Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТЕАТР ПАДИШАСЫНЫҢ ІЗБАСАРЛАРЫ

ТЕАТР ПАДИШАСЫНЫҢ ІЗБАСАРЛАРЫ


Дархан дала сахнасында бо­йын­­дағы талантына ерік берген Сәбира Майқанова өмір жолы айтарлықтай тағылымға толы. Майқан төбе етегінде арманына қанат бітірген қыз жүрегі мен таланты уақыт өте келе театр әлеміне жетелеп әкелді. Қазақтың маңдайына біткен театр ханшайымы өз ауылы Қоғалыкөл атын жалпақ жұртқа танытты.
Текті топырақтан түлеген Сәбираның бойында асқан табиғи талант талай биіктерге шығарды. Сол жылдары өз өнерін халыққа таныту жолында өлшеусіз тер төкті. Сахнадағы образы арқылы көрерменді өмірдің ақ пен қарасын, жетістігі мен кемшілігін, жарқын сәттері мен аумалы-төкпелі уақытын, жақсы мен жаманның ара-жігін ажыратуға үйретті. Міне, рухты өнері және биік азаматтық болмысымен «Театрдың анасы» атанған аса көрнекті актриса Сабира Майқанованың туғанына 105 жыл толып отыр.
Келесі бағытымыз даңқты актрисаның туған ауылы Қоғалыкөл елді мекеніне зулап келеміз. Мұнда Қазақстан және КСРО халық әртісі, Еңбек, Қызыл Ту орденінің иегері Сәбира Майқанованың 105 жылдығына орай Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында «Сәбира апа ізімен» атты монолог орындаушылар арасында аудандық байқау өткізілді.
Шараны аудандық мәслихат депетутаты Сламбек Қаюпов пен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірбек Қожанов ашып, ауыл мақтанышы, театр саңлағы Сабира Майқанованың ғибратқа толы ғұмырына тоқталды. Бүгінгі күнге дейін талай адуынды алпауыттардың ауылы атанған Қоғалыкөлдің тарихынан сыр шертіп, көпшілікке мол мағлұмат берді. Бұдан кейін сахна төріне көтерілген кез келген талапкердің бойындағы мақтаныш сезімі, сол кісіге ұқсауға тырысқан жастар бойындағы ерекше өнерді байқағандай болдық. Олардың кейбірінің бойында актерлік шеберліктің ұшқыны байқалса, кейбірінде сахна мәдениеті мен ұстанымы сәйкес келмей жатты. Қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларынан үзінді орындаған талапкерлер қатарында сәкендік Аруна Ізімбет, аманкелділік Олжас Дүйсенов, шіркейлілік Ақерке Мұрат, тереңөзектік Әділ Ерғали, Жайна Дайрабайқызы, жетікөлдік Ақмаржан Бекенова, қалжанахундық Інжу Дүйсенғалиева, шағандық Данияр Әбішов, айдарлылық Ерсұлтан Шайхысламов, ақжармалық Гүлмайра Босатқанова, нағилық Аружан Әбдірахманова, қоғалыкөлдік Әсел Зулпар, Сәния Кәрім болды. Зал толы көрермен назарын аудартқан монолог оқушының әрқайсысы жанр ішінен кішкентай сезім түйсігінен қуат алатын сан түрлі образды аша түсті. Бір мезетте дауыс мәнері, актерлік шеберлігі, сөздің орынды шығуы, сезімге берілуі кәдімгідей көпшілікке әсер қалдырды. Қоғам өміріндегі шынайы оқиғаны жан тебіренісімен сәтті орындаған кейбір қатысушы көрермен есінде мәңгі сақталатындай. Әсілінде, қыз жүрегінің нәзіктігі, ер азамат бойындағы асқан қайраткерлік өзара үйлесім тапқан мезетте шығарманың тұла бойына терең бойлап кетесіз.
Тағылымды мол шараның мазмұнын аша түскен қатысушылар арасынан әділқазы мүшелері аудандық мәдениет үйінің директоры Н.Көшербаев, «Оңаша» әзіл-сықақ отауының жетекшісі Мінәш Ысқақ жеңімпаздарды анықтады. Байқау қорытындысында жүлделі ІІІ орынды Ерсұлтан Шайхысламов пен Жайна Дайрабайқызы, ІІ орынды Сәния Кәрім, І орынды Әділ Ерғали иемденді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

28 ақпан 2019 ж. 1 092 0