Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Біз өнерге құштармыз

Біз өнерге құштармыз

Табиғатынан өнерге жақын қазақ жас­тарының талайды тамсандырып, таңдай қақтырып жүргенін естіп те, көріп те жүрміз. Оның ішінде мыңдаған таланттарды тудырған Сыр елінің перзенттерінің бойынан өнердің табылмауы мүмкін емес. Бала жастан жүрегіне өнер ұялаған ұл-қыздарымыздың, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балалардың қабілетін аша білу құптарлық іс. Бүгінгі күні осы игі істің бастамашысы болуға мүмкіндік тудырып жүрген жандардың қарасы көп.

Қазіргі таңда мемлекеттің ерекше жандарды қоғамның бір мүшесі ретінде қабылдауға жағдай жасап жатқанының өзі көңілге қуаныш ұялатады. Осы орайда жақында Жетікөл ауылында «Біз өнерге құштармыз» атты ауыл көлемінде мүмкіндігі шектеулі балалар арасында фестиваль өтті. «Бұлақ көрсең, көзін аш» жобасы аясында өткізіліп отырған бұл шараның негізгі мақсаты − балаларды өнерге баулу, шығармашылық қабі­леттерін дамытып, бойындағы ерекше дарынын ашу.

Фестиваль барысында жас өнерпаздардың бірі − Мұхаммад Жиенбай Сыр өңірінің мақтанышы, Қорқыт баба­мыздың суретін салса, Гүлдана Маратқызы атты бүлдіршін Абай Құнанбайұлының «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» атты жыр шумақтарын мәнерлеп жатқа оқып, көпшілікті сүйсіндірді. Ғани Маханбетжандай жас суретші «Күз» тақырыбынды пейзаж салса, Қарақат Әлібек М.Мақатаевтың «Үш бақытым» өлеңін оқыды, Бағым Жарылқасын сурет салумен қатар, Д.Әбілевтің «Туған тілім» өлеңін жатқа мәнерлеп оқыды. Шараға қатыс­қандарға диплом мен ынталандыру сыйлықтары табыс­талды. Бұл фестиваль балалардың бойындағы өнерін дамытуға берілген мүмкіндік болуымен қатар, уақыттарын тиімді өткізуге де өз септігін тигізді.

Бұндай байқаулардың тұрақты өткізіліп тұруы мүм­кіндігі шектеулі балалардың ынтасын арттырып, бойын­дағы қабілеттерін көрсетуге таптырмас мүмкіндік. Бала­ларды қоғамға бейімдеп, олардың да еліміздің тең құ­­қы­лы азаматы екендігін ұғындыруымыз қажет. Ортадан бөлі­ніп, назардан тыс қалмауын қадағалап, бойындағы өнерін көпшілікке жеткізуіне себепкер болу әрбіріміздің парызымыз.

Жұлдызай АНШАЕВА
14 қараша 2020 ж. 490 0