Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бас жүлде алды

Бас жүлде алды

«Барлығымыз бірдейміз» атты мүмкіндігі шектеулі балалардың өнері мен қолөнерін насихаттау мен дамытуға арналған аудандық байқау ауылдық мәдениет үйінің фоэесіне қойылған көрмеден басталды. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, көрмеде кент пен ауылдардан келген балалардың қолдан жасаған бұйымдары едәуір орынды алып тұрды. Нағилық жас Меруерт Кәрбозованың қолөнер коллекциясы көпшілік назарын еріксіз өзіне аудартады. Мұнда сан түрлі бұйымдар шеберлікпен жасалған.
Ауыл әкімдігі мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткізілген аудандық байқаудың екінші кезеңінде (бірінші кезеңде көрмемен танысты) мүмкіндігі шектеулі балалар сахнада кезекпен өнер көрсетті. Жетікөлден келген кіп-кішкентай жеткіншек Мұхаммад Жиенбай Мұқағали Мақатаевтың «Отан» өлеңін, іңкәрдариялық жасөспірім Қайрат Әбдіжаппар Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңін мәнерлеп жатқа айтып, көпшіліктің ықыласына бөленді. Шағандық Меруерт Әбдіразақова «Кукарелла» биін мың бұрала әсем биледі. Балалардың барлығы жақсы өнер көрсеткендіктен, қазылар алқасына шешім шығару оңай болған жоқ. Дегенмен «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, байқау қорытындысында тереңөзектік Бағдәулет Әбілдаұлы бас жүлдені жеңіп алды. Бірінші орынға шіркейлілік өнерпаз Альбина Сауранбай ие болса, екі екінші орынға қоғалыкөлдік Мейіржан Өмірзақ пен нағилық Әйгерім Бахуадин лайық деп танылды. Үш үшінші орынды бесарықтық Ұлболған Садырхан, қалжан ахундық Тұмар Мыңжасарова, асқарлық Меруерт Әділханқызы иеленді. Жеңімпаздар мен барлық қатысушыларға байқаудың бас демеушісі «Мағжан және К» ЖШС директоры, аудандық мәслихат депутаты Дархан Ерәлиев тағайындаған бағалы сыйлық тапсырылды.

Ш.НҰРСЕЙІТОВ
12 қазан 2019 ж. 666 0