Театр және көрермен
Қашанда адам өзің жоғалтып алмау мақсатында үнемі театрдан сабақ алып отыруы тиіс. Мақсатты түрде театрға баруды әдетке айналдыру кез келген адамның өмір шындығымен бетпе-бет келуіне себепкер болады. Тәрбиенің жанды көрінісін іштей сезіну арқылы көрермен бойындағы кемшілікпен күреседі. Себебі қоғамның, халықтың тұрмыс-тіршілігі сахна тілімен көпшілікке ұсынылады. Көне Грекиядан бастау алған театр өнері заман ағымына қарай жанрлық өзгеріске ұшырап, өзіндік көзқарасын қалыптастырып келеді. Осы ретте біз бүгін театр мен көрермен арасындағы өзара байланысты таразы өлшеміне салмақпыз.
Театр өнерінде шығарма кейіпкерінің өмірі көрерменнің көз алдында өріледі. Актер қай кезде де театр әліппесін жетік меңгеріп, сан алуан бағытты бір арнаға ұйыстырады. Сахна шымылдығы түрілгеннен бастап, кәсіби маманның әртістік шеберлігі көрермен алдында сыналады. «Театр – адамдарды туыстыратын шығармашылық отбасы» деп Шәкен Айманов айтқандай, қоғамның әр мүшесі – актер ойнаған образдың сахналық жиынтығы.
Бұл ретте танымдық тұрғыдан көпшілік талғамына орай сахналық образды қалыптастыру режиссердің тікелей міндеті. Шым-шытырық, трагедия, лирика, комедия, тұтастай ағартушылық бағыт, музыкалық және опералық, тарихи, рухани, әдеби-драмалық шығармада ең алдымен өмір шындығы көрініс табуы керек. Бұл орайда режиссер кәсіби маман ретінде тәжірибесіне сүйенеді. Сондықтан да әрбір шығарма мазмұны барлық жағынан жетілген сыншының сүзгісінен өтіп, көрермен алдына шығады. Мұндай тың ізденіс пен тынымсыз еңбек халықтың театрға деген қызығушылығын арттырады
Таразының екінші жағында орналасқан көрермен театрға баруға дайын болуы тиіс. Бүгінде күйбең тірлік тұқыртып, барынша мүмкіншілік туғызбай тұрғанда көпшіліктің уақыты тапшы. Жылдар бойы адамның ой-санасын ағартушылық бағытта тәрбиелеген майталман актердің өнерін бағалау көрермен еншісінде. Жаһандану үдерісінен кідірмей өтіп, алға қадам басып келе жатқан театр өнері өз аудиториясын қалыптастырды. Үнемі сахнаның әр жағындағы көпшіліктің қолдауы – шығармашылық адамын қанаттандырады.
Бірде театр сахнасында кезекті қойылым өтіп жатқан болатын. Бас-аяғы бір жарым сағатқа созылған спектакльде қазіргі қоғамның кемшіл тұсы жанды суреттелді. Залда жиналған көрермен ерекше толғаныспен актерлердің өнерін тамашалауда. Әр кейіпкердің өткені мен бүгіні сахнадағы актердің өз сұлбасын құрағандай әсер қалдырды. Қорытынды бөлімде көрерменнің қойылымға деген бағасы мен көзқарасы сұралды. Сонда бағанадан тамашалап отырған екі студент ортаға шығып, басты кейіпкерді айыптады. «Қойылым жастардың санасын теріс бағытта тәрбиелейді» деп баға берді. Басты рөлдегі актриса ортаға шығып, ең алдымен жастарға пікір білдіргені үшін алғыс айтты. Сонымен бірге өзінің бүгінгі образын дұрыс таңдалғанына аз-кем тоқталды.
– Мен күнделікті жұмыстан қайтар уақытта халық көп шоғырланған орталық көшемен жүремін. Үнемі алдымнан өзің секілді жастар жиі кездеседі. Үлкенді сыйлау тұрмақ, олардың көз алдыңда жасаған қылықтары адам ұялтады. Олардың орнына өзің жерге қарап өте шығасың. Дұрыс емес әрекеттеріне қысылмастан олар өз миссиясын сәтті орындап шығады. Мен сол бейнені сахнаға алып шықтым. Бұл көрініс сіздің тарапыңыздан қызу талқыға түскені менің кәсіби сахнадағы образым ашылғаны деді, – басты кейіпкер. Көрермен мен басты кейіпкердің диалогы әрқашан театр өнері еш құндылығын жоғалтпайтындығын дәлелдеді. Ал мыңдаған көрермен қойылымдағы түрлі оқиғаны өз пайымынша саралайды. Керегін алады.
Немістің танымал режиссері Михаил Тнельхаймер «New Times» газетіне берген «Егер қоғамда жара болса...» деген сұхбатында: «Егер қоғамның жаны жаралы болса, театр оны «бəрі жақсы болады» деген желеумен емдеуге тиісті емес, керісінше, сол жараны нұқып көрсетуі керек, қаттырақ айтсам, сол жарасына саусағын батыру керек. Ауырту керек. Сол кезде ғана театр көрермен алдындағы өз борышын өтейтіні анық» – дейді. Айтса айтқандай, актер көрерменді өз өнерімен тәнті қылып, қоғамды дұрыс бағытқа нұсқаса таразы басы теңеседі.
Балтабай ОРДАБЕКОВ