Ауыл мәдениетінің ошағы

Ауылдық клуб жанынан құрылған алты үйірме жұмысын жалғастыруда. Ән, би, көркемсөз, домбыра, әжелер ансамблі және мәдени үгіт-бригада топтары 60-қа жуық ауыл тұрғынын өнер мен мәдениетке тартуда. Клуб мүшелері аудандық, облыстық, республикалық байқауларда бақ сынап, халықаралық тартыстарда төбе көрсетіп жүр. Бұл – шағын ғана ауыл мәдениетінің үлкен мәртебесі. Мұнда тек ауыл арасындағы ғана емес, облыс көлеміндегі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Былтырғы жылы қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының – 175, есімін ауыл иеленген Сыр ақыны Асқар Тоқмағамбетовтің – 115 жылдығына арналған шаралардың шырайын келтірген ауыл клубында биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған байқаулар басталып кеткен. Мереке қарсаңында мәдениеттанушы, ҚР Журналистер одағының мүшесі, мәдениет саласының ардагері, Сырдария ауданының «Құрметті азаматы» ақын Сейтмұрат Ембергеновтың 90 жылдығына орай облыстық ақындар мүшәйрасын өткізу жоспарлануда.
ТҮЙІН. Шағын ауылдарды дамыту мен гүлдендіру – үкімет алдындағы үлкен мәселенің бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әр жолдауында осы тақырыпқа баса тоқталып өтеді. Мемлекет тарапынан ауылды және агроөнеркәсіп кешенін дамыту шаралары қабылданып, іске асуда. Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай: «Біз кез келген ұлттың түп-тамыры ауыл жұртында жататынын естен шығармауға тиіспіз...»
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ