарған ісімен ел жадында мәңгі қалған азаматтар бар. Солардың қатарында қаржыгер Камал Шөкеновтың Сыр елі үшін орны ерекше.
Ұлы Отан соғысы басталмас бұрын дүниеге келген балаларды «соғыс перзенттері» деп атауы бекер емес. Бар қиямет пен қиындықты басынан өткеріп, ашаршылықтың зобалаңымен өткен балалық шақтарында белі қатаймаса да еңбекке араласып, дала қосында еңбек еткендердің қатарында Камал аға да бар. Ол соғыс жылдары майдан даласына астық пен киім-кешек жіберуге аянбай атсалысты. Небәрі 12 жасында «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы кезінде қажырлы еңбегі үшін» медалімен марапатталған 5-6 ауыл балаларының қатарында ол кісі де болды.
Жалағаш ауданының тумасы Камал Шөкенов 14 жасында Қаракеткендегі 7 жылдық мектепті бітіріп, Алматы қаласындағы Қаржы-несие техникумына оқуға түседі. Техникумды бітірген соң жолдамамен туған ауылына келіп, банкке қызметке орналасады. Жоғарғы білімді Ташкент қаласындағы Қаржы-экономикалық институтынан алады. Жас маман институтты бітірісімен 1957 жылы облыстың қаржы саласында жұмысын жалғастырады.
Оңтүстіктің қызы Диляра Ибрагимқы­зымен бас қосып, дүниеге Бауыржан, Батырхан, Бақытжан, Раушан есімді балалары келкен. Шөкеновтер отбасында әке жолын қуған немере мен шөберелер жетерлік.
Камал Шөкенов 1970 жылы Қы­зыл­орда облыстық қаржы бөлімін бас­қарды. Ол аймақтың қаржы саласын ең қиын қыстау кезеңде басқарған білікті қаржыгер болғанын оның көзін көргендер жақсы біледі. Әсіресе, сол жылдары Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы заң дайындалып, оған бюджеттен өтелетін шығындарды есептеуге министрлік қызметкерлерімен бірге күн-түн демей есебін шығарып, аталған заңның өмірге келуіне сүбелі үлес қосты. Осы мәселенің, нақты айтқанда облыс еңбеккерлеріне шөл және шөлейт мекендерінде орналасқаны үшін одақтың қаржы, еңбек және еңбекақы министрлігіне, мемлекеттік жоспарлау комиссиясына облыстың сол кездегі басшысы Е.Әуелбеков, қаржыгер К.Шөкенов, облыстық жоспарлау комиссиясының төрағасы Ә.Қалыбаев Мәскеуге оң шешімін табу үшін екі рет барған. Олар түн ортасына дейін қосымша талап еткен мағлұматты беріп, облыс еңбеккерлерінің жалақыларына қосымша 15 процент үстемақының қосылуына, қаулының шығуына атсалысқан азаматтар.
Облыстық қаржы саласында ұзақ жыл абыройлы еңбек етіп, «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген экономисі» деген құрметті атақ алып, зейнетқе шыққан соң да Камал Шөкенов 1998 жылы Қызылорда қаласында ашылған Қазақстандық экономика және құқық институтының филиалына директор болып тағайындалды. Содан бастап бұл оқу орны «Шөкеновтің институты» деп аталып кеткен.
Айта кету керек Камал аға облыстың білім саласына да көп еңбек сіңірді. Сондықтан оған қазақстандық экономика және құқық институтының ғылыми кеңесі 2000 жылы профессор атағын берді. Қаржыгер өзінің жазған бір естелігінде: «Тоқырау кезеңіндегі егеменді елдің болашағына кәміл сенген халқымыздың өзінің дархан даласындай кең пейілділігімен өздерін өздері жұбатып, көңілдерін кеңге салуы біздің де бойымызға қуат беріп, жабырқаған көңілімізді жадыратып отырды. Тап осындай халқы бар елден қалай айналмайсың. Сондықтан жасыратыны жоқ, сол кездегі қаржы тапшылығы облысымыздың басты дертіне айналғанда, қаражатты үнемдеп, қажетті шараларға жұмсадық», – дейді.
Ел қамын ойлаған азаматтың азаматтығы туралы аудан­ның шалғай ел­ді ме­кені Іңкәр­дария аулы­ның ардагер-ұстазы Фатима Байзіл­даева:
– Іңкәрдария ауылы қой шаруашылығымен айналысқан шағын совхоз болғаны белгілі. Онда мектеп ғимараты өте ескі, 1964 жылы салынған. Мектеп жанында шопан балаларының жатып оқуына арналған интернат болған. Ауылдың тыныс-тірлігімен танысқан Камал Шөкенов жоғарғы кеңеске депутаттыққа кандидат ретінде ауылға жаңа мектеп салуға ықпал ететінін айтты. Ауыл халқы ризашылықпен ол кісіге 100 процент дауысын берді. Айтылған уәде орындалып, 1990 жылы жаз айында қаржы бөлініп, ауыл ортасынан қос қабатты мектеп салу басталды. Мектептің сызба-жобасы да керемет. Ұмытпасам оны біз «Күн айналасында» дейтінбіз. Себебі ғимараттың қай жағынан қарасаң да күн көзі төгіліп тұрады. Мектеп 1991 жылы 6 қаңтар күні салтанатты түрде ашылды. Ауыл мұғалімдері мен оқушыларының, тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Кең әрі жарық, сәулеті келіскен мектеп ел игілігіне берілді. Әсіресе мұғалімдер қауымы Камал ағаға риза болды. Азаматтың азаматтығының арқасында ауылдың балалары жылы мектепте сапалы білім алуына мүмкіндік алды, – дейді.
Жарты ғасырлық тарихы бар Іңкәр­дария ауылының халқы мерейтой кезінде атпал азаматтың қамқорлығын еске алып, өнегелі өмір иесінің есімін жаңғыртуға байланысты ауыл ақсақалдары ұсыныс айтты. Сондықтан ер есімін құрметтеу, оның атын мәңгі ел жадында сақтау бүгінгі ұрпақтың парызы болып қала бермек.

Бибісара ЖАНӘЛІ 
14 наурыз 2020 ж. 735 0