Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәдениеттің ошағына айналған

Мәдениеттің ошағына айналған

Жетікөл ауылдық клубының іргетасы 1982 жылы қаланған. Бұрынғы балабақша ғимаратын қазірге заман талабына сай жабдықтап, ауылдық мәдениеттің ошағына айналғына биыл жиырма жылға жуық уақыт болыпты. Бір қарағанда аядай ауыл болғанымен мұнда талай өнердің дүлділдері өмірге келген. Жерлестері сол өнер майталмандарымен мақтанады, марқаяды.
– Ауылдық клубта өткен тоғыз ай қоры­тындысымен көптеген іс-шаралар атқардыҚ. Елдегі пандемия жағдайына байланысты бұл шаралардың көпшілігі онлайн түрде өткізілді. Мекеме ұжымында 9 мәдени қызметкер еңбек етуде. Ауыл жұртына, оқушыларға арналған 4 үйірме өз жұмысын жүйелі жүргізіп келеді. Қызметкерлеріміздің республикалық, облыстық, аудандық байқауларға белсене қатысып, жүлделі орындар алып жүр. Биыл клубымыз ішінара жөндеуден өтті.
Қай кезеңде болмасын әрбір елдің деңгейін көтеретін оның мәдениеті мен дәстүрі екені белгілі. Сондықтан да дәстүрлі өнерді қолға алып, оны насихаттап келеміз. Жоғарыда сөз еткен төрт үйірменің бірі де бірігейі осы дәстүрлі өнер мектебі. Бүгінде жыр мен термеге қызығатын жастардың қатары көп емес. Сол себепті келушілердің қатарын көбейту үшін оларды қызықтыратын жаңа, тың дүниелерді өмірге әкелу қажет, – деді мекеме басшысы Алмат Нақыпбекұлы.
Ауылдық клубтың жұмысымен танысу барысында мекеме ішіндегі кітапханаға да бас сұқтық. Мұнда кірген әрбір жан тазалық, көрнекілік, ұқыптылық секілді қағидаттарды бірден байқайды. №14 Жетікөл ауылдық модельді кітапханасы ауыл құрылған яғни 1958 жылдан бері жұмыс жасайды. Қазіргі таңда 15 390 кітап қоры бар руханияттың ошағында ауыл тұрғындарының 62 пайызы оқырман болып үлгерген.
Кітапханашы Кенжегүл Сейтпанова­ның айтуынша, 2016 жылы қыркүйек айынан бастап кітапхана «Модельді» кітапханалар қатарына қосылған. Заман талабына сай жаңа технологиямен қамтамасыз етілген. Ауыл тұрғындары ақпараттар көзіне еркін қол жеткізе алады дейді.

Майя ҚОЖАБАЙ
10 қазан 2020 ж. 415 0