Мәслихаттар сайлауы
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Түркияда өткен әлем чемпионатында Қызылордалық Ұлттық ұлан әскери қызметшілері алтын медаль жеңіп алды

Түркияда өткен әлем чемпионатында Қызылордалық Ұлттық ұлан әскери қызметшілері алтын медаль жеңіп алды

Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5547 әскери бөлімінің екі әскери қызметшісі Түркияда өткен UNIFIGHT спортынан әлем чемпионатында топ жарып, алтын медаль иеленді.

10–15 қараша аралығында Түркия Республикасының Мерсин қаласында әскери-спорттық көпсайыстан UNIFIGHT әлем чемпионаты өтті. Халықаралық додаға әлемнің 36 мемлекетінен 400-ге жуық спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады.

Байрақты бәсекеде Қазақстан ұлттық құрамасының сапында өнер көрсеткен Қызылорда қаласындағы 5547 әскери бөлімінің әскери қызметшілері жоғары дайындықтары мен шеберліктерін көрсетіп, әлем чемпионы атанды.

Атап айтқанда, жарыстың «Классика» бағдарламасы бойынша 60 келі салмақ дәрежесінде Бейбіт Махмудхан, ал 80 келі салмақ дәрежесінде Руслан Абдурашидов қарсыластарынан басым түсіп, алтын медаль жеңіп алды.

Әлемдік додада Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады.

Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің бұл жетістігі – олардың жауынгерлік даярлықпен қатар спорттық шеберлікті де жоғары деңгейде меңгергенінің айқын көрінісі. Халықаралық жарыста ел намысын абыроймен қорғаған ұландықтар Қазақстанның көк туын әлемдік аренада тағы бір мәрте биікке көтерді.

Әлем чемпионатынан елге оралған жеңімпаздарды Қызылорда қаласының теміржол вокзалында әскери бөлімнің жеке құрамы, әріптестері мен туған-туыстары салтанатты түрде қарсы алды. Жиналғандар чемпиондарды жарқын жеңісімен құттықтап, құрмет көрсетті.

Ұлттық ұлан жауынгерлерінің халықаралық аренадағы бұл табысы әскери қызмет пен кәсіби спортты қатар алып жүруге болатынын көрсетіп, жас сарбаздарға үлгі болды.
19 қараша 2026 ж. 22 0