Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Атаулы жылдағы ауқымды шаралар

Атаулы жылдағы ауқымды шаралар

Биылғы жылды Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-жомарт Тоқаев «Абай жылы» деп жариялағаны баршаға мәлім. Еліміз бойынша ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде жоспарға сәйкес ұйымдастырылды. Өз кезегінде «Аbai tv» телеарнасы ашылып, телекөрерменге жол тартты. Оның ұрпаққа берер ұлағаты зор. Ауқымды түрде жүзеге асқан  іс-шаралар легі біздің ауданда да өз жалғасын тапқан болатын. Ауданға қарасты барлық мәдениет ошақтарында ұлы ақынды ұлықтау жүзеге асты.

Мәселен, аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының ұйымдастыруымен «Ұлы халықтың – Ұлы Абайы» тақы­рыбында жылдың бас­ты іс-шарасы шы­мылдырығын түрген болатын. Іс-шара барысында көркем­өнер­­паздардың театр­ландырылған қойылымы қойылып, Абай Құнан­байұлының әндері шырқалды. Ауданға қарасты барлық елді мекеннен бір­неше талапкер қатысқан байқау екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде әрбір қатысушы ақынның бір өлеңін жатқа оқыды. Ал, екінші кезеңде қара сөзін жатқа айтып, терең мағынасын аша түсті. Байқау қорытындысында жеңімпаздар анықталып, арнайы диплом мен бағалы сыйлық табыс етілді.

Кезекті танымдық іс-шара А.Тоқ­ма­ғамбетов ауылында жал­ға­сын тапты. Онда мектеп оқушыларына арнайы Абай мұрасы хақында деректі фильм көрсетілді. Оқушылардың ойлау шеберлігін, сөйлеу мәдениетін жетілдіру мақсатында түсірілген де­­ректі фильм ұлы ақын­ның өлеңдері арқылы өскелең ұрпақты адам бойындағы асыл қа­сиеттерге баулыды. Іс-шара соңын­да ақынның өлеңдері мен қара сөз­дерін жатқа оқыған оқушылар көп­шіліктің жоғары бағасына ие болды.

Әрі қарай Жетікөл, Айдарлы, Аман­келді ауылдарында жалғасқан тақырыптық кештер легі көркемсөз оқу шеберлерінің сайысымен қоры­тындыланды. Ал, Шіркейлі ауылын­да «Ақ дариға» халықтық әже­лер ансамблі ұлы ақынның 175 жыл­­дығына орай «Көңілім әнді ұғады» атты концерттік бағдарламасын ұсын­­са, Н.Ілиясов ауылдық мәдениет үйі көркемсөз оқу шеберлерінің «Асыл сөзді іздесең Абайды оқы, ерінбе» атты Абай өлеңдерін мәнерлеп оқу кеші өткізілді. Мұнан бөлек басқа да елді мекендерде де Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай танымдық шаралар кеңінен ұйымдастырылды.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қоғам­дық сананы жаңғыртудың маңыз­дылығы жайлы айтқаны белгілі. Осы орайда ұлт руханиятының дамуына Абай мұрасының тигізер пайдасы зор. Ұлы ақынның шығармалары бүгінде өзектілігі мен өміршеңдігін жоғалтқан емес. Абайдың ой-тұжырымдары барша жұртқа рухани азық бола алады.

Жыл көлемінде ауданда ұлы ақынның құрметіне арналған бір­неше іс-шара өтті. Біз аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бө­лімінің берген мәліметі негізінде со­ның бірқатарына тоқталдық. Ада­м­­­заттың ақылшысына айналған ұлы ақын Абай Құнанбайұлына арнал­ған ізгілікті, танымдық мәдени іс-шаралар желісі жыл аяғына дейін жалғасатын болады.

Айдана ҚАЛИЕВА 
26 желтоқсан 2020 ж. 388 0