Мәслихаттар сайлауы
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көкжөтелден қорғанудың тиімді жолы – вакцинация

Көкжөтелден қорғанудың тиімді жолы – вакцинация

Көкжөтел – белгілі бір бактериялар тудыратын тыныс алу жолдарының жұқпалы ауруы. Көкжөтел қоздырғышы ауа-тамшы жолы арқылы, әсіресе жөтелу және түшкіру кезінде таралады. Ауруға бейімділік өте жоғары: науқаспен байланыста болған адамдардың инфекцияны жұқтыру ықтималдығы 90%-ды құрайды. Көкжөтел инфекциясына қарсы туа біткен иммунитет болмайды. Инфекцияның негізгі ерекшелігі – адам өмірінің алғашқы күндерінен бастап кез келген жаста ауруға бейім болуы.

Көкжөтел бірқатар ауыр асқынуларды тудыруы мүмкін. Әсіресе өмірінің алғашқы айларындағы балаларда ауру өте ауыр өтеді. Ол жөтел ұстамаларымен, тыныс алудың тоқтауымен, құрысулармен және энцефалопатияның дамуымен сипатталады. Көкжөтелдің тағы бір ерекшелігі – отбасылық ошақтарда кеңінен таралуы.

Көкжөтелдің негізгі симптомы – ұстамалы, спазмдық жөтел. Жөтел ұстамасы кезінде көкжөтел қоздырғыштары қоршаған ортаға ең қарқынды бөлінеді. Көбінесе тұрақты иммунитеті жоқ жас балалар үшін инфекция көзі ересектер мен үлкен жастағы балалар болып табылады. Инфекция көзі тек науқас адам ғана емес, сонымен қатар бактерия тасымалдаушылар да болуы мүмкін.

Мұрыннан су ағу, түшкіру және жөтел пайда болған кезде науқастар айналасындағылар үшін әсіресе қауіпті. Бұл жөтел жөтелге қарсы препараттарды қабылдағаннан кейін де басылмайды. Жөтелден басқа, баланың ұйқысы бұзылып, ашуланшақ болуы мүмкін.

Көбінесе ата-аналар көкжөтелдің алғашқы белгілерін жеңіл суық тию деп қабылдап, баланың басқа балалармен қарым-қатынасын шектемейді. Нәтижесінде инфекцияның басқа балаларға жұғу қаупі артады.

Егер отбасында жедел респираторлық вирустық инфекция белгілері бар немесе ұзақ уақыт бойы жөтелетін адам болса, жасына сәйкес вакцинацияланбаған балалармен қарым-қатынасын шектеу қажет. Сондай-ақ бөлмеде жуғыш заттарды қолдана отырып, күнделікті ылғалды тазалау жұмыстарын жүргізу керек.

Халықты көкжөтелден қорғаудың және аурудың алдын алудың негізгі әдісі – вакцинопрофилактика. Көкжөтелге қарсы иммундау профилактикалық егулердің Ұлттық күнтізбесі аясында жүргізіледі.

Қазақстан Республикасында көкжөтелге қарсы вакцинация екі, үш және төрт айлық жаста жүргізілетін үш екпеден және 18 айда жасалатын ревакцинациядан тұрады. Сонымен қатар мектепке барар алдында, 6 жасында, көкжөтелге қарсы қосымша ревакцинация жүргізу де қарастырылған.

Есіңізде болсын, статистикалық мәліметтерге сәйкес, вакцинацияланбаған балалар вакцина алған балаларға қарағанда көкжөтелмен әлдеқайда жиі және ауыр ауырады. Вакцинация көкжөтелді жұқтыру қаупін барынша азайтады. Тіпті бала ауырып қалған жағдайда да, ауру әлдеқайда жеңіл өтіп, асқынулардың даму қаупі төмендейді.

Вакцинациядан бас тартпаңыз! Балаларыңызды көкжөтел инфекциясынан қорғаңыз!



Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы
Сурет: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
19 қараша 2026 ж. 69 0