Сыр өңірінде орыс қауымдастығының онкүндігі қорытындыланды

«Бірлігіміз – сан алуандығымызда» атты қорытынды концертке түрлі этнос өкілдері, мәдени бірлестіктердің жетекшілері мен жастар ұйымдарының белсенділері қатысты. Шарада ел бірлігін, этносаралық татулықты және өзара құрметті дәріптеген мазмұнды көріністер мен ән-билер көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Салтанатты кештің ашылуында Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов сөз сөйлеп, Ассамблеяның қоғамдағы бірлік пен келісімнің символына айналғанын атап өтті. Ол онкүндік аясында белсенділік танытқан бірқатар азаматтарға алғыс хаттар табыстады.
Марапат иелерінің қатарында «Қайсар» футбол командасының ойыншылары, «Дамир» жеке балабақшасының басшысы Әсел Базарбай, «Сиқырлы әлем» балабақшасының жетекшісі Ақмарал Төрешова, «Ассамблея жастары» ұйымының белсенділері және «Жемчужина» би тобының жетекшісі Ирина Ащеулова бар.
Концерт барысында түрлі этностардың әндері мен билері орындалды. Көрермендер назарына «Дамир» балабақшасының тәрбиеленушілерінен орыс биі, Анар Ізденнің орындауындағы «Скоростное шоссе» әні, «Индиго» би орталығының «Паук» биі және М.Мәметова атындағы педагогикалық колледждің «Япурай» хорының «Прекрасное далёко» әні ұсынылды.