Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Таланттарды тудырған мекен

Таланттарды тудырған мекен

Баланың бойындағы қабілетін ашып, өнерін дамытуға мәдениет ошағының ықпалы зор. Осы орайда «Ауыл» жобасы негізінде Сәкендей алып ақынның есімі берілген ауылдың тыныс-тіршілігін бағдарлап қайтқан болатынбыз. Ауылға ақынның есімі берілуі де тегін емес сынды. Сейфолла Оспан, Бағдат Есназар, Нұрмат Мансұр сынды жыр алыптарын тудырған киелі мекеннен ағаларының ізін өкшелеп қуып келе жатқан жас жеткіншектер жетерлік.

2015 жылы берілген су жаңа ғимаратта бүгінгі күні 8 қызметкер жұмыс істейді. Ән, драма, қолөнер, «Жас қалам» атты көркем сөз оқу шеберлері мен жазба ақындар үйірмесі жұмыс жасайды екен. Ауылда одан бөлек «Мейірбан әжелер» атты он адамнан тұратын әжелер ансамблі бар. 150 адамға шақталған көрермен залы бар мәдени ошақта аудан және облыс көлеміндегі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Бүгінгі таңда ауылдық клубта 63 оқушы тәрбиеленуде. Жыл көлемінде талантты жастар 59 іс-шараға қатысып жүлделі орындарды еншілеген. Оның ішінде жас талапкерлеріміз «Абай мұрасы» атты республикалық Абай шығармаларынан онлайн өнер байқауына қатысып, Н.Мансұр 1-орын алса, 2-орынды А.Талапбекова қанжығалаған. Сонымен қатар «1 маусым − Халықаралық балаларды қорғау күніне» орай өткізілген «Біз бақытты баламыз» атты республикалық балалар мен жасөспірімдер арасындағы онлайн өнер байқауынан «Көркем сөз» аталымы бо­йынша Н.Асылбекқызы мен қолөнерші жеткіншек Н.Жанбаева Бас жүлде ие­ленді. Қуанышты жаңалық еселеніп Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған «Ғаламның ғұлама ұстазы» атты республикалық жас ақындар арасындағы айтыста жас ақын М.Мансур Бас жүлде алды.

Сәкен Сейфуллин ауылдық клубы жыл көлемінде 37 іс-шара өткізген. Елдегі пандемия жағдайына байланысты 30 іс-шара онлайн түрде болса, 7-уі офлайн режимде өтті. Оның ішінде ең ауқымдысы – Сейфуллин ауылының 45 жылдық мерейтойы қарсаңында өткізілген «Тамыры терең туған жер» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы. Қызметкерлер клуб жұмысымен қатар әлеуметтік желіде де белсенді жұмыс жасауда. С.Сейфуллин ауылдық клубының «Фейсбук» әлеуметтік желісінде «Жаныңда жүр жақсы адам» атты айдармен ауыл жастарына үлгі боларлық азаматтардың игі істері жарияланып отырады. Клуб меңгерушісі Нағима Нәденқызы өз сөзінде:

− Қазіргі елдегі жағдай көптеген мүм­кіндіктерді тежеп тұр. Алайда біз бұнымен тоқтап қалмай шәкірттерді баптап, бәйгеге қосудамыз. Карантин талаптарын сақтай отырып, шәкірттерімізді жарыстарға да­йындаудамыз. Келешек жастар еліміздің дамуына басты кепіл болғандықтан, олардың қабілетін шыңдап, талантын таныту үшін облыс және аудан көлемінде іс-шаралар ұйымдастырып келеміз. Келесі жылы барлығы қалыпқа түсіп, оқушылармен емін-еркін жұмыс жасайтын күнге жетеміз деп сенемін, − деді.

Ауыл жастарын үйірмелерге жұмыл­дырып, жеткіншектердің талабын шың­дайтын осындай мәдениет ошағының бары бізді де шын қуантты. Мәдениеті қалыптасып, тілі жанданған елдің келешегі кемел болатыны анық. Осы жолда С.Сейфуллин ауылдық клубының аянбай қызмет жасап жатқаны құптарлық іс.

Жұлдызай АНШАЕВА 
29 желтоқсан 2020 ж. 439 0