«Суды үнемдеу – болашақты сақтау»: Ғылыми жобадан өмірлік тәжірибеге дейін
Қазіргі таңда экологиялық мәселелер мен табиғи ресурстарды тиімді пайдалану – жаһандық деңгейде ғана емес, әрбір аймақ пен жекелеген ауылдар үшін де ең өзекті тақырыптардың біріне айналды. Әсіресе, Сыр өңіріндегі су ресурстарының азаюы мен климаттың өзгеруі әрбір тамшы судың қадірін білуді талап етеді.Міне, осы өмірлік қажеттіліктен туындаған өзекті мәселені арқау еткен Қызылорда облысы, Сырдария ауданындағы №147 орта мектебінің 10-сынып оқушылары Молдабеков Жайсаң мен Каштаев Нұрсұлтан «Суды үнемдеу – болашақты сақтау» атты ғылыми-зерттеу жобасын сәтті қорғап шықты.
Ауыл өмірінен алынған өзекті идея
Ғылыми жобаның негізгі идеясы – курстық теориямен шектелмей, оны тікелей өз ауылымыз Бесарықтың тұрмыс-тіршілігімен байланыстыру болды. Бесарық ауылында 444 үй толықтай ауызсу жүйесіне қосылған, сондай-ақ бұл аймақта мал мен құс шаруашылығы, күріш алқаптары, кірпіш зауыттары мен көлік жуу орындары кеңінен дамыған. Алайда, табиғи су арналарының тартылуы, жазғы аптап ыстықта суды шамадан тыс жұмсау салдарынан сорғылардың (насостардың) күйіп кететіні және ауылдың сусыз қалатын кездері жиілеп кеткені бәрімізді ойландырады.
Осы мәселені шешу үшін оқушыларымыз қарапайым, бірақ өте тиімді шешім ұсынды: тұрмыста қолданылып, бірден кәрізге (септикке) кетіп жатқан сұр суды (раковинада қол жуған суды) арнайы сүзгіден өткізіп, унитазды шаюға бағыттайтын автономды жүйенің моделін құрастырды.
Оқушылардың ізденісі мен маңызды нәтижелері
Жоба барысында Жайсаң мен Нұрсұлтан нағыз зерттеушілерге тән еңбекқорлық пен ізденімпаздық танытты. Олар тек әдебиеттерді ақтарып қана қоймай, жергілікті су шаруашылығының соңғы көрсеткіштерін талдап, нақты математикалық есептеулер жүргізді:
Бір адам қол жуғанда орташа 2 литр су жұмсайтынын және оны күніне 5 рет қайта жинау арқылы 10 литр суды қайта пайдалануға болатынын дәлелдеді.
Бұл – бір адамның айына 300 литр, ал бір отбасы мен мектеп көлемінде тонналаған таза ауызсуды үнемдеуге мүмкіндік береді деген сөз.
Сонымен қатар, оқушылар арнайы сүзгі, су жинайтын резервуар және құбырлар жүйесінен тұратын арнайы макет жасап, жүйенің жұмыс істеу механизмін тәжірибе жүзінде көрсете білді.
Олардың ұсынған жобасының басты жаңашылдығы – суды ауызсу деңгейіне дейін тазартуға кететін қымбат шығындарды талап етпей, оны техникалық мақсатта пайдалану арқылы қарапайым тұрмыста кеңінен қолдануға болатындығында.
Ұстаздық бағыт – нәтижелі ізденіс кепілі
Жоба жетекшісі ретіндегі менің басты міндетім – оқушылардың бойындағы ғылыми қызығушылықты оятып, теориялық білімді өмірмен байланыстыруға дұрыс бағыт-бағдар беру болды. Физика және математика пәндерінің заңдылықтарын экологиялық мәселелермен ұштастыра отырып, балаларды тек есеп шығаруға емес, қоғамға пайдалы шешім қабылдауға баулыдық.
Зерттеу барысында оқушылардың деректерді талдау, модельдеу, өлшеу және қорытынды жасау дағдылары арта түсті. Тәжірибе жасау арқылы олар «Суды үнемдеу – табиғатты қорғау, ал табиғатты қорғау – болашақты сақтау» деген негізгі ұстанымды жете түсінді.
Болашаққа көзқарас
Бұл ғылыми жоба – тек үшін жасалған жұмыс емес, ол Бесарық сияқты ауылдық елді мекендерде, мектептер мен қоғамдық ғимараттарда кеңінен енгізуге болатын дайын практикалық ұсыныс. Келешекте біз бұл жүйені автоматты датчиктермен, су деңгейін бақылайтын сенсорлармен толықтырып, «ақылды су үнемдеу жүйесіне» айналдыруды жоспарлап отырмыз.
Жас өрендеріміздің мұндай ізденістері мектеп қабырғасынан бастап экологиялық мәдениетті қалыптастыруға зор үлес қосады. Әрбір тамшы судың қадірін түсінетін саналы ұрпақ тәрбиелеу – біздің басты мақсатымыз.
Акмарал НАРИКБАЕВА,
№147 орта мектептің математика және физика пәнінің мұғалімі,
педагог-сарапшы,
ғылыми жоба жетекшісі
Фото: ашық дереккөзден










